Мемлекет басшысы Премьер-Министр Әлихан Смайыловты қабылдады

Президентке еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы және 2023 жылға арналған республикалық бюджеттің параметрлерін нақтылау мәселелері баяндалды.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа әлемдік экономиканың өсіміне қатысты болжамдардың, сондай-ақ осы жылға арналған макроэкономикалық көрсеткіштердің бұған дейін мақұлданған деңгейде сақталып отырғаны жөнінде мәлімет берілді. Қазақстанның ЖІӨ-нің нақты өсімі 4 пайыз, ал мұнай бағасы барреліне 85 доллар болады деп жоспарланып отыр.

Премьер-Министрдің айтуынша, бюджет шығыстарын ішкі қайта бөлу және бюджет түсімдерін арттыру есебінен 2,2 триллион теңгені нақтылау жоспарланып отыр. Осы ретте шағын және моноқалаларды дамытуға, «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асыруға, елді мекендерді газбен қамтамасыз етуге, жылумен қамту жүйелерін салуға және реконструкциялауға, азық-түлік қауіпсіздігін сақтауға, сондай-ақ ауыл халқын жаппай жұмыспен қамту үшін жағдай жасауға қосымша қаржы бөлу көзделген.

Көлік инфрақұрылымы мен логистика саласын дамыту үшін жолдар салуға және реконструкциялауға қаржы бөлу, пойыздарды жаңарту, жолаушылар вагондарын сатып алу жоспарланған. Сонымен қатар өңдеу өнеркәсібіндегі ірі жобаларға, елдің қорғаныс қабілеті мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін армияны жаңғыртуға және әскери қызмет жағдайын жақсартуға қосымша қаражат бөлу көзделіп отыр.

Кездесу соңында Президент елдің дамуына әлеуметтік-экономикалық тұрғыда барынша оң ықпал  ету мақсатында бюджет қаражатының жұмсалуына бақылауды күшейтудің маңыздылығын атап өтті.

akorda.kz