Үдеріс соңы өзгеріс

Бүгін елімізде саяси үдеріс. Үдеріс соңы өзгеріс. Өзгеріс елдің жайына оңжамбасқа келеді деген ниетпен Қарабұлақ елді мекенінің тұрғындары сайлау учаскесіне жылға қуалай аққан суша ағылуда. Себебі, бұқара жұрт ел мен жердің болашағын таңдауға, сол болашақты жарқын етуге ұмтылған тұлғаны ел президенті етіп таңдауға асық. Көпшіліктің қатарында тұтас отбасыларды да аңғару қиын емес. Шадыман көңілмен бала-шағасын ерітіп кейуана, қариялар да асығыс учаскеге барады.

Мәселен, Салтанат Құмархан сайлауға ұл, қызын ерте кепті. Қайткенмен балаларының болашағы үшін дауыс беруге келе жатқанын аңғару қиын емес.

«Балам — болашағым» деген елміз ғой. Балаларымды ертіп, ертең осылар келелі келешекте өмір сүрсін деп дауыс бердім. Ертең осы ұлым «Әкем сол сайлауда дауыс берді, соның нәтижесінде жақсы өмір сүріп жатырмын» деп айтатын болады»,- дейді Салтанат Құмархан.

Ел болашағын таңдарда ауыл тұрғындары ауа-райының қолайсыздығына да қарамады. Бәрі де жарқын келешек үшін үн қосуда. Айтпақшы жастарға үлгі көрсетіп, дауыс беруге балаларын ерте келгендерге Ескелді аудандық ардагерлер кеңесі тарапынан сый-сияпат жасалды.