Дзюдо күресінен Талдыбұлақ ауылының ашық турнирі

Ауылымыздың спорттағы көк байрағымызды көкке көтеріп жүрген Бауыржан аға туралы айтпақпын.Ауылдың бағына қарай кез болған ағаның өмірі тек спортпен өріліп,шыңына жеткендей. Бауыржан Саяқбаев Бақтыбайұлы 1972 жылы 14 қарашада Кербұлақ ауданы Ш.Уәлиханов атындағы ауылда дүниеге келеді.1980 жылы мектеп табалдырығын аттаған ағамызды спортқа деген құлшынысын көріп, 1984 жылы Талдықорған қаласындағы Д.Рақышев атындағы мектеп-интернатына оқуға береді. Сол жылдан бастап дзю-до күресін таңдаған  бала сол екпінмен 1986 жылы Алматыда өткен Қазақстан біріншілігінде кіші жасөспірімдер арасында жеңіске жетіп, Қазақстан чемпионы атанады. 1988 жылы Алматы қаласында ересек жасөспірімдер арасында екінші рет Қазақстан біріншілігінің жеңімпазы атанады. Қатарынан алған қос жүлдесі спорт шеберіне үміткер атағына ие болғызды.

1990 жылы орта мектепті аяқтаған жас жігіт араға екі жыл салып Отан алдындағы борышын өтеп қайтады. Әртүрлі жұмыстар істеп жүріп Жетісу Мемлекеттік университетіне оқуға түседі. Қазіргі жұмысын қосымша алып жүріп, оқуды аяқтаған Бауыржан аға 2011 жылдан бастап біздің ауылға тұрақты жұмысқа орналасады. Спортты өзіне серік еткен ол ауыл балаларын күреске дайындай бастайды. Ауыз толтырып айтатын жетістіктері тым көп. Алғашқы ұшырған қарлығашы Сүйенішұлы Рақымды жасөспірімдер арасында өткен ҚР чемпионатында қола жүлдеге қол жеткізіп қайтады. Самбо күресінен Қазақстанның чемпионы атанып, «Спорт шебері» атағын  алады. Ғалимұратов Мирасты Жетісу облысы қазақ күресінен «Жас барысы» атағына ие болғызды. Дзю-додан ересек жастар арасында Алматы облысы чемпионы, Халықаралық турнирдің жеңімпазы  атанды.

Ауыл балалары мұнымен қалмады, қыздар арасынан шыққан Алғабекқызы Балжан  спортшымыз самбо күресінен ҚР күміс, қола жүлдегері атанды. Спорт шеберіне үміткер. Қаншама  спортқа ынталы жасөспірімдер дарынды балалар спорт интернатында оқып жүр. 15 бала спорт шеберіне үміткер болса, қалған 20 бала 1-2 разрядты орындап жүр. Ауылдан шыққан Құштар, Амина, Санжар, Ангелина Алматы облысының чемпионатының жүлдегерлері. Қазіргі таңда Жетісу облысының жүлдегері Байтұрғанов Ерасыл, Республика турнирінің жеңімпазы Рашидқызы Аруана  топ жарып жүр. Тізімдеп айта берсе қағазға симас дегендей , 15 баласы спорт шеберін қорғағаны бір төбе. Осы Бауыржан ағамыз ауылымызға спорт әлемін орнатты демей қалай отырамыз. Ауылымызға келген бақ. Салауатты өмір салтын жастарымыздың бойына сіңдіріп, өмірлерінің мәніне айналдырды. Мақтанбасқа болмайды.

Б.Адылқан,

Көкжазық ауылдық округінің жастар ісі жөніндегі әдіскер нұсқаушысы