Тәуелсіз Қазақстанның келешегі жас ұрпақты тәрбиелеп отырған мектеп дейтін болсақ, сол мектепте орналасқан кітапхана осы міндетті бірге атқарады. «Кітап — білім бұлағы, білім-өмір шырағы» бұл сөзде оқуға көп көңіл бөлудің маңыздылығы айтылады. Кітап — біздің рухани құндылығы-мыз, теңдесіз байлығымыз. Өйткені замандардың тұңғиық тереңінен сыр шертетін тарихты да, әдебиетті де, басқа ғылым кереметтерін де кітапханадан табамыз. Кітапхана — оқырманмен кітап арасындағы негізгі алтын көпір. Ал кітап пен кітапхананың тіршілігіне жан беретін,ұлттық құндылықтар мен оқырмандар арасын жалғастырушы — кітапханашылар.
Кітапханашы өзі оқып-білген жаңалықтың бәрін оқушыларға сол қалпында жеткізуші міндетін атқарады.
Мектеп партасында отырған оқушыларды рухани байыту-кітапхананың төл ісі. Сондықтан біздің кітапхана өзіне мынадай міндеттер қабылдайды:
1. Өз бетімен кітап оқуға баулу;
2. Сөздік қорын молайту;
3. Жан-жақты дамыған баланы тәрбиелеуге ат салыстыру;
4. Оқушылардың ой-өрісін кеңейтуге,оқу деңгейін көтеруге жәрдемдесу;
5. Мектептің педегог қызметкерлерінің кәсіби шеберлігін көтеруге
көмектесу;
6.кітаппен және кітапханалық анықтама, библиографиялық әдебиеттермен
жұмыс істей білуге дағдыландыру.
Әр кітап өзінше бір құпия. Еліміздің баспаларынан жыл сайын бірнеше миллиондаған кітаптар басылып шығады.
Оқушыларды сауаттылыққа баулуда кітапханашы оқушылармен тығыз байланыста болып, олардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру мақсатында кітапханада кездесу кештері, тақырыптық кештер, сайыстар, оқу конференцияларын өткізуге болады. Оқушыларды сауаттылыққа баулуда оқу конференциясының ролі ерекше. Оқу конференциясының мақсаты: оқушыларды кітап оқуға қызықтыру, оқыған кітабы жайлы ой-толғаныс жасау, оқушыларды шығармашылықпен ізденуге үйрете отырып, ой-қимылын дамыту, таным қабілеттерін арттырып, дүниетанымын кеңейту, шығарма-дағы қойылған проблеманың шешімін өзі табуы, ізденуі білімнің санаға сіңіп, ұғым түсінікке ынтық болуына, оқығанды көңілге ықыласпен тоқудың арнасы ашылады Осындай шаралар арқылы кітап құмарлыққа, сауаттылыққа, дүниетанымын кеңейтуге, сөздік қорын молайтуға ықпал ету.
Атаулы күндерге байланысты жазушыларға арнап көрме ұйымдастырып, оларға библиографиялық шолулар жасап отыру әр кітапханашының міндеті.
Оқушылардың жас ерекшеліктеріне қарай сауаттылыққа баулу да әр түрлі болады. Мысалы оларға жеке-жеке тапсырма беріп, көлемі шағын шығарма-ларды бірлесіп оқуды ұйымдастыру, дауыстап оқу, кітап туралы әңгіме өткізу, мұндай жұмыстар көбінесе 5-8 сынып оқушыларымен өткізіледі. Ал әдеби кеш пен оқу конференциясын 9-11 сыныптармен ұйымдастырған тиімді.
Жеке жұмыс түрі ретінде әңгімелерді ұсынылатын кітап туралы,оқыған кітап туралы,кітапхана және оның ақпарат қоры туралы деп қарастыруға болады.
1. Кітапханаға жазу барысындағы әңгіме – кітапханашы кітапхананы пайдалану ережесімен таныстыра отырып,оның мүмкіндіктері жайлы әңгімелейді және оқырман туралы жұмысына қажетті мәліметтерді алады. Бұл мәліметтер кітапхананың жаңа оқырманымен жұмыстың жалпы бағыттарын, стратегиясын анықтауға әрі оқушының оқу мәдениетінің деңгейін білуге көмектеседі.
2. Кітапты беру кезіндегі ұсыныс әңгіме.Әңгімені өткізу барысында кітапханашы кітаптың мазмұнын,оқушының оқырмандық деңгейін,оның қызығушылығы мен сұраныс сипатын ескеруі тиіс.Ұсынылатын әдебиеттердің көлемі,кітапханашы мен оқырман арасындағы қатынастың демократиялығы кітапханашыдан таңдауға тек бірнеше кітапты ұсынуды ғана емес,сонымен бірге оқырманның осы әдебиетттердің дұрыс іріктелгендігіне көзін жеткізуді талап етеді.
Кітапханашы оқырманның негізгі сұранысына сай, сонымен қатар жаңа ақпаратты қамтитын немесе басқа жанрда жазылған кітаптарды да ұсынады.
Қорыта айтқанда, өмірде бар нәрсе өзгереді, тек кітапхана халық қажетіне жарап, ғасырлар бойы жасамақ. Осы құндылығымыз ешқашан жоғалмай, келешек ұрпақ осы асыл қазынамыздан нәр алып, сусындай берсін!
Р.Доспаева,
Ш.Уәлиханов атындағы
орта мектеп-гимназиясының
кітапханашысы