САНАЛЫ ҰРПАҚ — ЖАРҚЫН БОЛАШАҚ

БІЛІМ КҮНІ – жас жүректердің дүрсілі. Бұл күн ұстаздар үшін де, оқушылар үшін де маңызы айрықша күн болып есептелінеді. 1-қыркүйекте біреулер мектеп табалдырығын алғаш рет аттаса, басқалары алтын ұясымен қайта қауышып отыр. Биыл алғашқы қоңырау демалыс күніне келуіне қарамастан, еліміздің түкпір-түкпірінде салтанатты шаралар өткізілді.
Ескелді ауданы бойынша 30 білім мекемелерінде білім күні «Саналы ұрпақ – жарқын болашақ» тақырыбында өткізілді. Солардың қатарында Алдабергенов ауылында орналасқан Байысов атындағы орта мектептің күрделі жөндеу жұмыстары толық аяқталмаса да, оқушыларын құшақ жая қарсы алды. Аудан әкімі Рауан Рақымбеков мектептің күрделі жөндеу жұмыстарымен танысу мақсатында арнайы барып, ұстаздар мен оқушыларды білім мерекесімен құттықтады. Байысов атындағы орта мектебінің директоры Ермұхан Қопабаев алдағы уақытта мектептің құрылысы толығымен аяқталып, мектеп оқушыларының жаңа мектепте білім алатын уақыты алда екенін тілге тиек етті. Мектеп оқушыларының ата-аналары да келген қонақтарға алғысын білдіріп, жаңа оқу жылында сәттілік тіледі.
Салтанатты шара барысында мектеп табалдырығын алғаш аттап отырған бүлдіршіндердің ұстазына «Білім кілті» табыс етіліп, 1-сынып оқушылары өлең жолдарын оқып берді.
Ажар САДАН.