ІСКЕР ЖАНДАРҒА АРНАЛҒАН ЖОБА

Биыл Жастар жылына орай «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы жастарды қолдау мақсатында жас кәсіпкерлікті дамыту мен қолдауға бағытталған «Жас кәсіпкер» оқу жобасын іске қосқан болатын.
Бұл жоба жұмыссыз, тұрақты табысы жоқ, 18-29 жас аралығындағы жігіттер мен қыздарға арналған. 3 апта оқу жобасында мемлекет тарапынан шәкіртақы төленеді. Мұнда іш пыстыратын дәрістер мен ескірген деректерге орын жоқ. Мемлекет бағдарламасы бойынша өз бизнес жобаларын және тың ойларын іске асыруға білікті мамандар тарапынан кеңес және жас кәсіпкерлерге оқу аяқталғанда сертификат беріледі. Сертификат негізінде 200АЕК, 100АЕК және 3 млн-ға дейінгі қайтарылымсыз грантқа қатысуға және 6 пайызбен несие алуға мүмкіндік береді.
Ескелді аудандық кәсіп-керлер палатасының филиалы биыл екінші ағым бойынша өзінің бағытын тауып, табысты болғысы келетін жас кәсіпкерлерді оқытып жатыр. Ал кәсіпкерлер палатасына жалпы 100-ге жуық өтініш келіп түскен.
Екінші ағым бойынша білім алып жатқан жас кәсіпкерлердің тыныс-тіршілігімен танысып қайту мақсатында олардың сабақтарына қатыстық. Олар бизнес-жоспардың не екенін, оның қалай жазылатындығын, қалай есептері көрсетілетінін, өз жобасын қалай қорғай алатындарына қызығушылықтарын танытуда. Ал бизнес-тренер Жандос Супабековтің тарапынан бизнес-идеяның не екені және оны қалай жүзеге асыруға болатыны толықтай түсіндірілуде.
Жалпы қанаты жайылған жоба жастарға мотивация бере отырып, кәсіпкерлік ортаға терең бойлауға ынталандырады. Ол – алдарына мақсат қою, оны іске асыру және жарқын болашаққа үмітпен қарау.
Ақбота ОРАЛБЕКОВА.