Жетісу облысына 5 реанимобиль мен 3 инватакси сыйлады

«Samruk-Kazyna Trust» қоры әлеуметтік қолдау аясында Жетісу облысына 5 реанимобиль және 3 инватакси сыйлады. Бұл реанимобильдер облыс әкімінің халықпен кездесуі кезінде жедел жәрдем көлігі қажет деп өтініш-тілек білдірген аудандарға бөлінетін болады. Ал 3 инватакси Талдықорған қаласында қызмет көрсетпек, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

 «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры «Самұрық-Қазына» АҚ барлық компаниялар тобының атынан бірыңғай қайырымдылық қызметімен айналысады. Денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, бұқаралық спорт, халықтың әлеуметтік топтарын қолдау салаларында тұрақты түрде өз жобаларын жүзеге асырып келеді. Басты мақсаты Қазақстан Республикасы азаматтарының әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға көмектесу болып отыр.

Астана қаласында өткен «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының 2022 жылы атқарған қайырымдылық жұмыстарының қорытындысын шығаруға арналған шара барысында «Самұрық-Қазына» АҚ Қоғаммен байланыс және өзгерістерді басқару жөніндегі Басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов Жетісу облысының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Арман Жансеңгіровке облысымыз үшін 5 реанимобиль мен 3 инватакси арнайы көліктерінің сертификатын табыстады.

Еске салсақ, Жетісу облысындағы «Жедел жәрдем» стансының арнайы көлікпен қамтамасыз етілуі 100%-ға, ал халық санына шаққандағы бригадаларының саны 75-ті құрап отыр. Сол сияқты облыста қызмет көрсететін инватаксилер саны 23-ке жетті.