«Асар»: Денсаулықты қалпына келтіру мен оңалту

Сегіз жылдан астам уақыт бойы Талдықорғанда «Асар» спорттық-оңалту орталығы жұмыс жасап келеді. Білікті мамандар кешенді оңалту тренажерлары мен жаттығулардың, емдік дене-шынықтыру және массаждың көмегімен тірек-қимыл аппараты бұзылған, омыртқа мен жұлын жарақатын алған азаматтарға оңалуға жәрдемдеседі.

Орталықтағы емдеу омыртқа мен буындарға жүктемені азайту, бұлшықет тепе-теңдігін қалпына келтіру, тамақтануды жақсарту, буынның шеміршек тінін күшейту мақсатында арнайы дайындалған тренажерларда емдік жаттығулар арқылы бұлшықеттің біркелкі дамуына бағытталған.

Ағымдағы жылдан бастап «Асар» оралығында мамандар оңалту емін көрсете алатын сырқаттар спектрі ұлғайды. Егер бұрын орталықта оңалту тек тірек-қимыл аппараты бұзылған, церебральды сал ауруы диагнозы қойылған және инсульттан кейінгі науқастарға жүргізілсе, енді осымен қоса остеохондроз, протрузия, грыжа диагнозы қойылған пациенттер де орталық қызметін пайдалана алады.

Айта кету керек, оңалту орталығында учаскелік дәрігер жолдамасы мен көрсеткіштер бойынша пациенттер МӘМС шеңберінде, емдеуге жатқызу бюросы арқылы ем ала алады. Орталыққа тек облыс тұрғындары ғана емес, Қазақстанның түкпір-түкпірінен де оңалтуға келеді. 2023 жылдың басынан бері 50-ден астам адам оңалтудан сәтті өтті. Солардың бірі Мамырхан Қабылбеков:

«2021 жылы жарақат алып, ауруханаға түстім. Операция жасалды және алғашқы 3 айда төсек тартып жаттым. Мен өзімнің учаскелік дәрігерімнің ұсыныстары мен жолдамасы бойынша «Асар» оңалту кешеніне жүгіндім. Осымен мұнда үшінші рет емделуге келіп отырмын. Мамандардың еңбегінің арқасында аяққа тұрдым. Басында арбамен, содан кейін тірек жүргізгіш арқылы қозғалып, ал қазір балдақтың көмегімен жүремін. Орталықтың барлық дәрігерлері мен қызметкерлеріне алғыс айтамын».

«Асар» спорттық-оңалту орталығының дәрігер-реабилитологы­ — Ғалия Мырзашева:

«Бұл пациент МӘМС шеңберінде емдеуге жатқызу бюросы арқылы күндізгі стационарда оңалту емін алды. Өткен жылы біздің орталықта екі кезең емдеуден өтіп, қазір оңалтудың үшінші кезеңін өтуде. Біздің басты міндетіміз — тірек арқылы жүруді үйрету, киіну мен өз-өзіне қызмет жасау дағдыларын қалпына келтіру, әл-ауқатты жақсарту. 21 күн бойы емдік дене-шынықтыру, аяқ-қолына жеке массаж, сондай-ақ тренажерларда жаттығу өткізілді. Жүргізілген емдеуден соң науқастың физикалық жағдайы жақсарды, аяқтарындағы бұлшықет күші артып, тонусы төмендеді, ұсақ моторикасы күшейді».

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры»

КЕАҚ Жетісу облысы бойынша филиалы