Қылмыстық-атқару заңнамасының негізгі мақсаты әлеуметтік әділдікті қалпына келтіру, сотталғандарды түзеу, сотталғандардың, сондай-ақ, өзге де адамдардың жаңа қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауының алдын алу болып табылады.
Бұл ретте қылмыстық жазаларды орындаудың тиісті сапасы, оның ішінде сотталғандардың және тергеу-қамауына алынған адамдардың жазаларды өтеудің белгіленген тәртібін сақтауы осы бағытта шешуші рөл атқарады.
Бүгінгі таңда бұл мәселедегі проблемалардың бірі — әртүрлі айла әдістерді қолдана отырып, жасырын түрде мобильді байланыс құралдарының мекемелердің аумағына заңсыз енуі.
Қазіргі әлемде мобильді байланыс құралдары мен олардың мүмкіндіктері адам қызметінің барлық салаларына кеңінен енгенін ескере отырып, мұндай құрылғылардың сотталғандар мен тергеу қамауына алынған адамдардың қолында болуы қылмыстық жазаларды орындаудың тиісті тәртібін бұзып қана қоймай, жалпы қоғамдық қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпке елеулі қауіп төндіреді.
Мәселен, сотталғандардың қашуы, мекемелерден тыс жаңа қылмыстар (мысалы, алаяқтық, бопсалау және т.б.) жасау, қылмыстық қызметті, оның ішінде трансұлттық қылмыстық топтарды, қауымдастықтарды ұйымдастыру және үйлестіру үшін мобильді байланыс құралдарын пайдалана алады.
Сондай-ақ, ұялы телефондар есірткі құралдары, кескіш-тескіш заттар, телефондар және т.б. тыйым салынған заттарды ҚАЖ мекемелерінің аумағына заңсыз жеткізуді ұйымдастыру үшін пайдаланылуы мүмкін.
Тек 2022 жылдың 10 айында ҚАЖ мекемелерінің аумағына 203 тыйым салынған зат лақтырылды, олардың 100-і бойынша құқық бұзушылар (104 адам) ұсталды.
Лақтырудың жолын кесу кезінде 407 бірлік ұялы телефон, 4,5 кг есірткі, 62 литрден астам спирттік ішімдіктер, 4 мыңнан астам психоактивті препараттар тәркіленді.
Қоғам үшін тағы бір проблема — интернеттегі алаяқтық.
Бүгінгі күні іс жүзінде әрбір азамат немесе оның жақын ортасындағы адамдар алаяқтардың ақша аудару, несие беру және т.б. арқылы олардың мүлкін иемдену әрекеттеріне тап болды.
Мұндай қылмыстар олардың ерекшеліктеріне байланысты жиі ашылмай қалады, сондықтан Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында (2022 жылғы 1 қыркүйектегі) құқық қорғау органдарына осы қатерлерді анықтау және бейтараптандыру жөнінде тапсырмалар берді.
Тек ағымдағы жылы ҚАЖ мекемелерінде ұсталатын интернет-алаяқтық жасауға қатысы бар 3 сотталған анықталды, эпизодтардың жалпы саны — 57 фактіні құрады.
Сотталғандардан ұялы телефондарды табу және алып қою, оларды жеткізу арналарын жабу және басқа да іс-шаралар бойынша қабылданып жатқан шаралар жағдайды түбегейлі жақсы жаққа өзгертуге мүмкіндік бермейтінін атап өту қажет.
Нәтижесінде, 2020 жылы қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде 3 мыңнан астам мобильді құрылғы тәркіленді.
2021 жылы тек бір мекемеде (Жамбыл облысы бойынша ҚАЖД ЖД-158/7) ағаш материалдарын түсіру кезінде 137 ұялы телефон табылды.
Арнайы контингенттің мобильді байланыс құралдарын заңсыз пайдалануына қарсы іс-қимыл жөніндегі шаралардың бірі Ұялы байланыстың абоненттік құрылғыларын тіркеу қағидаларына сәйкес қылмыстық-атқару жүйесі органының өтініші бойынша ұялы байланыс қызметтерін (абоненттік құрылғы жұмысының сәйкестендіру коды бойынша) тоқтата тұру мүмкіндігі болуы мүмкін.
Өзара іс-қимыл мемлекеттік радиожиілік қызметінің бөлімшесі болып табылатын ұялы байланыстың абоненттік құрылғыларының сәйкестендіру кодтары дерекқорының операторы (СКД операторы) арқылы жүзеге асырылады деп болжанады.
Осылайша, қылмыстық-атқару жүйесінің органы СКД операторына олардың жұмысын тоқтата тұру үшін мекемелер аумағында заңсыз әрекет ететін (техникалық құралдарды пайдалана отырып анықталған) құрылғылардың
ИМЕЙ-кодтары тізімдерін жіберетін болады.
Осыдан кейін СКД операторы телефон иесінің өтініштері негізінде мобильді құрылғылардың жұмысын бұғаттауды болжайтын қолданыстағы механизмге ұқсас абоненттік құрылғының жұмысын тоқтата тұру (бұғаттау) жөнінде шаралар қабылдайды.
Абоненттік құрылғылардың жұмысын тоқтата тұру (бұғаттау) жөніндегі
іс-қимыл тәртібін Ұялы байланыстың абоненттік құрылғыларын тіркеу қағидаларына толықтырулар енгізу арқылы заңға тәуелді деңгейде регламенттеу көзделеді (ҚР АКМ 2018 жылғы 23 мамырдағы № 226 бұйрығы).
2021 жылдың наурыз айынан бастап Ресей Федерациясында мекемелер аумағында ұялы телефондарды заңсыз пайдалануға қарсы іс-қимыл бойынша осындай тәсіл енгізілді.
Осы мәселелерді шешу үшін Қылмыстық-атқару кодексінің 97-бабына және «Байланыс туралы» Заңның 15-1, 41-1-баптарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу, сондай-ақ заңға тәуелді деңгейде бірқатар НҚА қабылдау талап етіледі.
Осыған байланысты, Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің 2015 жылғы 30 қарашадағы № 748 бұйрығымен бекітілген Реттегіш құралдардың және (немесе) талаптардың реттеушілік әсеріне талдау жүргізу және пайдалану қағидаларына сәйкес реттеушілік әсерді талдау нәтижелерін талқылауды 2022 жылғы 19 желтоқсан сағат 9.00-ден 2022 жылғы 22 желтоқсан сағат 9.00-ге дейін жүргізу туралы хабардар етеміз.