Мемлекеттік тілдің бүгіні мен болашағы

Тіл – халықтың жаны, мәдениетіміздің айнасы. Қазақстан Республикасының Конституциясының 7-бабы 1-тармағына сәйкес, еліміздің мемлекеттік тілі — қазақ тілі болып табылады. Мемлекеттік тілді меңгеру – Қазақстанның әрбір азаматының борышы. Қазақ тілі — өте терең әрі бай тіл. Әлемдегі ең көп таралған тіл – ағылшын тілі болса, ал ең сұлу тіл – қазақ тілі деп айтсақ қателеспейміз. Қазақ тілі – әлемдегі мағынасы көп, синонимдік тіркесі мол, сөйлесу стилі сұлу, ерекше тіл.

Мемлекетіміздің ішкі саясаттағы басым бағыттарының бірі – мемлекеттік тілді дамыту мен қолданыс аясын кеңейту болып табылады. Қазақстан – көп ұлтты мемлекет. Ұлтаралық келісім орнығып, өзара жарасым тапқан, тату елміз. Сондықтан мемлекеттік тіл – өзге ұлттарды ортақ мақсатқа ұйыстырудың құралы болуы тиіс. Қазақстанда тұратын барлық этностардың тілін сақтай отырып, ұлт бірлігін нығайтудың маңызды факторы ретінде саналған мемлекеттік тілді балабақша, мектеп, жоғары оқу орындары, мемлекеттік қызмет және қоғамдық саяси, әлеуметтік-кәсіпкерлік саласында батыл қолданысқа енгізіп, қазақстандықтардың өмірлік қажетіне айналдыру қажет. Өркениетті құлаш ұратын елдің өрісі қашанда білікті де, саналы ұрпақ тәрбиелеу болып табылады. Сауатты ұрпақ тәрбиелеу дегеніміз ол, өз ана  тілінде еркін сөйлей алатын, оны терең меңгерген, құрметтейтін ұрпақ. Ал ана тілін жақсы білмейінше сауатты сөйлеп, сауатты жазып, тіл байлығын мол қолданбайынша, шын мәніндегі мәдениетті адам бола алмайды. Сондықтан бұл бағытта  кешенді жұмыс атқаруымыз керек. Тіл тағдыры —  ел тағдыры екенін еш уақытта ұмытпайық. Сондықтан мемлекеттік тілді білу – өмір талабы, заман сұранысы, қоғам қажеттілігі.

Біздің міндетіміз оны барлық салада белсенді пайдалана отырып дамыту, тілдің қолданылу аясын арттыруға күш салу. Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында, қоғамдық қатынастардың барлық салаларында қолданылатын тіл болғандықтан, жүргізілетін барлық іс-қағаздар мен құжаттар мемлекеттік тілде болуы тиіс.  Мемлекеттік тілдің қолдану аясын одан әрі кеңейту мақсатында сот саласы қызметкерлерінің ішкі хат-хабарды, іс-қағаздарды толық қазақ тілінде жүргізіліп келе жатқанына да бірнеше жыл болды. Сотқа мемлекеттік тілде түскен істерді қарау судьяларға қиындық тудырмайды, алайда келіп түсетін арыздардың көпшілігі ресми орыс тілінде. Бұл әркімнің конституциялық құқығы. Мемлекеттік тілдің жарқын болашағына ресми қарым-қатынас тілі және ресми іс-қағаздар тілі ретіндегі мәртебесі биіктейтініне сеніміміз мол және осы ортақ іске бәріміз бірлесе атсалысқанымыз жөн. Өз тілімізді сүйе отырып, өзге тілге де құрмет білдіруге тиіспіз.  Қазақ тілін білу, оған құрметпен қарап, қадірлеу еліміздің әрбір азаматының асыл парызы.

Ұлан МАМЫТБЕК

Жетісу облысы Ескелді аудандық  сотының судьясы