Мектепке дейінгі ұйымдағы әдістемелік жұмыстың түрлері

Мектепке дейінгі ұйымда жүргізілетін әдістемелік жұмыс түрлері педагог мамандардың сапалық құрамына, педагогикалық шеберлік деңгейіне, жұмыс тәжрібиесі т.б. байланысты болады.

Әдіскер тәрбиешілерге арнап әдістемелік көмектің бірнеше түрін ұйымдастырады. Олар кеңестер, тақырыптық әңгімелесу, семинарлар, іскерлік ойындар. Қазіргі уақытта педагогтарға кеңес беру емес, олармен белгілі бір  мәселе бойынша ақылдасқан әлдеқайда ұнайды. Қазіргі уақытта мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту жүйесі инновациясыз дами алмайды. Туындаған мәселелерді шешу үшін әдістемелік жұмысты ұйымдастырудың жаңа түрлері мен әдістері қажет. Әрбір педагогтың кәсіби шеберлігін арттыруға, жеке тұлғалық өсуіне, шығармашылық мүмкіндіктерінің ашылуына мүмкіндік туғызатын модель келесі топтардан тұрады:

1) әдістемелік кеңес;

2) педагогтардың шығармашылық тобы;

3) тәлімгер педагогтар тобы;

4) ақпараттық қолдау тобы;

Әдістемелік кеңес жылына 4-рет өткізіледі. Әдістемелік кеңес жұмысына әдіскер басшылық жасайды. Әдістемелік  отырыстар жоспарға сәйкес өткізіліп тұрады, мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың өзекті мәселелері зерделеніп, жұмыс тәжірибесіне енгізілу ұсынылады, дәрістер оқылып, материалдар жинақталады, құралдар әзірленіп, жұмыс тәжірибесін түрлі конкурстарға ұсыну туралы шешім қабылданады.

Шығармашылық топ құрамына 5 және одан жоғары педагогикалық жұмыс өтілі бар педагогтар енеді. Бұл топ жаңа бағдарламалар мен технологиларды педагогикалық процеске енгізуге және қолдануға жауап береді. Топ жұмысының қорытындысы ретінде семинарлар, дөңгелек үстел, кеңестер, шеберлік топтары, іскерлік ойындар, пікірталастар өткізіледі.

Тәлімгер педагогтар тобы оқу жылының басында ағымдағы жылы жас мамандармен жүргізілетін жұмыс жоспарын дайындайды. Сондай-ақ әрбір тәлімгер педагог жас маманның жеке ерекшеліктері мен қажеттіліктеріне сәйкес жеке жұмыс жоспарын әзірлейді. Іс-тәжірбиелік жұмыстар жүргізіледі.

Ақпараттық талдау тобы білім беру процесін ақпараттандыру алуан түрлі ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың көмегімен жүзеге асырылады, компьютерлік технологияларды жеткілікті меңгерген педагогтар әдістемелік жұмысты ұйымдастыруға көмектеседі, мектепке дейінгі ұйымның әкімшілігімен және басқа топтармен тығыз байланыста жұмыс жүргізеді.

Осындай модельді қолдана отырып, келесі нәтижелерге жетуге болады:

— мектепке дейінгі білім берудің мазмұнын жаңарту және сапасын арттыру;

— әдістемелік жұмысты ұйымдастыру түрлерін жетілдіру;

— педагогтардың кәсіптік және әдістемелік құзіреттілігінің өсуі, олардың инновациялық қызметке дайындық деңгейінің артуы.

Балабақшада жүргізілетін сан – салалы жұмыстар білім сапасының өсуіне және де тәрбиешілердің шыңдалуына ықпалын тигізеді. Педагогтарды жаңа заман талабына сай жолдармен оқытуға бағытталған әдістемелік жұмыс, олардың білімдерінің жоғарлауына, балалармен жұмыс жүргізу барысында жаңа тәсілдер таңдауға, зерттеу және шығармашылақ потенциалдарын анықтауға мүмкіндік туғызды, ал ең маңыздысы өздігімен кәсіби деңгейлерін жоғарлатып, мамандықтарына деген қызығушылықтарын арттыру.

Арай Калибекова,

«Айкүн» балалар бақшасының әдіскері