Музыка пәнінің құндылығы

Халқымыздың рухани қазынасы — ән мен күй бүгінгі таңда тамаша тәрбие көзі болумен қатар, кәсіби музыканың негізгі арқауы екенін естен шығармаған жөн. Міне, халықтың музыка өнеріндегі өте бай рухани қазынамен оқушыларды таныстырып, олардың озық үлгілерін үйрету музыка пәнінің негізгі мақсаты болып табылады. Музыка сабағы мектептегі тәрбие көзі болып табылады. Тіл мен әдебиетті жоғары көтеретін күш те, күн нұры сияқты әр беретін, көрік беретін де — музыка. Қазақтың ұлттық мәдениетін де көтеретін — музыка. Музыка пәні басқа пәндермен терезесі тең. Қазіргі кезде кейбір ата-аналар «баламыз музыканы оқығанмен, оның ертеңі жоқ немесе одан керемет әнші, күйші, шыға қоймас» деп ойлайды. Әрине, мұның бәрі қате пікір. Түсінсе балаға имандылық, ізгілік, білімділік, парасаттылық сыйлайтын ерекше күш тек қана музыкада бар.

Өсіп келе жатқан жас ұрпақты толыққанды қазақ азаматы етіп тәрбие беруге өз халқымыздың ән-күйінің ауқымы өте кең. Ата-бабамыз бізге баға жетпес мол мұра-бесік жырынан бастап түрлі аңыз, әңгіме, жыр, терме, ән-жыр, күйлерін қалдырып кетті. Осы мол мүмкіндікті біздер барынша нығайтып, бүгінгі заманымыздың талабына сай кеңейтіп, өскелең ұрпақтың сана-сезіміне құйып отыруымыз керек. Бүгінгі таңда музыка мамандарының алдындағы мәселелердің бірі музыканың құдіретін терең түсініп, оны өзінің рухани азығы етіп, адам өмірін нұрландыруға ат салысатын музыкалық білімді азамат тәрбиелеу. Оның түп-тамыры, негізі — музыканы қабылдай білуде жатыр.

Баланы музыка тыңдауға, тыңдай отырып оны сапалы түрде қабылдауға баулу музыкалық тәрбие беру жұмысындағы міндеттердің бірі. Өйткені ол оқушының музыкалық мәдениеттілігін қалыптастырудың алғышарты болып есептеледі. Алайда оқушылардың музыкалық даму деңгейі әртүрлі. Мүлде ән сала білмейтін оқушылар де кездеседі. Олардың көпшілігінің әннің сөзін ғана айтып отырып қосылуға шамасы келеді. Әрине, мұндай оқушыларды аптасына бір рет қана өтілетін музыка сабағында әнді жақсы орындау дәрежесіне жеткізу қиын. Дегенмен, оларды сабақта елеусіз қалдырмай, әнді жақсы орындайтын оқушының жанына отырғызып немесе аспапқа қосылып айтқызу керек. Бағдарлама бойынша музыканы қабылдау дегеніміз — жалпы білім беретін мектептерде балаларға музыкалық тәрбие берудің негізі. Міне, сондықтан музыканы дұрыс қабылдай білуге тәрбиелеу музыка пәні мұғалімінің басты назарында болуы тиіс. Музыканы тыңдаған кезде бала еркін отыруы керек, бұл тәсіл орындалып жатқан шығарманы қозғалмай байсалды тыңдауына мүмкіндік береді.Тыңдайтын шығарманы үнтаспадан немесе баян, домбыра аспабында ойнау қажет. Сұрақ-жауап арқылы көз алдарына не елестеткендері туралы өз ойларын ортаға салады немесе сурет салу арқылы жеткізеді.

Мұғалімнің күнделікті сабақта пайдаланып жүрген әдістері музыкалық анықтамаларда түсіндіруге, оқушылар шығармашылығын, қызығушылығын арттыруына, жеке тұлғаның рухани дамуын тәрбиелеуге көмектеседі.

Соның бірі — баланы ұлттық музыка негізінде тәрбиелеу. Халық музыкасы, фольклорға құрметпен қарау, оны сүюі, ұлттық салт-дәстүрлерді қастерлеу баланың жас кезінен басталуы керек. Егер ұлттық нәрі бар дүние бала жүрегінде орын алса және оны өмірдің мәні деп қабылдаса, онда ол өз халқының, туған жерінің нағыз азаматы болады деп айтуға болады.

Мектептегі бір сағаттық музыка сабағы оқушылардың музыкалық бейімділігін жете дамыта алмайды. Сондықтан сабақтан тыс жүргізілетін музыкалық жұмыстарға қатысуы арқылы олардың қабілетін дамытуға мүмкіндік туады. Бұл жұмыстардың қай түрі болсын, оқушының музыка сабағынан алған білімін толықтыруға бағытталуы тиіс. Сыныптан тыс жүргізілетін жұмыстар балалардың музыкалық қабілетін дамытып, эстетикалық талғамын қалыптастырады. Бала бойындағы көркемдік талғам мен шығармашылық ізденіс дағдыларын дамытуда, талантын ұштауда мектептердегі үйірме жұмыстарының тәлім-тәрбиелік маңызы ерекше. Үйірмелерде оқушылар музыка сабағында алған білімін кеңейтіп, орындау дағдыларын тереңірек меңгеруге мүмкіндік алады.

Ж.К. Жунусбаева

Жетісу облысы, Талдықорған қаласы

Н.Тілендиев атындағы

балалар музыка мектебі