Мемлекеттік қолдау шаралары бойынша семинар-кеңес өтті

Жетісу облысының кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы өңірдің өңдеуші кәсіпорындарына мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау шараларына арналған семинар-кеңес өткізді.

Іс-шараға қатысуға «QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ, «QazTrade» және «QazTrade» Сауда саясатын дамыту орталығы», «KazakhExport» Экспорттық сақтандыру компаниясы даму институттарының өкілдері шақырылды.

Даму институттарының өкілдері жабдықтарды іске қосу-жөндеу жұмыстары, жабдықтарды монтаждау және шеф-монтаждау, үнемді өндіріс элементтерін енгізу, кәсіпорын қызметкерлерін оқыту, шетелдік мамандарды тарту бойынша шығындарды өтеу сияқты қолдау тетіктерін таныстырды.

Экспорттаушы және өнімін экспортқа шығаруға әлеуеті бар кәсіпорындарға шетелде өтетін халықаралық көрмелерге, бизнес – форумдарға және т.б. шараларға қатысу, Экспорттық акселерация бағдарламасына және Е-алаңдарына өз өнімдерін шығару туралы ұсыныс білдірілді. Сондай-ақ экспорттау шығындарының басқа да түрлерінің өтеуін қайтарып алу ұсынылды.

Сондай-ақ, тауар өндірушілер экспортты қолдаудың қаржылық сақтандыру шараларын ұсыну, шетелдік сатып алушының сенімділік деңгейін тексеру, кепілмен қамтамасыз етуде жеткіліксіз қаражатты банк арқылы қаржыландырылу мүмкіндігі және экспорттаушының айналым қаражатын толықтыру үшін жеңілдікпен қаржыландыру жолдарымен танысты.

Іс — шараға орта және шағын бизнеспен айналысатын облыстың 50-ден астам тауар өндірушілері, экспорттаушы кәсіпорындар мен экспортқа өнімін шығаруға әлеуеті бар кәсіпорындар, өңдеу өнеркәсібінде жобаларды іске асырушы кәсіпорындардың өкілдері қатысты.

2022 жылы облыс бойынша жүргізілген бірлескен жұмыстардың нәтижесінде «Темірбетон», «Метакон», «Жаркент крахмал-сірне зауыты» ЖШС өнімдерінің экспорттық танымалдылығын арттыруға кеткен шығындарын «QazTrade» АҚ өтеп берді.

«Қайнар АКБ» ЖШС, «Когер ЛТД», «Жаркент крахмал – сірне зауыты»  «KazakhExport» экспорттық сақтандыру компаниясынан мемлекеттік қолдау шараларын алды.

Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы өз тарапынан облыстағы кәсіпорындарға барып, мемлекеттік қолдау шаралары бойынша түсіндіру, жеке кеңес беру жұмыстарын жүргізді.

Атап айтқанда, басқарма мамандары тамақ өнеркәсібіне бейімделген «Тек Тау» ЖШС, «Жаркент крахмал — сірне зауыты», құрылыс индустриясы бағытында жұмысын жүргізетін «ТASUN» ЖШС, «Ақ Алтын Өнім», «АrtКz, «BARS TECHNOLODGIES», «АлмазКерамикс», «Алматы бояулары» ЖШС, жеңіл өнеркәсіппен айналысатын «Универсал», «Айсұлу тігін фабрикасы», «SofiМед» ЖШС), металлургия өнеркәсібіндегі «Электромарганец», «AF» ЖШС-не және т. б. кәсіпорындарға барды.

Жетісу облысының кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы