ЕҢБЕК ЕРІ ЕЛ ЖҮРЕГІНДЕ…

Н. Алдабергенов атындағы мемориалды музейінің ұйымдастыруымен Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында Жаңалық негізгі орта мектебінде «Тұғыры биік нар тұлға» атты жылжымалы көрме ұйымдастырылды.
Есімі ел есінде сақталған халқының біртуар ұлы, екі мәрте Еңбек Ері Нұрмолда Алдабергеновтің халқына тигізген шарапатын, сіңірген еңбегін көрсету, азаматтық тұлғасын таныту мақсатында бұл көрме арнайы ұйымдастырылды. Аталмыш көрмеге музей қорынан Еңбек Ерінің өзі тұтынған жеке заттары, фотосуреттері мен құжаттары сынды құнды жәдігерлер қойылды.
Шара барысында тамашалаушы мектеп оқушылары, ұстаздары мен ауыл тұрғындарына елі мен жерін ерекше қадірлеп сүйген Нұрмолда Алдабергеновтей ерен ердің халықтың игілігі үшін ауыл бейнесін қалаға теңестіру мақсатындағы көрегендігі мен қайраткерлігі, ұлағатты ұстанымдары, замандастарымен қарым-қатынасы тұрғысындағы үлгі тұтарлық ізгілікті ізденістері, ғибратты ғұмыры жайлы баяндалды.
Еңбегі елге ұран болған Еңбек Ерінің ғибратты ғұмырынан ерекше әсер алған жас буын өз өлкесінен шыққан нар тұлға Нұрмолда Алдабергенов және артынан ерген Еңбек батырларының ұрпақтары екендерін мақтан тұтып, үлгі ететіндерін жеткізді.
Шаруашылықтың өсіп-дамуына, экономикасы мен мәдениетінің өркендеуіне елеулі үлес қосып, халқына адал еңбек етіп, мұң-мұқтажына құлақ түре білген аяулы азаматтарымыздың бейнесі халық жүрегінде мәңгі сақталары анық.
Г. БАҚАДЖАНОВА,
Н. Алдабергенов
мемориалды музейінің экскурсия жүргізушісі.