ТӨРТ КӨПБАЛАЛЫ ОТБАСЫ БАСПАНАЛЫ БОЛДЫ

Ескелді ауданында үй алу кезегі бойынша қазір 1062 адам кезекте тұр. Оның ішінде 196-сы көпбалалы отбасылар екен. Ал бүгін Қарабұлақ, Ақын Сара, Бақтыбай және Сырымбет ауылдық округтерінде төрт бірдей көпбалалы отбасы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы арқылы баспаналы болды. Оларды жаңа қуаныштарымен құттықтау үшін аудан әкімі Рауан Рақымбеков арнайы барып, үйдің кілттерін үй иелеріне табыс етті.
«Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасы Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасы бойынша әзірленіп, тұрғын үй құрылысын қолдаудың жаңа тетіктерін және бұрын қабылданған мемлекеттік және салалық бағдарламалардың тетіктерін біріктірді. Бағдарламаның негізі елдегі халықтың әр тараптарының тұрғын үй мәселелерін кешенді шешуге бағытталған. Бүгінде бұл бағдарлама негізінде көптеген отбасылар қоныс тойын тойлап үлгерді.
Ал бағдарламаның бірінші бағыты «Сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй салу», яғни салынған жалға берілетін тұрғын үй әкімдіктердің тізімінде тұрған халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына кезек тәртібінде сатып алу құқығынсыз ұзақ мерзімді жалға беруді көздейді. Бағдарламаның осы бағыты бойынша көпбалалы жанұяларға тұрғын үй алу үшін Ескелді ауданына 50 млн. теңге қаражат бөлінген болатын. Оның ішінде 34 млн. теңге республикалық, ал қалған 16 млн. теңгесі облыстық бюджеттен бөлініп, төрт бірдей отбасы қуанышқа кенеліп отыр.
Солардың қатарында қаншама жылдан бері пәтер жалдап, 6 бала тәрбиелеп отырған Қарабұлақ ауылының тұрғыны Бибігүл Бектұрованың қуанышында шек жоқ:
— Бұл жаңалықты кеше ғана естідік. Қатты қуандық. Арманымыз орындалғанына әлі сенбей отырмыз. Үй қатты ұнады. Бір қонақ бөлме, екі жатын бөлме және ас үйі бар. Ауласы кең, моншасы да бар. Өте ыңғайлы. Арнайы құттықтап келген аудан басшыларына зор алғысымды білдіремін», — деді бал-бұл жайнап.
Алдағы уақытта осы бағдарламаның аясында Қарабұлақ ауылдық округінен екі үй және Қоңыр ауылдық округінен бір үй сатып алынбақшы. Оған барлық құжаттар реттеліп, конкурсқа ұсынылып қойды. Сонымен қатар, аудан орталығында 35 және 60 пәтерлі үйлер бой көтеруде. 35 пәтерлі үй қазан айында, ал 60 пәтерлі үй желтоқсан айында пайдалануға беріледі. Қоныс тойын тойлайтын отбасылардың қатары жақын арада тағы көбейеді.
Зейнегүл ЖҰМАБЕКОВА.