Жергілікті желі жолдарының нормативтік жағдайдағы үлесін жыл соңында 85%-ға дейін жеткізу көзделген (Видео)

Елімізде жылдың соңына дейін жергілікті желі жолдарының нормативтік жағдайдағы үлесі 85 пайызға дейін жеткізілетін болады. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР ИИДМ Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Төлеген Абдуллин хабарлады.

Бүгінгі таңда жергілікті маңызы бар автожолдардың жалпы ұзындығы 71 мың шақырымды құрайды. Соның 80%-ы немесе 56 мың шақырымы нормативтік жағдайда. Облыстық және аудандық маңызы бар автожолдарды, сондай-ақ көше-жол желісін дамыту, жөндеу және күтіп ұстау жергілікті атқарушы органдардың қарауында.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жергілікті атқарушы органдардың алдында 2025 жылға қарай жергілікті маңызы бар жолдардың 95%-ын нормативтік жағдайға келтіру міндеті тұр. Бұл межеге қол жеткізу үшін 2025 жылға дейін ЖАО жергілікті маңызы бар жолдардың кемінде 14 мың шақырымын құрылыс және жөндеумен қамтамасыз етуі тиіс», — деді Төлеген Абдуллин.

2022 жылы жергілікті маңызы бар жолдарды салуға және реконструкциялауға 372 млрд теңге бөлінді. Жол-жөндеу жұмыстарымен 4,6 мың шақырым қамтылған.

Орындалған жұмыстардың қорытындысы бойынша жылдың соңына дейін жергілікті желі жолдарының нормативтік жағдайдағы үлесін 85%-ға дейін жеткізу көзделген.