ҰСТАЗЫМ — ҰЛАҒАТЫМ, ҮЛГІ — ӨНЕГЕМ

Ұстазымды мәңгі өлмейтін үлгі дер ем,
Өйткені орны бөлек өзгелерден.
Ұстазым еш жалықпай білім беріп,
Көңілге нұр, өмірлік азық берген.

Шәкіртіңе бір өзің үміт арттың,
Үйреттің өнер менен ұлттың салтын.
Мерейің әрқашан да үстем болсын,
Орның бар жүрегімде сақталатын.

Мен өзім шәкірт емес балаңдаймын,
Көре алмасам сізді іздеп алаңдаймын.
Жаһанды жаяу жүріп араласам,
Сіздей жанды ешқашан таба алмаймын.
Авторы белгісіз бұл өлең жолдарын оқығанда ойыма бірден менің сүйікті ұстазым оралады. Алғаш сабақ беруі, бірнеше жылдар бойы жанымыздан бір елі ажырамай, үнемі қасымыздан табылуы бізді бауырмашылдыққа үйретті.
Мектеп қабырғасымен қоштасқалы біраз уақыт болса да, сол бір керемет кезең балалық шақты әлі күнге есіме алып, сол белеске қайта оралғым келеді. «Ұстаз» деген ұлағатты атауды естігенде, күні бүгінге дейін өзімді шәкірттей сезінемін. Өйткені, әрбір шәкірттің өзі жақсы көрген, жылдар бойы тәлім алған ұстазының аяулы бейнесі көкірек көрігінде, жүрек түбінде сақталатыны анық.
«Жай мұғалім – хабарлайды, жақсы мұғалім – түсіндіреді, керемет мұғалім – көрсетеді, ұлы мұғалім – шабыттандырады» деп, ағылшын ағартушысы Уильям Уорд айтып кеткендей, мұғалім тәрбиесі мен өнегесі – оқушының болашақ азығы.
Дәл осындай білімі мен білігі қатар ұштасқан, саналы ғұмырының басым бөлігін өскелең ұрпақтың оқу-тәрбиесіне арнап, зейнетке шықса да күні бүгінге дейін бар білгенін немерелерінің бойына дарытуға мақсат еткен, өз мамандығының білгірі, менің аяулы ұстазым Светлана Әділбекованың орны ерекше екені рас.
Ол – ешкімге ұқсамайтын мейірімді жан, ерекше үлгі тұтарлық тұлға. Бәрімізді өз баласындай көріп, асқақ армандарға жетелеген, білмегенімізді үйретіп жүретін осы ардақты жанның орны мен үшін қашан да ерекше.
Жақсы ұстазға кезігіп, тәлім-тәрбие алған кез келген шәкірт өмір майданында мойымай күресіп, бағытынан таймай жүретінін нық сеніммен айтамын. Оның шәкірттері де белді де беделді қызметтерден көрініп, апайымыздың мерейін арттырып жүрген жайы бар.
Халқымызда «Ұстазы жақ-сының ұстанымы жақсы» деп, адамға қарап ұстазын таныған. Ұстамды мұғалімнен ғана ұстамды шәкірт шығады деп ойлаймын. Осы тұста жыл сайын күз мезгілінде келетін мейрам қарсаңында мәртебелі мамандық иелері – мұғалімдерді шын жүректен төл мерекелерімен құттықтаймын!
Ақбота ОРАЛБЕКОВА.