Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жетісу облысы бойынша Департаментінің 2022 жылғы қызметінің қорытындылары мен мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамаға енгізілген өзгерістер туралы

А.ж. 24 ақпан күні Jetysu media өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жетісу облысы бойынша департаментінің басшысы Манап Қобылан Тоқбергенұлының қатысуымен «Департаменттің 2022 жылғы қызметінің қорытындылары мен мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамаға енгізілген өзгерістер туралы» тақырыбында баспасөз конференциясы өткізілді.

Брифинг барысында Қ.Манап «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» заңына енгізілген өзгерістерге тоқталып өтті.

Біріншіден, мемлекеттік тапсырыс негізінде (грант) жоғары оқу орындарын үздік нәтижелермен аяқтаған түлектерге бір жыл ішінде аудандық, ауылдық деңгейдегі төменгі лауазымдарға конкурстық іріктеусіз уәкілетті органның келісімін ала отырып тікелей тағайындалу мүмкіндігі берілді.

Бұл білікті жастарды мемлекеттік қызметке ынталандыруға, жас мамандардың аудан мен ауылдық аймақтарға оралуына, сонымен қатар өңірлердегі кадр тапшылығын азайтуға септігін тигізіп, мемлекеттік қызметке кіруді жеңілдетеді. 

Екіншіден, «Б» корпусының бірқатар жоғары лауазымдарына (мысалы: департамент басшысы, басқарма басшысы) уәкілетті органның келісімімен конкурстық іріктеусіз тікелей тағайындау мүмкіндігі беріліп отыр.

Үшіншіден, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының жоғары үлгерімін көрсеткен түлектері оқуды бітіргеннен кейін бір жыл ішінде елорданы қоспағанда, жергілікті органдарға жекелеген лауазымдарға конкурстық іріктеусіз тағайындау қарастырылды.

Төртіншіден, бағалау нәтижесінде екі тоқсан бойы қанағаттанарлықсыз баға алған қызметшілердің лауазымы төмендетіледі, ал төменгі бос лауазым болмағанда – қызметтен шығарылады. Бұл аппаратты тиімсіз мемлекеттік қызметшілерден босатуға ықпалын тигізіп, мемлекеттік қызметтен шығу тәртібін жеңілдетеді.

Сонымен қатар департамент басшысы облыстың мемлекеттік аппараты кадрларының жай-күйі туралы ақпаратпен бөлісті. Баяндамашының айтуынша, облыстық мемлекеттік аппараттың штаттық жағдайына жүргізілген мониторинг нәтижелері мемлекеттік қызметшілер сапасының жақсарғанын көрсетеді. Бүгінгі күні Жетісу облысында 350 мемлекеттік органда мемлекеттік қызметшілердің штат саны 3538 бірлікті құрайды, гендерлік саясат сәтті іске асырылуда — қызметшілердің 50,4% әйелдер құрайды.  Мемлекеттік қызметшілердің орташа жасы — 40,1 жас, мемлекеттік қызметтің орташа өтілі — 10,7 жыл болып табылады. Облыста «Болашақ» бағдарламасының – 2, Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының 6 түлегі еңбек етеді. 2016 жылы мансап үлгісінің енгізілуімен меритократия қағидаты бойынша жоғарылатылған қызметкерлер санының өсуінің тұрақты үрдісі байқалады. Мәселен, 2022 жылы облыстың жергілікті атқарушы органдарында ішкі конкурстармен тағайындалған 74 қызметкердің 51-і немесе 68,9% қызмет бабында ілгерілеген.

Сондай-ақ, спикер өз сөзінде мемлекеттік қызметшілердің тәртіптік жауапкершілігін нығайту және әдеп кодексінің нормаларын сақтау жөніндегі жұмыс қорытындылары туралы да хабардар етті. 2022 жылы Әдеп жөніндегі кеңестің 3 отырысы өтіп, онда 22 мәселе қаралған. Әдеп кеңесімен қаралған 22 мәселенің 11 тәртіптік іс болса, 11 профилактикалық сұрақтар.

Тәртіптік істерді қарау нәтижелері бойынша 10 лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 6 қызметкер мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін, 4 қызметкер Әдеп кодексін нормаларын бұзғаны үшін тәртіптік жазаға тартылды.

2022 жылы мемлекеттік қызмет саласында 3 жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, оның барысында 8 заң бұзушылық анықталды. Нәтижесінде заң бұзушылықтарды жою туралы 3 ұсыныс жолданды. Қорытындысы бойынша 4 кінәлі тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды, лауазымды тұлғалардың 1 қаулысының күші жойылды, 2 азаматтың құқығы қалпына келтірілді.

2022 жылдың екінші жартыжылдығында мемлекеттік қызмет көрсету саласында 3 тексеру жүргізіліп, оның барысында 6  заң бұзушылық анықталды. Нәтижесінде заң бұзушылықтарды жою туралы 6 ұсыныс, 6 ұйғарым енгізілді. Қорытынды бойынша 6 кінәлі тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды, 6 азаматтың құқығы қалпына келтірілді.

Сонымен қатар Департамент басшысы мемлекеттік органдардың электронды форматта көрсететін қызметтері үлесінің артқанын мәлімдеді. Жетсу облысында қызмет берушілермен 762  мемлекеттік қызмет түрі көрсетіледі оның 467 түрі орталық мемлекеттік органдармен, 295 түрі жергілікті атқарушы органдармен көрсетіледі.

  2022 жылдың жарты жылында Жетісу облысы бойынша 1,5 млн. астам мемлекеттік қызмет көрсетілген (электрондық түрде 1,4 млн. астам қызмет көрсетілген немесе 94,4%). Жергілікті атқарушы органдармен 1 млн. астам қызмет көрсетілді, оның ішінде 98,3% электронды түрде.

Жалпы, 2022 жылдың жартыжылдығында Департаментпен және аудан, қалалар әкімдері аппараттарының мемлекеттік қызметтерді мониторингтеу және ақпараттық технологиялар бөлімдерімен жалпы саны 230 750 адам қамтылған 987 түсіндіру іс-шаралары ұйымдастырылды (семинарлар, дәрістер, дөңгелек үстелдер, брифингтер, мемлекеттік қызметтер жәрмеңкесінің акциялары және т.б.). 8 мыңнан  астам көрнекі ақпарат таратылды, оның ішінде қызмет алушылардың құқықтары бойынша – 3700, электрондық қызметтерді танымал ету бойынша – 5200,  теледидарда 10 репортаж, мемлекеттік қызметтерді насихаттау бойынша 27 бейнеролик түсірілді, БАҚ-та 94 жарияланым шығарылды.

Іс-шара соңында Департамент басшысы Қ. Манап БАҚ өкілдерін қызықтырған сұрақтарына жауап беріп, нәтижелі және тығыз жұмыс үшін алғыс білдірді.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің
Жетісу облысы бойынша департаменті