Ақыл-ойдың маржаны — кітап

Кітап – білім мен тәрбие құралы ғана емес, жаңа ойлар мен маңызды оқиғалардың
бастамасы. Ғаламтор мен жаңа технологиялар үздіксіз жетілген қазіргі заманда әр түрлі ақпараттық және әлеуметтік деректер пайда болды. Жастар түгіл ересектер кітап оқудың орнына ғаламторда бейнебаян қараумен және әлеуметтік желілерде уақыттарының басым бөлігін өткізетін болды. Ал кітап оқудың әлдеқайда пайдалы екенін ешкім бағамдап жатқан жоқ. Себебі, кітап оқи отырып, сөз астарына үңіліп, оның мағынасын түсінуге талпынасың, оқу барысында ойлау қабілетің жетіліп, дүниетанымың кеңейеді. Кітаптан оқыған оқиғаны адам ойында елестетеді, ал ой-сананың шегі болмайды. Сондықтан кітаптан алатын әсеріңді бейнебаян да, әлеуметтік желідегі ақпарат та жеткізе алмайды.

Әлішер Науаи кітапты ақылына ақы сұрамайтын алтын қазынаға теңесе, Денри Дидро адамдар кітап оқуын қойса, ойлауын да қоятынын ескертеді. Кітап оқу жайлы айтылған ғұламалардың небір тамаша пікірлері бар. Кітаптың оқырманға жететін қасиетті орны — әрине, кітапхана. Қазіргі заман талабына сай кітапханадағы жұмыс та жаңа қалыпқа еніп, нағыз мәдени, ақпараттық орталыққа айналды. Алайда жұмыстың барлығы бұрынғыдай кітаптың айналасында жүзеге асады. Кітапханаға келетін оқырмандардың қызығушылықтарына қарай клубтар, жобалар ұйымдастырылған. Жыл сайын кітапхананың кітап қоры да толығып отырады. Атап айтсақ, аудандық кітапхананың балалар бөліміне биылғы жылдың өзінде Серікбол Хасанның «Күшті бала», Заря Жұманованың «Ғажайып орман», Нұрлан Құмардың «Көк байрақтай көк жейде», Ернұр Сейдахметтің «Жалқау құмырсқа», Байбота Қошым-Ноғайдың «Достық жоралғы», «Қуыр-қуыр, қуырмаш», Гүлзия Алшынова құрастырған «Сиқырлы кілт» сияқты көптеген жаңа кітаптар келіп түсті. «Бар жақсымыз балаларға» қағидасымен шығарылған кітаптарға балалардың ой-өрісі мен ұғымына сай жатық әрі жеңіл әңгімелер, өлеңдер, ертегілер, жаңылтпаштар жинақталған. Келіп түскен кітаптар үнемі оқырмандарға таныстырылады. Бұл кітаптар тұрақты оқырмандардың талғамдары мен сұраныстарын қанағаттандыруда.     

Бір данышпан адамзатты екі санатқа бөліпті: кітап оқитын және кітап оқымайтын адамдар. Кітап оқитын адамдар зерек, алғыр келеді. Жұмысында табысты болады. Табысты адам – бақытты. Егер біздің қоғамда кітап оқитын адамдар көбейсе, еліміз бақытты болады. Бақытты адамдар бейбітшіл келеді. Олай болса, ертеңгі күніміз бүгінгі күнге байланысты. Сондықтан да балаларды кітап оқуға жан-жақты бейімдеу бейбіт де бақытты өмірдің алғышарты деп білеміз.

Айжан Байсакова,

Аудандық кітапхананың

 балалар бөлімі