Қазіргі кезде сыбайлас жемқорлық әлемнің кез келген елінде, оның ішінде Қазақстанда да әлеуметтік құбылыс ретінде таралуын жалғастырып келеді. Сыбайлас жемқорлық әлеуметтік-экономикалық даму үдерісін, нарықтық экономиканың құрылуын, инвестициялар тарту процесін тежейді. Демократиялық мемлекеттің саяси және қоғамдық институттарына кері әсерін тигізеді, елдің болашақ дамуына елеулі қауіп төндіреді. Сол себепті Қазақстан Республикасының мемлекеттік саясатының негізгі басымдылықтарының бірі — сыбайлас жемқорлықпен күресті жүргізу болып табылады.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заң талабының аясында жемқорлыққа қарсы іс-әрекеттер әр салада жүзеге асырылуда. Әсіресе, халық сыбайлас жемқорлықтың бір түрі — парақорлық дертімен жиі бетпе-бет келеді. Сондықтан кез келген ортада пара беру мен пара алудың жолын кесуде қоғам болып белсенділік танытуымыз қажет. Мемлекеттік қызметкерлердің сыбайлас жемқорлыққа жол беруі мен осы тұрғыдағы құқық бұзушылықтарға бой алдыруының себебі көп. Оған ең алдымен қызметкерлердің білім деңгейінің, әдептілік ұстанымының төмен болуы әсер ететін болса керек. Кей мемлекеттік қызметкерлердің құқық бұзушылыққа немқұрайлық танытуы, кәсіби әдептілігінің жетіспеуі де, жеке басының қамын ойлауы да парақорлықтың көбеюіне жол беруде. Сондай-ақ, кейбір мемлекеттік орган басшыларының сыбайлас жемқорлыққа қарсы заң талаптарын атқаруда ынта танытпай, жұмыс жүргізбеуінің әсерінен жемқорлықтың тамыры тереңдеуде. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет әр адамның құқықтық сауатына да байланысты. Бұл дерттің жойылмауының тағы бір себебі жастардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы санасының қалыптаспауында. Сондықтан сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруды оқу орындарынан бастаған дұрыс. Ендіге жас буынға жемқорлықтың теріс салдары туралы ақпаратты дұрыс жеткізу олардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетінің қалыптасуына, өз құқықтары мен міндеттерін терең ұғынуына байланысты. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы сана қалыптасқан жағдайда адам адамгершілікке жат қылықтардан бойын аулақ ұстай бастайды, заңға қайшы келетін әрекеттерді жасауға жол бермейді.
Бүгінгі таңда жемқорлықпен күресудің ең басты міндеттерінің бірі, қоғамның барлық саласына еніп бара жатқан жемқорлыққа батыл тосқауыл қойып, зардаптарын жоя отырып, мүдделерді жауапқа тарту болып табылады. Сонымен қатар жастарымыз сыбайлас жемқорлықты елдің дамуын тежейтін аса қауіпті қоғамдық дерт екенін түсінуі тиіс. Сыбайлас жемқорлықпен үздіксіз күрес жүргізу тек сот, құқық қорғау немесе мемлекеттік органдардың ғана емес, барлық ұлтжанды азаматтардың парызы деп ұғынған жөн. Мемлекетіміздің әрбір азаматы Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңдарын сақтауға, басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтарын, абыройы мен қадір-қасиетін құрметтеуге міндетті.
Санат САРКЫТОВ
Жетісу облысы Ескелді аудандық
сотының аға сот приставы