100 ЖАҢА ОҚУЛЫҚ: БОЛАШАҚҚА ЖАРҚЫН БЕТБҰРЫС


Студент кезімде кітапты көп оқитынмын. Тіл мен әдебиетті жаныма серік еткендіктен көбіне әдеби туындылар мен тілдің теориясына қатысты ғылыми еңбектерді зерделеуді әдетке айналдырып кеттім. Көптен кітап дүкендерін араламап едім, жақында «Меломан» дүкендер желісінің біріне жолым түсті. Бұрындары қазақ тіліндегі кітаптардан тек өзіміздің төл әдебиеттерді, болмаса Кеңес үкіметі кезінде жарыққа шыққан еңбектерді көретінмін. Ал қазір әлемдік деңгейдегі заманауи кітаптардың түрлері көбейген және олардың барлығы қазақ тілінде сайрап тұрғаны көңіліңді жадыратады. Көздің жауын алған кітаптардың дені тұңғиығы тереңінен толғайды екен.
Елбасының 2017 жылы жарық көрген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының аясында біршама жобалардың тұсауы кесіліп, көптеген игі істер жүзеге асырылуда. Мақаланың «Таяу жылдардағы міндеттер» атты екінші бөлімінде қоғам алдына жақын келешекте атқарылуы тиіс бірнеше өзекті міндеттер қойылды. Соның ішінде жаңа гуманитарлық білім беру бағыты бойынша қолға алынған «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасының арқасында өзім кітап дүкенінен көрген кітаптардың қарасы көбейіп отыр. Бұл жобаның арқасында қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар бағытына сәйкес біршама кітап қазақ тіліне аударылды. Қазірде Ұлттық аударма бюросында іріктеліп, аударылып жатқан кітаптардың санының өзі бір әңгіме.
Аталған жоба аясында екі жылдан бері гуманитарлық білімнің бағыттары бойынша әлемдегі ең үздік деген университет оқулықтары түрлі тілдерден қазақ тіліне аударылып, дүние жүзіндегі таңдаулы үлгілер білімгерлерге ұсынылып отыр. Аударылып жатқан оқулықтардың басым бөлігі ағылшын, аз ғана бөлігі француз бен орыс тілдерінде. Және кітаптардың кейбірінің орысша нұсқалары болғанына қарамастан, аударма бюросы оқулықты түпнұсқадан тікелей аударуға үлкен мән беріп отыр екен.
Жалпы жоба қолға алынғаннан бастап бүгінгі күнге дейін философия, әлеуметтану, психология, дипломатия, дінтану, лингвистика, семиотика, педагогика, интернет психологиясы, мәдениеттану, антропология, журналистика, экономика, менеджмент, маркетинг, кәсіпкерлік, халықаралық құқық салалары бойынша жалпы 48 оқулық аударылыпты. Оның барлығы дерлік студенттер қауымы үшін. Сондықтан да кітаптар10 мың данадан басылып, жоғарғы оқу орындарына тегін таратылуда. Сонымен қатар, оқулықтардың электронды нұсқасы Қазақстанның ашық университеті – openU.kz платформасына жүктелген.
Екі жылдан бері аударылған елуге жуық кітаптардың қатарында жоғарыда аталған салалар төңірегінің әрбіріне оқулықтардың бір шоғыры топтастырылып қалды. Мысалы, философия бағытында мәнді-мағыналы 6 кітап болса, лингвистика, психология, менеджмент салаларына 4 кітаптан дайын оқулықтар көпке көмегін тигізуде. Солардың ішінде менің өмірлік наныма айналған журналистика мен қай салада жүрсем де көңілімді аударатын психология бағыттарының кітаптары қолымнан түспей қойды. Аталмыш бағдарламаның кернеуінде жарық көрген бұл кітаптар басқаларының да маңызын ашады деген мақсатта үш-төрт кітапты көпшілікке талқылап ұсынуды жөн көрдім.
Гарвард, Оксфорд, Кэмбридж, Корнель, Стэнфорд және Калифорния сияқты әлемнің жетекші университеттері пайдаланатын белгілі ғалым Эллиот Аронсонның «КӨПКЕ ҰМТЫЛҒАН ЖАЛҒЫЗ. ӘЛЕУМЕТТІК ПСИХОЛОГИЯҒА КІРІСПЕ» атты кітабы отандық университеттердің қорына өткен жылы түсті. 1972 жылы алғаш жарық көргеніне қарамастан, бүгінгі күнге дейін 11 рет қайта басылған. Аталмыш кітап 50 жылға жуық уақытта үнемі жаңарып отырған. «The social animal» деп ағылшын тілінде аталатын бұл кітап қазақ тіліне тікелей аударғанда «Қоғамдық жануар» дегенді білдіреді. Ресейде оны «Общественное животное» деп алған. Ал біздің ғалымдар мен жазушылар қазақ тілінде жануар деген сөз адамға қатысты айтылмайтынын алға тартып, шығыстанушы Ғ.Боқаштың ұсынған «Көпке ұмтылған жалғыз» атауын таңдауға тоқтамға келген. Бұл атау кітаптың табиғатын ашып, Елбасы тұсаукесер рәсімінде өзінің оң бағасын берген екен.
Тек студенттер қауымына ғана емес, қарапайым оқырманның қызығушылығын оятатын кітапта адамның сыртқы ортаға бағынуы, түрлі жағдайларда мойынұсынуы мен өзін-өзі ақтап алуы, көзсіз сенімге еруі, ұнатуы, ашуға бой алдыруы, үгіт-насихат жетегінде кетуі сияқты маңызды факторларды Америкада болған мысалдар арқылы айқын баяндайды. Еңбек әлеуметтік психологияға жаңаша қарауға, ең бастысы, адам психологиясындағы ерекшеліктерге мұқият болуға баулиды. Тілі жеңіл, тартымды. Көзіқарақты оқырман ретінде маған тамаша ой салып, жеке кітапханамның төрінен өзіндік орнын алып үлгерді.
Журналистика саласында еңбек ететін, болмаса медиа бағытын жанынан серік еткен жандарға Ли Энн Пэк пен Гай С.Рилдің «МЕДИАЭТИКА» оқулығында құнды ақпараттар топтастырылған. Елімізде алғаш 1870 жылдары жарық көрген «Түркістан уәлаятының газеті» мен «Дала уәлаятының газетінен» бастау алған журналистиканың тарихына бүгінгі заманның қолтаңбасы қажет-ақ. Бізде бұл салада қызмет еткен іргелі ғалымдардың еңбектері баршылық. Дегенмен, бүгінгі қоғам үшін әріптестік ынтымақтастық ауадай қажет. Сондықтан осы сынды оқулықтар кәсібін қаламмен ұштастырғандарды жоғары тәжірибемен қамтамасыз етпек.
«Медиэтика» 2012 жылы жарыққа шықса да Гарвард, Оксфорд және Корнель университеттерінде тұрақты оқытылады. Бұл кітапта бұқаралық ақпарат құралдары саласында кездесетін этикалық мәселелерді шешу жолдары тамаша мысалдармен көрсетілген. Мысалы, жарнама, жаңалықтар, қоғамдық қатынастар саласында жұмыс істейтін жас мамандар тап болған күрделі мәселелер мен шынайы оқиғалар көрсетілген. Әрбір жағдаят кеңінен баяндалып, қатысушылар әрекеті арқылы жан-жақты қамтылған. Сондықтан әрбір оқырман «Бұл жағдайда мен не істер едім»» деп өз-өзіне сұрақ қойып, ой үстінде отырады. Сол арқылы авторлар оқырманын шынайы тәжіриден өткізіп отырады. Өмірде кездесетін тосын, күрделі мәселелерден жол табуға үйрететін тағылымды еңбектің құндылығы да осында жатыр.

ТҮЙІН
Бұл жоба уақыт талабынан туындап отырғаны белгілі. Біз өзімізді дамытпақ болып, қолымызға кітап алған жылдары қазақ тілінде жазылған бірден-бір кітаптың болмағаны, санамыз орысша оқып, қазақшаға аударып жүрген біздерге осындай оқулықтар ауадай қажет болатын. Шынын айтсақ, біздің университеттердің барлығында дерлік әлі күнге дейін көбінесе орыс тіліндегі шетелдік әдебиеттер қолданылады. Ал бұл болса қазақ тілінің ғылым тіліне айналуын тежейді, орыс тіліне деген тәуелділікті арттырады. Егер қазақ тілін дамытамыз, білім мен ғылым тіліне айналдырамыз десек, шет тілдеріндегі оқулықтар мен ғылыми әдебиеттердегі маңызды ақпаратты түпнұсқадан ала білуіміз маңызды. Сондықтан өзге тілден ақ тер, көк тер болып аударып жатқан біздің аудармашыларымыздың еңбегі инемен құдық қазғандай. Бұл жол шынайы рухани жаңғыруға басқан сенімді қадам деп есептеймін. Жаһандық деңгейде бәсекеге қабілетті боламыз десек, әлемдік деңгейдегі ең озық оқулықтардан, ғылыми әдебиеттерден білім алған абзал. Елбасымыз аталмыш мақаласында айтпақшы, әлемнің үздік 100 оқулығының қазақ тілінде шығуы 5-6 жылдан кейін өз жемісін әлі-ақ береді.

ҰСЫНЫС
Әр салада орнын ойып алатын осындай еңбектерді әрбір қазақстандық міндетті түрде саралауы қажет деп есептеймін. Әлемнің әр шаршысында оқылатын осындай үздік кітаптар көп екенін ескере отырып, «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық емес» «Қазақ тіліндегі 1000 жаңа оқулық» жобасына айналуын қалар едім. Елбасының бұл жобасына еліміздегі кәсіпкерлер, жалпы кез келген жанашыр азамат қолдау көрсетсе, нұр үстіне нұр болар еді. Себебі, рухани жаңғыру халыққа жолданған бағдарлама емес, ол – бүкілхалықтық іс. Оған әркім атсалысуы керек, себебі ол біздің болашағымызға арналған жаңа бетбұрыс.

Зейнегүл ЖҰМАБЕКОВА