КИЕЛІ ЖЕРЛЕРГЕ ЭКСПЕДИЦИЯ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында мемлекетімізде көптеген игі істер атқарылуда. Аталмыш бағдарлама азаматтарды рухани азық жинап, туған жерімізді қадірлеуге шақырады. Биыл «Рухани жаңғыру» бағдарласының жүзеге асқанына 2 жыл толды.
Екі жылдың ішінде осы бағдарлама аясында меценаттардың көмегімен шалғай ауылдарда мектеп, балабақша, спорт алаңы, дәрігерлік амбулатория секілді кешенді ғимараттар салынып, ауылдарға су тартылып, қоқысқа толы аймақтар тазаланып, киелі жерлер дәріптелді. Мұндай жемісті жұмыстар осымен тоқтап қалмайды. Жүйелі істер әлі де атқарылып жатыр.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасындағы «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» атты жобасының аясында көптеген дана, дара, таудай ірі тұлғалардың ізі қалған киелі жерлерді дәріптеп, тарихқа тағзым жасау барлығымызға ортақ міндет. Осы мақсатта «Берекет-Жетісу» қоры және аудандық ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен Ескелді ауданының бөлімдерінде қызмет ететін жастардың қатысуымен киелі жерлерге 2 күндік экспедиция ұйымдастырылды.
Экспедиция барысында жастар қауымы ең алдымен Ешкіөлмес тауының ғажайыптарын көзбен көруге аттанды. Көксу өзенінің оң жағасындағы шағын Ешкіөлмес тауының жотасы әсем табиғатымен көз тартады. Ешкіөлмес жотасы мен Көксу өзенінің оң жағасындағы шағын алқапта қола дәуірінің көптеген археологиялық ескерткіштері сақталған.
Ешкіөлмес тауының оңтүстік бөктерінде қола дәуірі заманында тауды мекен еткен адамдардың салған петроглифтері бар. Археологтардың сөзіне сенсек Ешкіөлмес тауында 10 мыңнан астам сурет бар. Суреттердің арасында адамдар мен жанурлардың бейнесі көп кездеседі. Жастарды петроглифтердің саны ғана емес, мол мағынасы мен шағын суреттердің нәзіктікпен салыну стилі, тіпті сурет өлшемінің 2 сантиметрден аспауы да қызықтырды. Таудағы ерекше суреттерді көзбен көріп, тарихтың қойнауына тереңірек үңілген жастар қауымы өздеріне рухани азық жинап қайтты.
Екінші күні Ескелді ауданының жастары Жаркент қаласының киелі жерлеріне экспедицияға аттанды. Жаркент қаласында тарихи-архитектуралық ескерткіш ретінде танылған қытай үлгісіндегі мешіт бар. Архитекторы – қытайлық шебер Хон Пик. Негізгі құрылыс материалы – ағаш, 122 ағаш бөрене бір-біріне шегесіз байланыстырылған. Мешіттің ғимараты 1910 жылғы жойқын жер сілкінісінде аман қалған. Бұл мешіт Жаркентке алғаш келген адамның назарын бірден өзіне аударатын, қаланың қақ ортасында орналасқан ерекше ғимарат. Салынғанына 130 жыл өтсе де мешіт өзінің ерекше көркін сақтап қалған. Қазіргі таңда бұл ғимарат 19 ғасырдың тарихи ескерткіші ретінде туристер тамашалайтын мұражайға айналған. Аспан асты елінің мәдениетінен сыр шертетін ерекше мешіт Будда ғибадатханасының кейбір элементтерімен шектесіп жатыр.
Экспедиция барысында жастар қауымы мешіттің ғимаратын толығымен аралап, жол көрсетуші маманның ғажайып мұражай жайлы айтқан қызықты деректеріне тәнті болды. Деректерге сүйенсек, қытайлық сәулетші Хон Пик өз отанында қытай үлгісіндегі мешітті тұрғызуды армандаған екен. Алайда жергілікті билік оның қалауына қатаң тиым салған. Сәулетші осыдан кейін өз арманын қазақ жерінде жүзеге асыруды көздейді. Ауқатты, бай көпестер мешіт салуға қаражатты өз мойындарына алып, жан-жақты жүзге жуық тәжірибелі, шебер құрылысшыларды жинайды. Осылайша, бас сәулетші Хон Пиктің нұсқаулығымен ерекше мешіт Жаркент қаласында бой көтереді. Тарихқа сүйенсек, Хон Пик өз еліне оралғанда қытай сәулет өнерінің құпиясын ашып, қазақ жерінде бірегей құрылыс нысанын тұрғызғандығы үшін өлім жазасына кесілген екен. Жалпы талантты сәулетшінің өміріне қастандық жасағысы келгендер көп болған. Оның Жаркент халқын паналап келуінің бірден-бір себебі осы.
Бір мезетте мыңға жуық мұсылманды қабылдай алатын мешіттің қызметі ұзаққа созылмапты. Оған сол тұстағы кеңестік идеология себеп болған.
Жастар қауымы ерекше құрылыс нысанын аралағаннан кейін музейге бет бұрды. Жаркент музейі көптеген қыш ыдыстар, темір ыдыстар мен көне әшекейлерге толы.
Келесі кезекте экспедицияшылар халық арасында өзінің ерекшелігімен танылған 700 жыл қатарынан белі бүгілмеген «Әулие» ағашына жол тартты. Ерекше ағаш орналасқан аймақтың жан-жағы арнайы қоршаумен жабдықталған. Кие-лі ағашқа тағзым етіп, құран бағыштайтындардың қатары аз емес. Жергілікті тұрғындардың сөзіне назар аударсақ, бұл ағашқа адам баласы көкірек тұсын тигізіп, тағзым жасап, тілек тілесе, ниеті міндетті түрде қабыл болатын көрінеді. Әулие ағаштың жан жағында тағы да қос-қостан өсіп тұрған ағаштар көп. Сол ағаштардан тамшы тамып, ол кішкене көлшікке айналады. Ағаштан тамған су мыңдаған дертке шипа береді. 7 ғасырды артқа тастаған киелі ағаштың ерекшелігі осындай.
Бүгінгі күн – ертеңгі тарих. Көптен қызықты оқиғалардан сыр шертетін жерлерімізді танып білу арқылы біз елімізді, жерімізді қадірлеуді үйренеміз.
Алима МҰРАТҚЫЗЫ.