Мемлекеттік қызметтегі тың өзгерістер

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің «ӘДІЛЕТТІ МЕМЛЕКЕТ. БІРТҰТАС ҰЛТ. БЕРЕКЕЛІ ҚОҒАМ» атты Қазақстан халықына Жолдауында еліміздің дамуы жаңа кезеңге қадам басқанын, бұл ретте жүргізілген Конституциялық реформаның Жаңа, Әділетті Қазақстанды құру жолындағы аса маңызды қадам болғанын атап өтті.

Мемлекет басшысы әрдайым қоғам игілігіне арналған қызмет деңгейінің жоғары болуына баса назар аударып, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын айқындап берген болатын. Бір айта кетерлігі, Президенттің бұл тұжырымдамасы көптеген мәселеге қозғау салып, қоғам тарапынан қолдау тауып келеді. Сонымен бірге, өткен жылы Мемлекет басшысы Мемлекеттік аппараттың қызметін бюрократиядан арылту туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл өз кезегінде  мемлекеттік органдардың азаматтармен, бизнеспен және бір-бірімен өзара іс-қимыл жасауы жеңілдетіледі. Сол сияқты, Мемлекет басшысының Жолдауында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігін толыққанды стратегиялық HR-институт етіп қалыптастыру туралы тапсырмасына сәйкес бірқатар ұсыныстар мен тәсілдер әзірленді. Оның ішінде, Агенттіктің рөлі және оның мемлекеттік органдармен өзара қатынасы өзгереді. Агенттіктің назары мемлекеттік органдардың операциялық кадр қызметін сүйемелдеуден, персоналды басқару, іздеу, «тұрақтандыру» және дамыту мәселелеріне ауысады. Мемлекеттік органдардағы кадр қызметтерінің рөлі ұлғаяды. Кадрлық қызметтер өз органдарында HR-стратегиясын жоспарлайды және оларға кадрлық шешімдер қабылдау құқығын беру ұсынылады. Мемлекеттік қызметтегі HR-құралдар қайта қарастырылады. Атап айтқанда, мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талаптар мен құзыреттерді, оларды бағалау және оқыту жүйелерін және әдеп жөніндегі уәкілдің қызметін қайта қарастыру ұсынылады.

Мемлекеттік қызмет – халық пен билік арасындағы көпір ретінде қоғам тарапынан артылатын үлкен сенімді білдіреді. Сенім үдесінен шығу заман талабы. Қазіргі уақытта, мемлекеттік басқару құрылымын жетілдіру және кемшіліксіз қызмет көрсету үрдісін дамыту мақсатында біршама маңызды жобалар іске асып, әр саладағы қатынастарды анықтайтын заңдар қабылдануда. Бұл қадам мемлекеттік қызметке деген сенімді арттыруға бағытталған және ашықтық қағидатын қамтамасыз етудің айқын көрінісі болады.

Өткен жылы Президенттің «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысының кейбір мәселелері туралы» Жарлығына сәйкес Жетісу облысы Алматы облысының құрамынан бөлініп шыққаны белгілі. Жаңа облыстың құрылуымен облыстық деңгейдегі мемлекеттік органдар мен мекемелер жаңадан құрылды. Тиісті әкімшілік-ұйымдастырушылық шаралармен байланысты құжаттар қабылданып, облыста мемлекеттік аппараттың кадрлық құрамы жасақталды.

Былтырғы жылы Жетісу облысында мемлекеттік қызмет, мемлекеттік қызметтер көрсету салаларындағы функцияларды іске асыру, осы бағыттағы Агенттіктің тапсырмаларын орындау, сондай-ақ стратегиялық көрсеткіштерге қол жеткізу мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылды.

Мемлекеттік қызмет бағыты бойынша

Бүгінгі күні Жетісу облысында мемлекеттік қызметшілердің штат саны 3538 бірлік болып бекітіліп, оның 1819 бірлігі жергілікті атқарушы органдарға, ал 1719 бірлік орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелеріне тиесілі.

Облысымызда мемлекеттік қызметтегі әйелдердің үлесі 50,4%, оның ішінде басшылық лауазымдарда 26% әйел азамат еңбек етеді.

Мемлекеттік қызметтегі жоғары білімі бар қызметшілердің үлесі 92,3%. Сондай-ақ, облыста «Болашақ» бағдарламасының 2 түлегі, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы мемлекеттік басқару академиясының 6 түлегі еңбек етеді. Президенттік жастар кадр резервінен 1 азамат басшылық лауазымға тағайындалды.

Қызметшінің жеке сіңірген еңбегін бағалай отырып қызмет бабында ілгерілетуге негізделген меритократия қағидатын қатаң сақтау басты назарда. 2022 жылы жергілікті атқарушы органдармен өткізілген ішкі конкурстар нәтижесінде жеңімпаз атанған 74 қызметшінің 51 (68,9%) төменгі лауазымдардан жоғары лауазымдарға тағайындалды.

Қолданыстағы заңнамаларда мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау және біліктілігін арттыру курстарынан өткізу талабы бекітілген. Заң талаптарына сәйкес 2022 жылы облыстағы 509 мемлекеттік қызметші оқыту курстарынан өтті.

Мемлекеттік қызметке алғаш келген азаматтар алғашқы үш ай ішінде сынақ мерзімінен өтеді. Осы уақыт аралығында олардың қызметке бейімделуі үшін тәжірибесі мол қызметкерлердің ішінен тәлімгер бекітіледі. Тәлімгер жас маманның жаңа қызметке бейімделуіне, ұйымның қоғамдық жұмыстарына араласыуына жәрдем береді, сондай-ақ, функцияларын меңгеруге көмектеседі. 2022 жылы облыс бойынша мемлекеттік қызметке келген 108 жас маманға тәлімгерлер бекітіліп, барлығы қойылған сынақ мерзімінен сәтті өтті.

Мемлекеттік қызмет көрсету бағыты бойынша

Жетісу облысының жергілікті атқарушы органдарымен жалпы  мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің 295 түрі көрсетіледі. Оның ішінде, 276 қызмет түрі электрондық үкімет порталы арқылы, 12 қызмет мемлекеттік корпорация арқылы, ал 7 қызмет тікелей мемлекеттік органдар арқылы көрсетіледі.

Өткен жылы барлығы 1 516 207 қызмет көрсетілген. Оның ішінде:

— электронды түрде – 1 430 694 немесе барлық көрсетілген қызметтің 94,4%.

— қағаз түрінде, яғни қызмет берушіге тікелей жүгіну арқылы – 9 672 қызмет (0,6%).

— мем.корпорация арқылы – 60 753 (4%) мемлекеттік қызметтер көрсетілді.

Жалпы, Қазақстан Респуликасы мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жетісу облысы бойынша департаментімен және облыстың аудан, қала әкімдіктерімен 987 түсіндіру іс-шаралары ұйымдастырылып 230 мың адам қамтылды, 8 мыңнан астам көрнекі материалдар таратылды, теледидарда 13 репортаж, мемлекеттік қызметтерді насихаттау бойынша 27 бейнеролик түсірілді, БАҚ беттерінде 94 ақпараттық материалдар жарияланды.

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы мемлекеттік басқару академиясының облыстық филиалымен бірлесіп мемлекеттік қызмет көрсетуге жауапты қызметшілерге арналаған «Ең алдымен адамдар» арнайы бағдарламасы бойынша 45 мемлекеттік қызметші оқыту курстарынан өтті. Бұдан бөлек, қызмет көрсету сапасын жақсарту мақсатында халыққа қызмет көрсету орталықтарында 38 қоғамдық қабылдау жүргізілді.

Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау бағыты бойынша

 Уәкілетті орган ретінде Департамент Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнаманы бұзу, мемлекеттік қызметшілердің қызметтік этиканы сақтауы, азаматтардың мемлекеттік қызметшілердің әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) қатысты шағымдарын, сондай-ақ қабылдаған шешімдеріне қатысты заңнама талаптарының сақталуына бақылау жүргізеді.

2022 жылы Әдеп жөніндегі кеңеспен 3 отырыс өтіп, 22 мәселе қаралды. Оның 11 тәртіптік іс.

Әдеп жөніндегі кеңес шешімі негізінде мемлекеттік орган басшыларымен Әдеп кодексі талаптарының бұзылу деректері бойынша 4 тәртіптік жаза қолданылды, мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтар жасағандары үшін 6 тәртіптік жаза қолданылды. Әдеп жөніндегі кеңеспен жалпы 138 ұсыным жолданып, барлығы орындалды.

Жалпы, Қазақстан Респуликасы мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жетісу облысы бойынша департаменті тарапынан әдеп кодексінің нормаларын, қашықтықтан және аралас режимді, жұмыстың икемді кестесін енгізу бойынша, сондай-ақ еңбек заңнамасын қатаң сақтау, оның ішінде үстеме жұмысқа негізсіз тартуға жол бермеу мәселелеріне қатысты түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Сонымен қатар, жүргізілетін жоспардан тыс тексеру және профилактикалық бақылау жұмыстары барысында да түсіндіру жұмыстарын жүргізу тәжірибесі енгізілген. Осылайша, өткен жылы 50 мемлекеттік органдарда түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Мысалы, әдеп кодексіне сәйкес, мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебі адал ниеттілік, адалдық, әділдік, ашықтық, сыпайылық, клиентке бағдарлану қағидаттарына негізделеді.

Сонымен қатар Департамент қызметкерлерімен Жетісу облысының Әдеп жөніндегі уәкілінің және Әдеп жөніндегі кеңесінің мүшелерінің қатысуларымен ауылдық және аудандық деңгейдегі еңбек ұжымдарымен 7 кездесу және азаматтарды жеке қабылдау ұйымдастырылды.

Аталған бағыттардағы жұмыстар биыл да өз жалғасын тауып, тиісті шаралар атқарылып келеді.

Еліміздің мемлекеттік қызмет жүйесі дамудың бірнеше кезеңінен өтіп, өзіндік моделін қалыптастырып келеді. Қазіргі таңда мемлекеттік органдар қызметіндегі тиімділік, нәтижелілік, ашықтық, азаматтардың мемлекеттiк қызметке қол жеткiзуге тең құқығы, мемлекеттiк қызметке кiрудiң ерiктiлiгi сияқты қағидаттарды қамтитын «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы» заңы саладағы құқықтық қатынастарды реттейді. Бір айта кетерлігі, уақыт талабына сай заң нормалары жетілдіріліп, өзгерістер мен толықтырулар енгізілуде. Өзгерістер заңның практикалық қолданылуы мен дамыған елдердің тәжірибелерін зерделеу нәтижесінде орын алатыны сөзсіз.

Өткен жылдың соңында Мемлекет басшысының артық кедергілерді жою және мемлекеттік қызметтің қолжетімділігін қамтамасыз ету туралы тапсырмасы негізінде жаңа тәсілдер әзірленіп, аталған заңға 2022 жылдың 30 желтоқсанында өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

Біріншіден: мейлінше тәжірибелі үміткерлер қатарынан «Б» корпусының басшылық лауазымдарына уәкілетті органның келісімімен конкурстық іріктеусіз тікелей тағайындау мүмкіндігі беріліп отыр.

Екіншіден: елорданы қоспағанда, жергілікті органдарға жекелеген лауазымдарға Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының жоғары үлгерімін көрсеткен түлектерді оқуды бітіргеннен кейін бір жыл ішінде конкурстарсыз тағайындау тетігі енгізілді.

Үшіншіден: аудандық және ауылдық деңгейдегі төменгі лауазымдарға мемлекеттік тапсырыс шеңберінде оқыған, сондай-ақ жоғары үлгерім көрсеткен қазақстандық жоғары оқу орындарының түлектерін оқыту аяқталғаннан кейін бір жыл ішінде конкурссыз тікелей тағайындала алады. Бұл білікті жастарды мемлекеттік қызметке кіруге ынталандыруға, жас мамандардың аудан мен ауылдық аймақтарға оралуына, сонымен қатар өңірлердегі кадр тапшылығын азайтуға септігін тигізіп, мемлекеттік қызметке кіруді жеңілдетеді.

Сонымен қатар, меритократия қағидаттары бойынша бағалау қорытындылары бойынша мемлекеттік қызметшілердің неғұрлым икемді мансаптық ауысуы көзделген. Өзгерістер мен толықтырулар алдағы уақытта мемлекеттік қызмет секторындағы істің ілгерілеуіне үлкен серпіліс береді. Бұған қоса, бағалау нәтижесінде екі тоқсан бойы тиімсіз деп бағаланған қызметшілердің лауазымы төмендетіледі, ал төменгі бос лауазым болмағанда – қызметтен шығарылады. Бұл аппаратты тиімсіз мемлекеттік қызметшілерден босатуға ықпалын тигізіп, мемлекеттік қызметтен шығу тәртібін жеңілдетеді.

Сондай-ақ, мемлекеттік қызметке азаматтарды іріктеу де жаңа тәсілдерге негізделетін болады. Биылғы жылдың наурызынан бастап республика бойынша 5 мемлекеттік органда жаңа тәсіл апробациядан өтеді. Бос лауазымдарға конкурстарды өткізу хабарландыру жариялау, ниет білдірген қатысушылардың құжаттарын қабылдау, кандидаттардың заңнаманы білуге арналған тесттен өтуі, жеке қаситеттерін бағалау, сандық және мәтіндік ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін анықтау, сарапшылық комиссиядан әңгімелесуден өту және конкурс қорытындысын шығару сияқты жүйелі кезеңдерден тұрады. Ал, 2024 жылдан бастап бұл тәсіл барлық мемлекеттік органдарда енгізіледі.

Мемлекет басшысы Үндеуінде «Мемлекеттік қызметкерлер барынша ашық жұмыс жүргізіп, халыққа шынайы есеп беруі керек. Мемлекеттік қызмет дегеніміз – жеке бастың бақ-дәулетін арттыратын жер емес. Бұл – туған халқыңның алдында айрықша жауапкершілік арқалау деген сөз» деп атап өткен болатын.

Жалпы айтқанда, елдің ең басты тірегі, оның идея¬сы мен саясатын дамытатын – мемлекеттік қызметші. Сондықтан, еліміздің қоғамдық-саяси тұрақтылығы мен әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту жолында барлық күш қайратымызды жұмсап, абыроймен қызмет ету – мәртебелі мерейлі міндет, мемлекеттік қызмет саласындағы оң өзгерістердің болуына әрбір мемлекеттік қызметшінің үлесі барын атап өтуге болады.

Қобылан Манап,

Қазақстан Республикасы  Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жетісу облысы бойынша департаментінің басшысы