«КҮЗ БЕРЕКЕДЕН» ЖҮЛДЕЛІ ОРАЛДЫ

«Мереке» балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы өнер орталығының ұй-ымдастыруымен 2019 жылдың 11 қазан күні Алматы қаласында «Күз береке» балалар мен жасөспірімдер арасындағы Х республикалық ән-би байқауының шақыртуымен Ескелді ауданынан «Аяна» би ансамблі 50 оқушыдан құрылған кіші және жоғары топтарымен қатысып, ауданымыздың мәртебесін республика көлеміне тағы да асқақтатты. «Хореография» номинациясы бойынша қойылған екі биі бас жүлде дипломымен, кіші тобы I орын дипломымен және кубок-медальдарымен марапатталып, жүлдемен оралды.
Би — халқымыздың ежелден келе жатқан өнері. Бұл, әрине, зор шеберлікті талап етеді. Осы ретте қажырлы еңбегімен қазақ халқының би өнерін насихаттап, ерекше би қойылымдарымен жас таланттардың өнерін шыңдап, халықаралық деңгейге дейін көтеріп, мәдениетіміздің дамуына үлес қосып жүрген би ұжымының жетекшісі Жанар Бешенге, бүлдіршіндерінің қанаттарының қатайып, үлкен сахнаға шығуына қолдау көрсетіп жүрген ата-аналарына айтар алғысымыз шексіз.
«Өнерлінің өрісі – кең» демекші, алдағы уақытта би ансамбліне шығармашылық табыстар тілей отырып, әлі де алар асу, шығар белестері көп болсын демекпіз.
Ардақ КӨМЕКОВА