Бүгін Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев 8 Наурыз мерекесіне орай салтанатты қабылдау өткізді. Салтанатты жиынға медицина, білім беру, спорт, мәдениет, әлеуметтік қорғау, ауыл шаруашылығы, ТҮКШ, қызмет көрсету т.б. салалардың, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, іскер әйелдер, көп балалы аналар, жалпы саны 500 әйел қатысты. Сахнада көп балалы аналарға «Алтын алқа», «Күміс алқа» табысталып, бірқатар әйел-аналар облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Мерекелік құттықтау сөзінде Бейбіт Исабаев әйелдердің отбасындағы, қоғамдағы рөліне ерекше тоқталды. Сөзінің басында :
— Ана қашанда ел-жұрттың бірлігін, ағайынның татулығын, ұрпақтың саулығын ойлаған. Әйел – ұлт ұстыны, отбасының ұйытқысы. Ал отбасы қай кезде де мемлекеттің тірегі, өзегі, рухани, мәдени дәстүрлерді сақтаушы, ұрпақтар сабақтастығын жалғастырушы. Жетісу өлкесінде кешегі Зылиха Тамшыбаева, Бәтима Сақауова, Алтынай Есболатова сияқты тарихи тұлғалардың, ардақты аналардың жалғасты дәстүрі жаңа заманда да үзілген жоқ, — деді облыс әкімі.
Бейбіт Исабаев осы салтанатта белгілі актер Әлімғазы Райымбековтің аяулы жары Айтжанқызы Гүлжауар апаның есімін ерекше атап өтті.
— Бүгін арамызда 10 бала, 22 немере, 23 шөбере тәрбиелеп отырған, белгілі актер, «Тақиялы періште» фильміндегі Тайлақ рөлімен көптің сүйіспеншілігіне бөленген, күні кеше ғана өмірден озған жерлесіміз, Әлімғазы Райымбеков ағамыздың асыл жары Айтжанқызы Гүлжауар анамыз отыр. Әлімғазы ағамызға Бикен Римова, Әмина Өмірзақова аналарымыз бүкіл Алматыны аралап, елдің сан қиырынан келген сұлулардың арасынан қалыңдық іздеп жүріп, бәрібір таңдауы Гүлжауар апамызға түскен екен. Екеуі жарты ғасыр өмірдің қызығын да, қиындығын да бірге көріп, үлгілі отбасы болды. Қазір Райымбековтер үлкен әулетке айналып отыр. Бүгін залда отырған Гүлжауар апамызға лайықты құрмет көрсетсек деймін. Мына ақ орамалды Бикен, Әмина апалар Тайлақ-Әлімғазы ағаның қалыңдығына жапқысы келген ақжаулық деп қабыл алыңыздар, — деп Бейбіт Исабаев өзінің ыстық ықыласын білдірді. Көп балалы анаға құрмет көрсетіліп, орамал жабылып, камзол кигізілді.
Сонымен қатар облыс басшысы Социалистік Еңбек Ері Күләш Айтжанова, Қазақстанның Халық әртісі Алмахан Кенжебекова, еңбек ардагерлері Несіпжамал Баймадиева, Әлихан Ыдырышева, Дина Нұрғалиева, Роза Ақжаркенова, Райхан Серғазынова, Майра Омарова сияқты бүкіл саналы ғұмырын адал еңбекке, қалтқысыз қызмет етуге арнаған алдыңғы толқынның тағылымды жолын жас буын жарасты жалғастырып келе жатқанын атап өтті.
Сол сияқты өз сөзінде осы залда отырған ТАТЭК-тің электр жөндеушісі Сәуле Исаева, «Текелі энергокешені» серіктестігінің химиялық талдау лаборанты Галина Костылева, Өрт сөндіру және авариялық құтқару қызметінің диспетчері Сахида Қасымова секілді кәсіби мамандардың еңбек құндылығын дәріптеуге үлкен үлес қосып жүргенін тілге тиек етті.
— Әлемді ұстап тұрған мейірім екенін сезімтал болмысымен, аналық жүрегімен айғақтаған облыстық мүгедектер қоғамының төрайымы Әсел Бәрібаева мүмкіндігі шектеулі балалар үшін адаптивті жүзу және бочча спорт үйірмесін ұйымдастырып, жүргізіп отыр. Оған қоса ол ерекше балаларға арналған ағылшын тілін үйрету кабинетін ашты. Көксулық Сағираш Хамитқызы Түркиядағы жойқын зілзаладан зардап шеккендерге 30-дан астам киіз үй жөнелткен игі істің басы-қасында жүрді. Айсұлу Шарипова, Әсем Нұртуғандай еріктілер қатарындағы қаншама белсенді қыздарымыздың дәнекер болуымен ондаған жалғыз басты аналарға, өмірдің қиындығынан қажыған жандарға қайырымдылық қорларының шапағаты тиіп, жәрдемі берілді, — деп қоғамдағы белсенді аналарға ризашылығын білдірді. Оған қоса желтоқсан оқиғасына қатысушыларға, қаңтар оқиғасы кезінде қызмет бабында жүріп мерт болған азаматтардың, ауған соғысында қаза болған жандардың жарлары мен аналарына алғыс айтты.
— Жаңа Қазақстан, әділетті қоғам құру жолындағы Президенттің игі бастамаларының мәнін үстірт ұғынбай, оның байыбына барып, терең түйсіну, қоғамның, адамның, сананың жаңғыруына деген сенімді орнықтыру, көпшіліктің күткен өзгерісін шын мәнінде жүзеге асыру – әрқайсымыздың міндетіміз. Бұл орайда әйелдер қауымына артылар жүк жеңіл емес. Әйел – күллі тіршіліктің кіндігі. Оның санасы жаңғырса, әлемнің санасы бірге жаңғырады. Аналардың дүниетанымындағы өзгерістер ерлерді де, ұрпақты да оң өзгеріске бастайтын ұлы күш деп білемін. Сіздерге көктемнің шуақты күніндей көтеріңкі көңіл, бейбіт те берекелі өмір, шаңырақтарыңызға шаттық тілеймін, — деп ізгі тілегін білдірді Бейбіт Исабаев.
Баяндамада айтылғандай, өткен жылдың өзінде облысымызда 400-ге жуық әйел мемлекеттік грант есебінен жеке бизнесін ашып үлгерген. Солардың ішінде жас та, жігерлі көп балалы аналардың белсенділігі көңіл қуантады. Жалпы біздің облыста 10 мыңнан астам «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері бар.
Бүгінгі жиында да 7 көп балалы анаға «Алтын алқа», «Күміс алқа» тапсырылды. Сол сияқты бірқатар әйелге облыс әкімінің Алғыс хаты берілді. Марапат алғандар арасында пауэрлифтинг бойынша Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорттық даярлау орталығының спортшы-нұсқаушысы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, Рио-де-Жанейро Паралимпиадасының күміс жүлдегері, Әлем Кубогының чемпионы Раушан Қойшыбаева, ТАТЭК АҚ-ның №48 Бақтыбай қосалқы станциясының электр жөндеушісі Сәуле Исаева, «Айналайын» балалар үйінде 25 жылдық тәрбиешілік еңбек өтілі бар Салтанат Майсаранова, Үштөбе станциясының тасымалдау құжаттарын өңдеу операторы Назима Ахметбаева және басқа да нәзік жандар бар. Салтанатты шара мұнан әрі мерекелік концертпен жалғасты.
Жалпы осы күні Текелі қаласы мен Көксу ауданының әкімдіктері әйелдерді құттықтау рәсімі жағынан ерекше көзге түсті. Мәселен, әр түрлі салада жұмыс істейтін 1000 әйелді екі күн бойы моноқала әкімі Алмас Әділ өзі арнайы барып құттықтап, 3 мың көктемгі қызғалдақ табыстады. Тағы 2000 әйелді Көксу ауданының әкімі Марлен Көлбаев құттықтап, дәрігерлерді, мұғалімдерді, мектепке дейінгі мекемелердің, кәсіпорындардың қызметкерлерін, көп балалы аналарды, жұмыспен қамту орталықтары арқылы әр түрлі салада еңбек етіп жүрген азаматшаларды, шаруа қожалықтарының қызметкерлерін және тағы да басқа әйелдер қауымын құттықтады. Бұл әйел-аналардың барлығына М.Көлбаев ісін жаңа бастаған кәсіпкер, мұқырылық көп балалы ананың өз қолымен өсіріп отырған альстромерия мен қызғалдақтарынан жинақталған гүл шоқтарын табыстап, сол арқылы жергілікті бизнеске қолдау білдірді.
Ал Панфилов ауданында жергілікті меценаттар мен кәсіпкерлер төрт бала тәрбиелеп отырған жалғызбасты анаға үй сыйлады. Шолақай ауылында тұратын отбасы бұған дейін апатты үйді мекен еткен. Енді олар көктемгі мерекені 12 сотық жер учаскесі бар, барлық қажеттіліктермен жабдықталған үлкен 7 бөлмелі үйде қарсы алады.