Адамға ең бірінші білім емес, рухани тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім — адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның барлық өміріне апат әкеледі-деп “(Әл – Фараби) айтқандай балаға әуелі білімнен бұрын, тәрбие берілуі тиіс.
Бала шыр етіп дүние есігін ашқаннан бастап оның жақсы болып тәрбие алуы әр отбасына тікелей байланысты болмақ. Бала тәрбиесі қиында күрделі процесс.Баласына жақсы тәрбие беріп, өсіру әр ата-ананың басты міндеті.
Бірақ баламызды осы мақсаттарға сай тәрбиелеу үшін үлкен еңбек, күш — жігер қажет екенін бәріміз білсек те, мойнымыз жар беріп, бала тәрбиесімен айналыса бермейміз. Себебі қазіргі ата-аналардың жұмыс бастылығы бала тәрбиесін екінші жолға қойғандай. Қазіргі қоғамда бала тәрбиесінде айтарлықтай орын алатын мектеп қабырғасы болып саналады. Мектеп қабырғасында баланың сапалы білім , саналы тәрбие алуына ата-аналардың үлесі зор. Болашақ ұрпақтың тәрбиесі мен денсаулығына мектеп мұғалімдері емес, ең бірінші отбасындағы ата-ана қарауы тиіс. Баланың жақсы болуы ата- ананың үйдегі берген тәрбиесіне байланысты. Адамгершілік, бауырмалдық, қайырымдылық, татулық, әдептілік сияқты қасиеттер отбасынан бастау алатыны белгілі. Тәрбие балаға сөзбен, теориямен дарымайды, үлкендердің үлгісімен сіңеді. Сондықтан да дана халқымыз «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» деген ғой. Балаға еңбек етуді,адалдықты, достарымен тату болуды, дұрыс, адал жүруді үйрету қажет. “Тәрбие басы- тал бесік”деп аталарымыз айтқандай отбасымыз тәрбиелі, берекелі болса,одан өнген ұрпақтарымыз да тәрбиелі азамат болады деп айта аламыз.
Өз ата-анасын сыйлап, үйренген бала өзге ата-аналарды, мектептегі мұғалімдерді, өскен ортасын құрметтей біледі, яғни үлкенге құрмет, кішіге ізет таныта алады.Баламызды мектепке жіберіп, мектеп тәрбие береді,білім береді деп бар ауыртпашылықты мұғалімдерге артып қоймай, ата-аналарда мектеппен тығыз байланыста болу қажет.Еліміздің өркендеуіне, дамуына сүбелі үлес қоса алатын сапалы білім мен саналы тәрбие алған жас ұрпақ болмақ. Жас ұрпақтарымызға жақсы тәрбие беріп өсіру, адамдар санатына қосу арқылы болашағынан үміт күтер елін,жерін қорғайтын ұрпақты тәрбиелеу барлығымыздың басты борышымыз деп санаймын.
Еліміздің ертеңін ұстар жастарымыздың тәрбиесіне аса мән беру – біздің мақсатымыз деп ойлаймын. «Тәрбие отбасынан басталады» деп халық даналығы бекер айтпаған. Саналы да, білімді бала болашағын қалыптастыру әрбір ата – ананың мерейлі міндеті, парасатты парызы.
Е. Картемиш,
Ж.Жақыпбаев атындағы орта мектебінің 8 «Ә» сынып жетекшісі