Еңбегі ерен ер ана

Социалистік Еңбек Ері Нүрилә Жидебаеваның туғанына 100 жыл толуына орай

Еңбегі ерен ер ана

Жетісу өңіріндегі бұрынғы Шұбар, қазіргі Ескелді ауданы, Алдабергенов ауылында  көргені жақсы көш бастаған, еңбекпен бақытын тауып, туған Отанынадеген борышын адал ақтаған абзал азаматтарымыз, аяулы аналарымыз көптеп саналады. Олардың 21 Социалистік Еңбек Ері атанып, омырауларына алтын жұлдыз қадап, бір ауылдан шыққан Еңбек Ерлері туған жер тарихына өшпестей із қалдырды. Соның бірі Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Нұрмолда Алдабергеновтың замандастары, қант қызылшасын өсірушілер звеносының жетекшісі болған – Социалистік Еңбек Ерлері Жидебаева Нүрила.

Социалистік Еңбек Ері Жидебаева Нүрилә 1922 жылы қасиетті мекен- Талдықорған  облысы (қазіргі Жетісу) Талдықорған (Ескелді) ауданының Шұбар  (Алдабергенов) ауылында дүниеге келді. Қарапайым шаруа отбасында тәрбиеленіп, сол тұстағы замана ауыртпалығынан және ата-анасынан ерте айырылу салдарынан еңбекке ерте араласты. Еңбек жолын 1938 жылы «Жаңаталап» колхозында бастады. Бұл колхоз кейін Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Нұрмолда Алдабергенов басқарған барша Одаққа танылған беделді ауылшаруашылыққа айналды.

1941 жылы Н.Жидебаеваны  басшылар үлкен сенім артып, қызылша өсірушілер звеносына жетекшілікке сайлайды. Ол бойындағы бар күш-жігері, білім-білігін ұжымындағы жандардың ұйымшылдықпен айтулы табыстарға жетуіне аянбай жұмсай білді, уақытпен санаспай, күннің атысынан қараңғы түскенге дейін егістік алқабында жүретін.

Н.Жидебаева алғаш 1947 жылы 2 гектар қант қызылшасының әр гектарынан 815 центнерден өнім алды. Келесі жылы егіс алқабын бір гектарға көбейтіп, әр гектардан 931 центнерден тәтті түбір жинады.  Бұл жоғары көрсеткіш рекорд болды. Мұны құрамында 30 адамы бар, сонау Болгариядан келген бір топ делегация мүшелері өз көздерімен көріп, сенер-сенбестерін білмей таңқалысты.  Ерен еңбек көрсеткіші жоғары бағаланып, 1949 жылдың 20 мамырында КССРО Жоғарғы Советі Президиумының Жарлығымен Социалистік Еңбек Ері атағы беріліп, Ленин орденімен наградталды.

1955 жылы Одақтық дәрежедегі зейнеткер шығып, Талдықорған қаласының және ауданның қоғамдық өміріне белсене араласып тұрды. Өмірден көріп-білген ұлағатты өнегесін жас ұрпақ өкілдеріне, өндіріске келген жас мамандарға жалықпастан үйретті.

Н.Жидебаева жолдасы Ұлы Отан соғысы ардагері Қажеке Наурызбаевпен төрт ұл , бір қыз тәрбиелеп өсірген бақытты отбасы. Балаларының барлығы жоғары білім алып, бүгінгі таңда ел тәуелсіздігінің баянды болуы жолында белсене қызмет етуде.

2005 жылы Нүрилә Дүйсебайқызы Жидебаеваның   «Офсет» баспаханасынан «Бақыт  кілті»  атты өмірбаяны мен еңбек жолы туралы жазылған  кітабы басылып шықты. «Бақыт кілті» атты кітабы екі бөлімнен тұрады. Алғашқы бөлімі – «Мөлдір бұлақ» эссесі, екіншісі – «Қалам бедерлеген бейне» атты толғаулар. Бұл кітапта әрбір оқиғаның қоғам дамуымен қабырғаласа өрбуі, дәйекті де қызықты деректердің шұрайлы тілмен көмкерілуі оқырмандарды ықыластандыра тарта түседі.

Нүрилә Жидебаева жолдасы Ұлы Отан соғысы ардагері Қажеке Наурызбаевпен екеуі төрт ұл , бір қыз тәрбиелеп өсірген бақытты отбасы. Олардың әрқайсысын тәрбиелеп оқытып, азамат етіп шығарғандығы үшін  бүкіл ел алдында мәртебесі биік. Балаларының барлығы жоғары білім алып, бүгінгі таңда ел тәуелсіздігінің баянды болуы жолында белсене қызмет етуде.

Социалистік Еңбек Ері, асыл ер ана Нүрилә Дүйсебайқызы Жидебаеваның еңбекпен жеткен биік мәртебесі ешқашанда аласармақ емес.

Г.Шаймуханбетова,

Н.Алдабергеновтың мемориалды музейінің меңгерушісі