Армысың, Әз Наурыз!

13-17.03 күндері №12 ППТК мекемеміздің аясында  «Наурыз-отбасылық мейрам» атты апталық жоспарға сәйкес іс-шара өтті. Алға қойған мақсатымыз: Әрбір баланың  бойына қазақтың  ұлттық киімін  насихаттау арқылы Отанға, Ұлтқа деген патриоттық сезімін оятып, Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мерекесі туралы түсінігін қалыптастыру.

Жоспарға сай «Ұлттық стиль» акциясына ата-аналар белсене қатысып, балалармен бірлесіп  ұлттық киімдерімен киінді. Арыстандай айбатты ұлдарымыз ұлттық киімде батырлардың сауыты мен оюлармен ойылып тігілген киімдерін киіп келді. Ал, ару қыздарымыз болса мың бұралып, тал шыбықтай билейтін әсем көйлектерін киіп сәнденді. 

Салт-дәстүрге байланысты көрме ұйымдастырылып, көрмеге арнайы түскиіз ілініп, оның ерекшелігімен балалар танысты. Түскиіздің шеті түрлі-түсті жіппен өрнектеліп кестеленген бір түсті матамен көмкеріледі. Ортасында үйлесімді мата салып киізбен астарлайды. Әр бәледен сақтасын деген ырыммен түскиіздің сол жағына биікке  үкінің қауырсыны ілінді. Әр үйдің іргесін ұстап тұрған ер азаматтың сауыты  және үйдің берекесін сақтайтын салиқалы ана екенін білдіретіндей камзол  ілінді.  Салт-дәстүр бойынша басы құралсын деп, — құрақ көрпелер төрге жиналды. Жақсылықтың нышаны деп, төріне төр көрпені салып, қазақ халқы қонақ-жайлы екенін білдіретін домалақ үстелдің  бетіне ақ дастарқан жайылып,  ұлттық тағамдарды тартуға арнайы астаулар алынды.  Әу, демейтін қазақ жоқ демекші ұлттық аспаптардан домбыра мен қобызда ескерілді.  Іс-шара барысында балаларға қазақтың ұлттық ойындары мен салт-дәстүрді көрсеттік. Кішкентай бүлдіршіндеріміздің  білек күшін сынға салып «Арқан тарту» ойынын ойнаттық. Сонымен қатар, балалардың қолының икемділігі мен мергендігін бәсекеге түсіруге «Асық лақтыру» ойынын жүргіздік.  Қазақтың көне ұлттық ойындарының бірі

«Теңге алу» ойыны да ескерілді. Бұл ойынның ерекшелігі мен қиындығына қарамастан кішкентай азаматтарымыз өз заманына сай аттың құлағында ойнайтынын дәлелдеді.  

Ерте заманнан келе жатқан қазақ халқымыздың салт-дәстүрі нәресте дүниеге келгеннен басталатынын кішкентай балаларға насихаттауға «Бесікке бөлеу» дәстүрін өткіздік. Дүниеге келген сәбидің жолы ақ болсын деп, тоғыз елдің қамын жесін деп, тоғызы түгел  ұйқысы тыныш  үстіне тоғыз жауып, әр заттың мән мағынасын түсіндіріп өттік. Нәрестені бесікке жатқызған соң,  «Тышты ма?» салты  өтті. Тышты ма? салты бойынша балалар қос-қостан тәтті  алып, би билеп  ән айтып ерекше қуанды. 

Салт-дәстүрді өткізген  сәтте көзінде нұры бар, езуінде күлкісі бар балаларды көргенде  «Қуанса -бала қуансын» деп іс-шарамызды сәтті өткіздік.

    «Жетісу облысының білім басқармасы» ММ

 Ескелді ауданының

№12 ППТК » КММ