Жалпы Ауғанстан мен ауған мәселесіне кешегі Кеңестік кезеңнің көзқарасымен емес, жаңаша тәуелсіз ел ретінде қарайтын уақыт жетті. Кеңестік идеологиямен тәрбиеленген адамдар үшін оғаш болса да Ауғанстанның өзалды үлкен ел екенін мойындайтын, өзара байланысты күшейтіп сенімді де пайдалы барыс-келісті дамытатын кез келді.
Сол кездегі саяси ахуал
Бүгінде сол бір қырғи қабақ соғыстың куәгерінің қайсысымен тілдеспеңіз сол кездегі саяси ахуалды сөз қылатыны ақиқат. Өйткені шындығын айту керек, Кеңестер Одағы дәуірлеп тұрған тұста «Ленин көсем аз ұлттарға теңдік алып берді» деген идеология салтанат құрып тұрды. Сондықтан да, КСРО-ның 1979 жылғы 12 желтоқсанда қабылданған Ауғанстанға әскер кіргізу туралы шешіміне қарсылық танытуға қауқар болған жоқ. КСРО мен КОКП-ның жетекшілері Л.И.Брежнев, Ю.В.Андропов, Д.Ф.Устинов, М.А.Сусловтар қазақтардың ойымен санасуы мүмкін емес болатын.
Есесіне, 1970 жылдары Ауғанстанда билікті төңкеріспен басып алу үйреншікті жайт еді. Мысалы, 1973 жылғы төңкеріс монархияны құлатып, Ауғанстан республикасын құруға мүмкіндік әперді. 1978 жылы Ауғанстан республикасын құрған Мұхаммед Дауд отбасымен бірге өлтіріліп, билікке М.Тараки бастаған Ауғанстан коммунистік халықтық-демократиялық партиясы келді. Осы Тараки тұсында КСРО мен Ауғанстан арасы жақындасты. КСРО-ның ықпалымен Ауғанстан коммунистік ел болу жолына түсті. Бірақ, Таракидің билігін өзінің орынбасары Хафизулла Амин бір күнде төңкеріп тастап, КСРО-дан сырт айналды. Кеңестік империяға бұл ұнай қойған жоқ. 1979 жылы Мәскеу «Шторм-333» арнайы операциясы арқылы Хафизулла Аминнің көзін жойып, оның орнына Бабрак Кармальді қойды. Осы шешім елді екіге бөлді. КСРО үкіметтік күштерді, ал АҚШ, Қытай, Иран, Пәкістан, Сауд Арабиясы, Мысыр, Израиль секілді елдер үкіметтік емес ұйымдарды қолдап, соғыс өртіне ұластырды.
Құпия түрде шұғыл шешілді
Осылайша, Ауғанстан соғысы (1979-1989 жылдар) Кеңес үкіметінің Қарулы күштері үшін, соның ішінде Қазақстандық жауынгерлер үшін КОКП ОК Саяси бюросының Ю.Андропов, Д.Устинов, А.Громыко, Л.Брежнев сияқты санаулы ғана мүшелерінің, аяқастынан құпия түрде қабылдаған шұғыл шешімінен басталды. Жоғарыда айтқандай, сол кезде Ауғанстанда билікке таласқан ресми үкімет пен оппозиция (можахедтер) арасында қарулы қақтығыстар басталған болатын. Күрестің басты мақсаты Ауғанстан жерінде толықтай саяси бақылау жүргізу болды. КСРО Саяси бюросы КСРО-ның ықпалын кеңейту мақсатында Ауғанстанға қол үшін беріп, сыртқы агрессиядан қорғау керек деген шешімге келеді. Сөйтіп Ауған елін басқарып отырған шах Хафизулла Аминді алып тастап, орнына Бабрак Кармальді отырғызу туралы идеясын күш көрсету арқылы жүзеге асырды. Осылайша, Кеңес Одағының әскерлері ұзақ жылдарға жалғасқан қарулы қақтығыстардың қақ ортасынан бірақ шықты.
Соғыстың тағы бір себебі – Ауғанстандағы социализм концепциясын жақтаушыларды қолдау болды. Америкалық әскери-экономикалық күштер Ауғанстанды КСРО ықпалынан шығарып алуға күш салды. Можахедтерге АҚШ, НАТО-ға мүше Еуропа елдерінің кейбіреулері, Пәкістан, Қытай, Мысыр, Иран елдерінің әскери мамандары, арнайы қызметтері көп көмек көрсетті. Кабул үкіметіне қолдау көрсету КСРО бюджетіне оңай түскен жоқ. Деректерге қарағанда, жылына 800 миллион АҚШ доллары бөлініп отырған. 40-армияны Ауғанстанда ұстау үшін және тактикалық ұрыстарға Мәскеудегі басшылар жыл сайын 3 миллиард долларға шығындалған.
Ауғанстанға әскер енгізді
Ауғанстанға әскер енгізу туралы шешім 1979 жылдың 12 желтоқсанында, КОКП ОК Саяси бюросының отырысында түбегейлі қабылданып, аса құпия қаулымен бекітілген екен. Бұдан бес ай бұрын 105-әуе десанты дивизиясының 111-парашютті десант полкі Баграм қаласына барып жайғасқан болатын. Бұл Кеңес Армиясының Ауғанстанға кірген алғашқы бөлімі еді. 12 желтоқсан күні Қазақстан мен Орта Азия республикаларында жасақталған «мұсылман батальоны», артынша екі күннен кейін Баграмға тағы бір батальон кірді. Осы үш батальоның көмегімен Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің (КГБ) жекелеген кішігірім отрядтары «Шторм» операциясына кірісетін болып жоспарланды. Осылайша, 27 желтоқсан күні Аминнің сарайына шабуыл жасалды. Бірнеше қала можахедтерден тазартылды. Жаңа билік ауған жерінің барлығына үстемдігін жүргізе алған жоқ. Соғыстың ұзаққа созылуына бір жағынан осы себеп болды.
Шығару туралы шешімге келді
Бұл соғыстың абырой әпермейтінін Кеңес үкіметінің басшылары арада 3-4 жыл өткеннен кейін түсіне бастады. Бірақ «болары болып, бояуы сіңгеннен кейін», кеш түсінді. 1983 жылдың 19 мамырында Пәкістандағы елші В.Смирнов КСРО-ның Ауғанстандағы әскерлер контингентін алып шығуға мүдделі екендігін ресми түрде жариялады.
Саяси бюро осылайша, балшыққа кіріп алып, енді былғанбай шығудың жолдарын іздестіре бастады. 1986 жылдың ақпанында болған КОКП XXVII съезінде М.Горбачев әскерді кезеңге бөліп, ауған жерінен шығару жоспарын жасау керектігін мәлімдеді. 13 қарашадағы Саяси бюроның отырысында Михаил Горбачев: «Біздің Ауғанстанда соғысып жатқанға алты жыл болды. Егер бұл іске басқаша келмесек, әлі 20-30 жыл соғысатын боламыз» деп мәселені көлденеңінен қойды. Оның сөзін Бас штабтың бастығы, маршал Ахромеев те қолдады: «Біз Кабулды, провинциалдық орталықтарды бақылауға алдық, бірақ басып алған жерлерімізге билік орната алмадық. Біз ауған халқы үшін күресте жеңіліс таптық» деп ағынан жарылды. Сөйтіп, осы отырыста Ауғанстандағы барлық әскерді екі жылдың ішінде алып шығу туралы келісілді.
Ауғанстан аумағынан шығарылды
Осылайша, Кеңес әскерлерінің жекелеген бөлімшелері 1988 жылдың 15 мамырынан бастап Ауғанстан аумағынан шыға бастады. КСРО тоғыз айдың ішінде әскерлерін бұл елден шығаруға міндеттеме алды. Бұл өте күрделі операция еді. 4 ақпан күні Кеңес Армиясының соңғы бөлімі Кабулдан шықты. Ал 15 ақпанда 40-армияның қолбасшысы, генерал-лейтенант Б.Громов Термез қаласында «Кеңес әскерлері Ауғанстан жерінен толықтай шықты, артымда бірде-бір жауынгер қалған жоқ» деп басшылыққа баяндады. Алайда өзеннің арғы жағында қалған шекарашылар тағы үш ай бойы Ауғанстанда жауынгерлік тапсырмаларды орындады. Мәскеу тарапынан Ауғанстаннан әскерлерді шығару туралы ешқандай ақпарат болған жоқ. Америкалық баспасөздің мәліметтері бойынша осы операция кезінде Кеңес Одағының 523 жауынгері мен офицері қаза тауып, қаншама адам тұтқында қалды. 40-армия шыққаннан соң да шабуылдаушы можахедтерге қарсы қиянкескі шайқастар болды. 1989 жылдың 23-26 ақпандағы «Тайфун» операциясы кеңес әскерлерінің ауған жеріндегі он жылға созылған соғыстағы ең ақырғы ұрысы болды.
Соғыс қасіреті
Ауған соғысы аяқталған жылы «Правда» газетіне соғыстағы адам шығынының жалпы саны жарияланды. Онда қаза тапқандар 13 833 адам деп көрсетілген. Көрсетілген адам шығыны жыл сайын көбейе түсті. 1999 жылдың 1 қаңтарындағы дерек бойынша ішінде майданда өлгендер, жарадан, аурудан, оқыс жағдайдан қайтыс болғандар, хабар-ошарсыз кеткендер бар, барлық қаза тапқандардың саны Кеңес Одағы Армиясынан – 14 427 адам, Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінен (КГБ) – 576 офицер, Ішкі істер министрлігінен – 28 адам. Барлығы – 15 051 адам. Жараланған, контузия алғандар – 54 мыңға жуық, ауырғандар – 416 мың адам. Кеңес Одағының ауған соғысынан көрген зияны осындай қасіретті болды.
Ал, өзге елдің мүддесін қорғаған Ауғанстандағы шектеулі контингент әскерлері құрамында Қазақстаннан 22 269 жауынгер интернационалдық міндетін атқарды. Олардың 924-і сұрапыл шайқаста ерлікпен қаза тапты, 21 адам хабар-ошарсыз кетті, мыңдаған жігіт елге мүгедек болып оралды.
Кеңес Одағы әскерін шығарғаннан кейін Ауғанстандағы Нәжибулла режимі тағы үш жылдай тұрды. 1991 жылы оның қолдаушысы КСРО ыдырап, жеке-жеке мемлекеттерге бөлініп кетті. Экономикасы тұралаған Ресей оған ешқандай көмек бере алмады. Сөйтіп, 1992 жылы сәуірде можахедтердің дала командирлері коалициясы Нәжибулла билігін төңкеріп тастады.
Дерек пен дәйек
• Ауған соғысы 10 жылға, 110 айға созылды
• КСРО құрамында Отан алдындағы міндетті арқалаған 22 000 қазақстандық толарсақтан қан кешіп, ауған жерінде 2238 күнге созылған соғыс қимылына қатысты.
• 22 000 адамның 924-і опат болып, 1015 жауынгер мүгедек болып қалды және 21 адам хабарсыз жоғалып кетті.
• 200 153 батыр мемлекеттік марапатқа ұсынылды. Олардың 10 955 соғыс даласында опат болды.
• Ерлігі үшін 2 265 қазақ марапатталған.
• Елге аман оралған 18 мың сарбаздың 3 мыңы – мүгедек.
• Кеңес әскерлері шығарылғаннан кейін де Ауғанстанда азамат соғысы жалғаса берді. Ұзаққа созылған соғыс елді әлсіретіп, халықты күйзеліске ұшыратты.
• 1997 – 98 жылдары Қазақстан Республикасының үкіметі Ауғанстандағы қазақтарды көшіріп әкелді.
• Республика бойынша Ауған соғысы ардагерлерінің отыздан астам ұйымы бар.
• 2005 жылдың шілдесінде Ауғанстан соғысы ардагерлері өз құрылтайларын өткізген болатын. Бұл жиынға Қазақстанның 14 облысынан 19 ауғандық ұйым өкілі қатысты. Осы құрылтайда «Ауған соғысы ардагерлері ұйымдарының қауымдастығы» құрылып, барлық ауғандық ұйымдар қауымдастыққа бірігуі керек деп бірауыздан келісімге келген болатын. Қазіргі кезде республика бойынша 30-дан астам ұйым осы қауымдастыққа кіреді.
Нарықтық экономика бұрыннан бар
Жалпы Кеңес Одағының алып зауаттары мен мемлекеттік монополиядағы өндірісін көрген біздің адамдар Ауғанстанға мүсіркей қарады. Бұл дұрыс емес еді.
– Тарихтағы Жібек жолының өтінде болған Ауғанстанда сауда мен ұсақ бизнес қалыпты өмір салтына енген. Біздің қазіргі айтып жүрген нарықтық экономикамыз оларда бұрыннан бар екенін өз басымызға түскенде ғана түсіндік. Мысалы, қандай соғыс болып жатса да оларда ең қажетті тұрмыстық бұйым, қант, нан, тұз, ет секілді азық-түлік бағасы тұрақты әрі қол жетімді. Мәселен, сол кезде Алақадри (аудан) орталығы ШринТагоб қаласынан жиырма тоғыз түрлі өнім экспортқа шығарылған.
Мұнда белгілі өреге жеткенге дейін өзара зат айырбасы түрінде болатын тарихи сауда мәдениеті орныққан. Мысалы, бір бала таңартең сағат дәл он бірде біздің жұмыс орнымыздың алдынан өтеді. Өзінің белгілі дауысы бар айқайлатын. Ол қандай қарлы, жаңбырлы, боранды күндер де ешқашан кешігіп көрмеген. Клиенттерге деген жауапкершілігі мен адалдығы сондай қайран қалдырады. Бала кімнің, қай күні, қанша нан алатынын жаттап алған. Барып әр үйдің кішкене терезесінен тастап кете береді. Ақшасын қандай жолмен, қалай алатынын білмейсіз. Сол өзара ішкі келісім мен зат айырбасы арқылы келісетіні белгілі. Саудагерлердің уәдеге беріктігі сондай, сіз келіскен затты айтылған уақытта, дәл кезінде жеткізеді және еш артық сөзсіз.
Тайпалық өзін-өзі басқару орныққан
Мәселен, онда ауылдар этникалық құрамдарына қарай бөлек-бөлек орналасқан. Өзбек ауылының өз ақсақалдары мен басшылығы бар. Әр ұлт өз тілдерінде білім алады. Бір-біріне қыз берісу негізінен аз. Әр ауылда бұрыннан келе жатқан ақсүйек отбасылар бар. Олар ақсақалдардың келісімімен, өзара кезектесіп билік жүргізеді. Шамаларынша өз орындарын сақтауға тырысады. Сол отбасылардан сайланған депутаттар Кабулға жіберіледі. Егер бұл отбасында белгілі бір ұятты іс болып қалса, онда ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан статустан да, құрметтен де айырылады. Әскерге баратын жастар алдымен провинцияда міндетін өтегеннен кейін ғана Кабулға қызметке жіберіледі. Салық жинау да жергілікті билік арқылы жүзеге асырылады. Олардың ішкі ісіне басқа тайпалардың, орталықтың тікелей араласуына белгілі дәрежеде шектеу қойылған.
ЖШ Ақпарат