Еліне елеулі ер тұлға

Социалистік Еңбек Ері Ахық Нұрманбетовтың туғанына 135 жыл толуына орай

«Бүгінгі және келер ұрпақ елінің, туған жерінің тарихын, халқының өнер-білімін, рухани байлығын, дәстүрлерін білу азаматтықтың негізі», — дегендей Алдабергенов ауылының  20 Еңбек ерлері және олардың тарихы қалай қалыптасқанын білу мақсатында «Даналықтың ізі өшпес…», — дегендей осы ауылдан бүкіл елімізге әйгілі болған   Екі мәрте Еңбек Ері Нұрмолда Алдабергеновтың замандасы  Социалистік Еңбек ері Ахық Нұрманбетовтың туғанына 135 жыл толуына орай «Еліне елеулі тұлға» атты тақырыпта  ғұмыры мен еңбек жолындағы жетістіктері мен ауыл шаруашылығына тигізген еңбегі, ауылдың өсіп, өркендеуіне қосқан зор үлесі туралы іс-шаралар өткізді

Ахық Нұрманбетовтың өмір тарихына тоқталсақ: 1888 жылы Жаңалық (қазіргі Алдабергенов округінің аймағы) ауылында дүниеге келген. Саналы өмірінің жартысының  көбі өзі іргесін көтерген, еңбек етіп жүрген колхоз шаруашылығымен тығыз байланысты болды. Сондықтан да өз өмірі туралы айтқанда колхозды көркейткен ерлерді айта кеткен. «Мен екі заманның – кешегі жігерді құм еткен, мұқалтқан – тапшылықтың да, бүгінгі бақытты өмір молшылықтың да куәсімін», — деп айтқан болатын. 12 жасында әкесі дүние салды. Жастайынан өмірдің қиындықтарын көріп өсті. Еңбекке ерте араласты. Жетім қалған алты баланың әжетке жараған бас көтері де өзі еді. Бұғаны қатып, буыны бекімесе де, шешесіне көмектесіп, байларға жалдануға тура келді. Тете інісі Жақып та оның жолына түсіп, жоқшылықтың ауыртпалығын көрді. Жетісудағы белгілі Қалдыбек пен Дүйсенбі деген байлардың есігінде жүріп күн көрдік деп өз естелігінде айтқан болатын.

1929 жылғы алғашқы ТОЗ – дың құрылуына бастама көтеріп, оның белсенді ұйымдастырушысы болды. 1930 жылы «Жаңалық» колхозына мүше болып кірді.

Ахық Нұрманбетовтың «Менің өмірім» атты естелігінен … «Жаңалық» артелі құрылғаннан кейін алдымызда тұрған міндет егіншілік мәдениетін арттыру мәселесі болды. Біз  егін салуды ғана білеміз. Оны баптау жұмыстарын ұйымдастырудан хабарымыз жоқ. Егіншіліктің агротехникасын білетініміз де некенсаяқ болатын. «Ауыл шаруашылығы дақылдарының қай түрін егу керек?» деген сұраққа жауап іздеп таптық. Біз енді дақылдардан – күздік, жаздық бидайларды, арпа, сұлыны егіп, онан жаман өнім алғанымыз жоқ. Онан қорытқан азды-көпті тәжірибеміз де болды. Бірақ мұның өзі бізге үнемі аз көрінді. Нені ұмыттық дегендей көңілде күдік болды да тұрды.

Бізді ойландыратын мәселелерді тиісті орындардың алдына қойып, көмек ұйымдастыруын өтіндік. Көп ұзамай-ақ шаруашылықты басқарушы, колхоз мүшелеріне көмек беретін мамандар жіберіле бастады. Алғашқыда әрбір шаруашылыққа тікелей жіберілмегенімен әрбір машина-трактор станцияларында ауыл шаруашылық мамандары болып, артельге қолма-қол көмек берді. Ондай көмекке сүйенген шаруалар дәнді дақылдардың әр гектарынан 15-18 центнерден өнім жинап, ерен табысқа ие болды. Ол кезде Жетісу өңірінде ауыл шаруашылығы дақылдарының жаңа түрі – қант қызылшасы егіліп, байқаудан өткізіліп жатты. Бірақ бұл дақылды біз әлі қолымызбен ұстап, көзімізбен көрген емес едік. Ал оны егуге бірсыпыра сәуегей-сымақтар «қызылшаның отаны Жетісу емес, ол өңбейді, өнім де бермейді» деп соқты.

КПСС ХҮ съезі шығыста қант өнеркәсібінің күшті базасын жасау жөнінде арнаулы қаулы алды. Сол жылдары Қырғызстанда қант заводы салынып жатқанда, Қазақстанда Көксу бойында қазіргі Киров атындағы қант заводының құрылысы қолға алынды. Бұл құрылыстар өз заманында, өз дәуірінде бесжылдықтың алып құрылыстары саналған болатын-ды.

Завод салына бастағаннан кейін оның шикізат қоры болғаны жөн. Міне, осы мақсатпен Жетісу өңірінде қант қызылшасын сынау 1929-30 жылдарда қолға алынғанды. Тәжірибе Жетісу өңірінде қант қызылшасы тамаша өсіп, мол өнім беретінін анықтады. Бұрын бұл дақылды өсірумен негізінен ауданның орыс колхоздары ғана шұғылданып келіп еді. Енді онымен қазақ колхоздары да шұғылданантын болды. Соның бірі – сол кездегі өмірге жаңа келген «Жаңалық» артелі еді. Қант қызылшасын егу жөнінде колхоз басшылары мен егіс бригадаларының бригадирлерінің семинарлары өткізіліп, сонымен қатар МТС мамандары колхозда жаңа құрылған звено бастықтарымен арнайы сабақ өткізді. Оның өзі де бізге аса түсініксіздеу болды. Сондықтан звено бастықтарын көрші қызылша еккен колхоздарға жиі-жиі апарып көрсетіп жүрді. Мамандар үйретуден жалықпады.

Біз үйренуден жалықпадық. Тіпті анау – мынау қйындықтар кезіге берген соң, алдымен агротехникалық ережені үйренсек, артынан оны қалай істеу керек екенін қолма-қол істеп жаттықтық. Мысалы, көктемге плантацияның орнын қалай  әзірлеу керек? Біз осы бір сабақты өтіп, артынан сол егістік орналасатын өңірге барып, оған органикалық тыңайтқыштар тасып, оны қалай үюдің, оны суарып, қосымша ылғал жабудың тәсілдерін өзіміз жүргізіп көрдік. Мұның өзі біздің жадымызға жатталып қала берді.

Сонымен қатар қант қызылшасының биологиялық ерекшелігі, қант қызылшасының ауыспалы егіс танабындағы орыны, өсімдікті қоректендіру, оның түрлері, оның мөлшері, мерзімі, топырақты өңдеу, тұқымды дайындау және себу, оны егудің мерзімі мен әдістері, плантацияны баптау, сирету, жекелеу, қоректендіру оған органикалық және минералды тыңайтқышты қолдану, оның мөлшері мен уақыты туралы бүкіл жыл бойына сабақ жүрді. Біз оның қысқы дайындығын қыста оқып үйрендік, қажеттіні қолмен істеп, оқып үйренгенімізді тәжірибе жүзінде жүзеге асырдық. Мұның өзі біздің алдағы іске әзірлігімізді шындап, қанаттандыра түсті.

ВКП(б) Орталық Комитетінің секретары мен атақты бригадир Сергей Мироновичпен кездесі менің өмірімде өлеулі орын алды. Ол кісі біздің жұмысымызбен түгел танысып, өзінің ақыл кеңесін айтқан болатын. Сіздердің мына жинап жатқан өнімдеріңіз өнегелі-ақ, мана мен жол-жөнекей Шұбар селосының маңындағы қызылша плантацияларында болдым, онда да жаман емес, мұнан да өнімді мол жинау керек. Бұл өңір іздесең таптырмайтын жер көрінеді. Қант қызылшасында еңбекті дұрыс ұйымдастырып, жақсылап баптау қажет. Еңбек еткен жерден өнім аз алынбайды, — деді тағы да. Колхозшылар Сергей Мироновичтің әрбір сөзін қуаттай қол соғысып тұр. Ол жүрер алдында қызылшашылардың біріне тақап келіп:

— Сіздер өздеріңіз өсірген осы қызылшашыларыңның бірін Москваға жіберіңіздер! Мен оны, Анастас Ивановичке, тағы басқа Үкімет басшыларына көрсетейін. Жаңа табысқа ие болуларыңызға тілектеспін, — деді. — Сіздер өздеріңіз өсірген осы қызылшашыларыңның бірін Москваға жіберіңіздер! Мен оны, Анастас Ивановичке, тағы басқа Үкімет басшыларына көрсетейін. Жаңа табысқа ие болуларыңызға тілектеспін, — деді колхозшылармен қоштасып жатып, сөйтті де бізге қарап:

— Москвада кездесейік, — деді. Біз «міндетті түрде кездесеміз» дедік. Олай айтуға бізде негіз бар еді.

Сол күнгі кеште аудан орталығындағы кеңеске қатыстық. Онда революцияның шешені сөз сөйлеп, аудан еңбеккерлерін жаңа табыстарға жетуге шақырды. Қант қызылшасының өнімін арттырып, көлемін кеңейтуді ұсынды.

Киров сияқты мемлекет қайраткері, жалынды большевикпен қатар отырудан артық бақыт бар ма? Мен сол кеңестен шыққанда мол өнім үшін талмай күресуге ант еткендей болдым. Сергей Мироновичтің тамаша сөзі маған жігер беріп, қанағаттандыра түскендей, ерекше жеңіл сезінемін. Мен мұнан былайғы жерде талмай ізденіп, өнегелілерден үнемі үйреніп, еңбек етуді өз алдыма міндет етіп қойдым.

Колхоз басқармасы да бұрынғыдай емес, жұмысты бұрынғыдан ширата түсті: бір жаңалықты құлақтары шалса, оны колхоз өндірісіне қолданғанша асық болатын, әрі қант қызылшасымен алғаш айналысқан еңбек адамдарымен ақылдасуды ұмытпайтын болды. Талай-талай мәселені талқыға салып, оның шегін күні бұрын белгілеп алатынбыз. Мұның өзі табыстарға жетелей түсті. Біз екінші жылы салған 22 гектар қант қызылшасының әр гектарынан 110 центнердің орнына 300 центерден өнім алып, жаңа дақылдың сырын түйіп, байыбына жете бастадық. Қант қызылшасы колхоз кассасына ақшалай қанша табыс түсірді десеңізші?! Біздің бригада, оның ішінде біздің звено заттай көп сыйлық алды».

1943 — 1945 жылдары Совет армиясы қатарына азаматтық борышын өтеді.  1945 – 1964 жылдары қайтадан звеноны басқарды. Алғашқы жылы қызылшаның әр гектарынан 136 центнерден өнім алса, бірнеше жылдан кейін бұл көрсеткішті 450 центнерге жеткізді. 1947 жылы шаруашылық бұрын — соңды болып көрмеген көрсеткішке жетті. Қарамағындағы 8 гектардың 2 гектарынан 800 центнерден,6 гектарынан 518 центнерден тәтті түбір өнім алды.  Қант қызылшасында істеген  25 жылдың ішінде заводқа 237 800 центнер қант қызылшасын өткізді, одан 13 211 центнердей таза қант алынды. Ол басқарған звено жыл сайын үнемі тамаша табыстарға ие болатын.

Ахық Нұрманбетов басқарған звеноның қызылша плантациясында, тек республикамыздың қызылшашылары ғана емес, сонау Румыния, Болгария, Чехословакия және Қытай Халық Республикаларының өкілдері болып, табыстарымен танысты. Тіпті Қытай елінің делегациялары да жетістіктеріне таң қалған екен.

1948 жыл КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының  Жарлығымен  Ахық Нұрманбетовке Социалистік Еңбек Ері атағы беріліп, омырауына алтын жұлдызбен қатар Ленин мен Еңбек Қызыл Ту орденімен наградталды.

Социалистік Еңбек Ері  атағын алып, абыройға ие болған ер тұлғаның ерен еңбегі ұрпаққа үлгі болып, тарих  өткен сайын мәртебесі биіктей берері анық.

Ж.Ахатаева,

Н. Алдабергеновтың

мемориалды музейінің

экскурсия жүргізушісі