Жаңа Әдеп кодексі – жаңаша қадам

Президент Жарлығымен мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексі жаңа редакцияда қабылданды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік аппараттың жұмысына жаңаша көзқарас қажет екенін және мемлекеттік қызмет жүйесі іс жүзінде сервистік сипат алып, клиентке бағдарлануы үшін түбегейлі өзгерісті талап ететінін атап өтті. Қоғамда болып жатқан өзгерістер мен күнделікті өмірдегі жекелеген факторлар мемлекеттік басқару жүйесін жаңаша ұйымдастыру қажет екендігін ұғындырып отыр. Мемлекеттік басқаруды жаңаша ұйымдастыру – Жаңа Қазақстанды қалыптастыру жолындағы басты фактор.

Осыған байланысты қоғамның мемлекеттік органдарға деген сенім деңгейін арттырып, халықпен кері байланысты жақсарту бағытында жұмыстар атқарылуда. Бізге, адамға бағдарланған мемлекеттік басқарудың жаңа моделін қалыптастыру қажет.

Осы тұрғыдан алғанда, жаңа Әдеп кодексі қызметтік әдеп нормаларын дұрыс түсінуде және қолдануда ерекше маңызға ие.

Жаңа Әдеп кодексіндегі өзгерістерге тоқталатын болсақ: Егер бұрынғы Әдеп кодексінде мемлекеттік қызметшілерге қойылатын моральдық-адамгершілік талаптар мен олардың мінез-құлқының негізгі қағидаттары бірге қаралып келген болса, жаңа редакцияда бұл олқылықтар жойылып, мемлекеттік қызметшіге қойылатын әдеп талаптары мемлекеттік қызметшінің қызметтік әдебіне қатысы жоқ ережелерден бөлек, өз алдына жеке қарастырылып отыр.

Жаңа Әдеп кодексі ең алдымен қызметтік әдеп стандарттарын белгілеуге бағытталған және мемлекеттік қызметшілердің бойында моральдық-адамгершілік қасиеттерді орнықтырудың негізі болып табылады.

Кодекстің жаңа редакциясында мемлекеттік қызметшілерге  келесідей талаптар қойылады: Жаңа редакцияда Кодекстің құрылымы өзгертіліп, «Мемлекеттік қызметтің әдептік қағидаттары» деп аталатын тарау енгізіліп отыр. Осыған сәйкес, мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебі алты қағидатқа негізделген.

Олар – адал ниеттілік, адалдық, әділдік, ашықтық, сыпайылық және клиентке бағдарланушылық. Айта кету керек, мемлекеттік қызметшілерге мұндай талаптар бұрынғы кодексте де қойылған. Бірақ, байқасаңыз, Кодекстің жаңа редакциясында ашықтық және клиентке бағдарлану қағидаттарын сақтау талаптарына басымдылық берілген. Соған сәйкес мемлекеттік қызметшілер мемлекеттік қызметтің негізгі тұтынушысы саналатын халықтың талабына барынша икемді, жұртшылықпен жұмыс істеуге дайын болуы және өз жұмысының ашықтығын қамтамасыз етуі тиіс.