Өнер қайраткері

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Таубай Әбешбайұлының туғанына 85 жыл толуына орай

Таубай Әбешбайұлы 1938 жылы Жамбыл облысы, Көктерек ауданы Коминтерн ауылында дүниеге келді.

 Таубай Әбешбаевтың тұрмыс тығырығы, өмір бұрылыстары ерте есейтті, соғысқа аттанған әкесі оралмады, анасы ауыр науқастан қазадан ол өзінің құлазыған көңілін айнымас серігі домбыра жұбатты. Әкеге, анаға деген сағыныш, өтелмеген перзенттік борыш жанын сыздатып, уілдеген үн тудырып, ыңылдаған әнге ұласатын. Мектеп-интернатқа  келгеннен-ақ оның көңілінде бір үлкен серпіліс пайда болды. Ол мектеп сахнасында қойылған  пъесаларға қатыса жүріп, режиссерлікке құмарта бастады. Мектепті бітірген соң аудандық мәдениет үйіндегі көркемөнерпаздар үйірмесінен бастайды.

    1961 жылы Жамбыл қаласындағы мәдени-ағарту оқу орнының сырнайшылар бөліміне түсіп,  арнайы жолдамамен Алдабергенов ауылының Халық театрында қызмет атқарды. 1968 жылы  осы театрдың режиссеры болып тағайындалды.

    Таубай Әбешбайұлы сахнаға шығарған әр спектакльдің өзіндік өрнегі бар режиссерлік тың шешімдерге бай. Ол Евгений Брусиловскийдің «Ер Тарғын» операсын сахнаға шығарып, республикалық халық театрлары фестивалінің лауреаты атанды. «Біржан-Сара» операсынан жүлделі орынға ие болды.Өнер қайраткердің сахнаға шығарған тұңғыш еңбегі С.Суханберлиннің «Айгүл» пъесасынан басталған сәтті қадамы терең ізденістерге ұласқан. Содан бері сахнаға «Жалбыр», «Қыз-Жібек», «Айман-Шолпан», «Қозы-Көрпеш – Баян сұлу» сияқты әйгілі спектакльдерден бастап, Ә.Тәжібаевтың «Майра», Т.Ахтановтың «Боран», Т.Қабышевтың «Гауһар», Ш.Құсайыновтың «Алдар-көсе», сондай-ақ С.Адамбековтың бірнеше комедиялық пъесалары, С.Жүнісовтың «Қос Анар» және «Ажар мен ажал» спектакльдері ауыл сахнасына көрсетіліп, Таубай Әбешбаевтың еңбегін жоғары бағаланып, 1974 жылы «Қазақ Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері» деген атақ берілді.

    1976 жылы  Целиноград қаласында өткен Бүкілодақтық байқауында сол жылдары республика бойынша 7 халық театры болған соның ішінен Таубай Әбешбаев басқарған халық театры ұжымы І-ші орын мен фестивальдың  үлкен Алтын медалімен марапатталынып, « Қыз-Жібек» спектаклінде кейіпкерлерді сомдаған 34 адамға түгелдей «Лауреат» деген атағы беріліп, кеуделеріне төсбелгілерін тақты. Өмірі өнермен өрнектелген Таубай Әбешбаев әнді де шебер орындайтын. Оның қаламынан туған  әндері жұртшылыққа да әп- сәтте кеңінен тараған. Атап айтсақ: «Келші баққа», «Жетісудың аруы», «Жылқышы қыз», «Қызылшашы қарындас» әндері өз замандастарына, еңбек адамдарына арналған. Ән орындау да, Таубай Әбешбаевтың өз белесі бар. Жеке орындауда екі мәрте республикалық байқаудың лауреаты атанды.

  Осындай өнерді бойына дарытқан өнер қайраткері Таубай Әбешбаевтың туғанына 85 жыл толуына орай туралы «Өнер қайраткері» атты тақырыптық көрме ұйымдастырылды. Көрмеге  Таубай Әбешбайұлының музей қорына сыйға тапсырылған өзі қолданған аспаптары, марапатттары, фотосуреттері келушілердің назарына ұсынылды.

   Ж.Ахатаева.

   Н.Алдабергеновтың мемориалды музейінің экскурсия жүргізушісі