Мектептегі әдістемелік жұмыс нәтижелері

Бүгінгі күні ұстаздарға  деген құрмет еселеніп, мұғалімдердің беделі айтарлықтай артып келеді. Негізінен халқымыз қашаннан да ұстаздар қауымын ұлықтап, қадірін ұғына білгені белгілі, сонымен қатар елімізде қабылданған «Педагог мәртебесі туралы» заңы да оқытушылар беделін арттыра түскені анық. Кез-келген адам, ұстаз алдынан өтіп, сол ұстаздың білім нәрімен сусындап, үлкен өмірге қанат қағып, арман-мақсатына жету жолдарын үйреніп, кемелденіп, өзінің дара жолын қалыптастыруға әрекет жасайды. Өмірден өз орнын табуға тырысады. Осы жолға бастама беретін, өмір атты үлкен жолда адаспай жол табуға бағдар көрсететін әуелі ата-ана болса, ұстаздар қауымының да еңбегі ұшан-теңіз.

Ұстаздар ұлағатты ісімен үлгі көрсетіп,  қарапайымдылығымен құрметке бөленген жандар. Ұстаз- жас ұрпақтың рухани сәулеткері, барша адамзат үміті мол болашағын  тапсыратын сенімді өкілі. Олар сол сенімді ақтай отырып, зерделі де зерек, парасатты, ұлттық және адамдық құндылықтарды бойына дарытқан тұлғаларды тәрбиелеуде.

Ұстаздық- үлкен жауапкершілікті талап ететін мамандық. Себебі, ұстаз – шәкіртін әрдайым білімнің биігіне талпынуға, жайдары өмірі мен бақытты болашағы жайлы армандап, көкке кең құлаш жая самғауға жетелейді.    Болашақтың нұрлы болатындығына сенім ұялатып, тәлімді тәрбие беруге тырысады.

«Әрбір елдің келешегі мектебіне байланысты» — деп М.Жұмабаев айтқандай, ұлттың тарихи-әлеуметтік, мәдени және рухани болмысын дамытуға, қоғамдық өмір мен ұлттық мектепті қалыптастыруда ұстаздың еңбегі зор.

Биылғы оқу жылында қазақ тілі мен әдебиеті бірлестігінде 6 мұғалім еңбек етеді. Барлығы жоғары білімді тәжірибелі ұстаздар. ӘБ мұғалімдерінің мақсаты мен міндеті – болашақ ұрпаққа жаңа технология әдістері бойынша оқытуда сапалы білім беруге  ұмтылу

Мектеп әдіскерлері  мұғалімдердің педагогикалық және кәсіби шеберлігін, құзырлылығын және сабақ беру әдістемесін үздіксіз жетілдіруге бағыт-бағдар беру арқылы оқушылардың сапалы білім алуына, шығармашылық деңгейінің жоғары сатыға жетуіне ықпал етуде.

Бірлестік мүшелеріне жыл басында апталық жүктемелер бөлініп,бекітіліп берілген. ӘБ отырысы жасалынып, жыл бойына атқарылатын міндеттемелерді бөлісіп алады.

2022 жылдың 19-28 қыркүйек аралығында мектебімізде гуманитарлық пәндер бірлестігі арасында Тілдер мекрекесі ұйымдастырылды.  Аталған шарада қазақ тілі мен әдебиеті пән бірлестігі онкүндіктің ашылуын қазақы нақышта, мектебіміздің  күйші балалар оркестрінің орындауындағы ұлттық күйлермен бастап, сол күні мектепке келген оқушылар мен ұстаздарды, қонақтарды мектептің кіре берісінде қазақтың ұлттық киімімен қарсы алып, қазақы дәстүрмен амандасып қарсы алды. Шара барысында ұлттық салт-дәстүр мен ұлттық тағамдар, ұлттық ойындар туралы кеңінен ақпарат берілді. Дәліздерге тілге байланысты ұлылардың қанатты сөздері ілініп, тақырыпқа байланысты кітап бұрышы ұйымдастырылды. Бірлестіктегі әр мұғалім педагогикалық түрлі әдіс-тәсілдерді тиімді пайдалану арқылы тақырыпты аша түсіп, түрлі көрнекі құралдар арқылы ұлттық құндылықтарымызды дәріптей түсті. Онкүндік барысында Ж.Ш.Кауранбекованың ұйымдастыруымен 9-10 сыныптар арасында «Әдебиет көшбасшысы» интеллектуалдық ойыны, 5-9 сыныптар арасында өлеңдерді мәнерлеп оқудан флешмоб, «Оқуға құштар мектеп» акциясы бойынша 20 минуттық кітап оқу шарасы өткізілді. Жалпы бірлестіктің атқарылып жатқан жұмыстары мен атқарылған істің нәтижесіне  тоқталсақ, жетістіктер қоржыны да мақтанарға тұрарлық. Атап айтар болсақ, биылғы оқу жылын да үлкен жетістікпен бастады «Республикалық балалар оқуы» байқауының аудандық кезеңінен 6 «А» сынып оқушысы Қобланова Жанель 1-орын, (жетекшісі С.Б.Түсбаева), 2-орынды 8-сынып оқушысы Еркінәлі Улина (жетекшісі А.Т. Омарова), 3-орын Нұржанқызы  Ақпейіл (жетекшісі Д.А.Берлибекова) иеленді. Нәтижесінде аталған байқаудың облыстық кезеңіне 6-сынып оқушысы Қолбанова Жанель жолдама алып, жүлделі 3-орынды қанжығасына байлады. (Жетекшісі С.Б.Түсбаева).

Қазақ тілі мен әдебиеті пәндері бірлестігінің жеткен әр жетістігі – ұстаздың өз ісініне деген шексіз махаббатының, оқушыға бағыт-бағдар беруде дұрыс бағыт беруінің, нәтиже мен жетістікке жетуге жетелеудегі баспалдақ бола білуінің, яғни педагогикалық шеберліктің арқасы деп түсінемін.

Бүлдіршіндердің білім сапасын жетілдіруде озық технологияларды пайдалану үшін оқытушының білімі жеткілікті, жаңалықты жатсынбай меңгеруге құштар болуы қажет. Инновациялық іс-әрекет ойдағыдай нәтиже беру үшін оқытушының ақыл-ой дамуының көрсеткіштері аса жоғары болу керек. Сонда ғана педагогикалық іс-әрекетке деген шығармашылық қатынастың қалыптасып, дамуына қажетті мотивациялық алғы шарт пайда болады. Бүгінгі күннің оқыту технологиялары заман талабына сай болуы қажет. Ал оқытушыға оқушылармен қатым-қатынасы жоғары деңгейде болуына бағдар беретін, оқыту барысындағы тиімді әдіс-тәсілдерді ұтымды пайдалануға дұрыс бағыт-бағдар беріп, сапалы білім мен жоғары нәтижеге жетуге жолдама беріп, ұстаздар қауымын жігерлендіріп отыратын мектебіміздің әдіскерлері М.Ж.Смаилова мен Г.Д.Сарыеваларға бірлестік мүшелері әрдайым алғыстарын білдіреді. Себебі біз, ұстаздар қауымы, кейінгі ұрпақтың сапалы білім мен саналы тәрбие алуына атсалысып жатқан үлкен бір ұжымбыз, осы жолда әрқайссымыздың айтарлықтай міндетіміз бен парызымыз бар. «Бірлесе көтерген жүк жеңіл» демекші, оқушыларымыз еңбек барысында жақсы нәтижеге жетіп, мерейімізді асырсын десек, білекті сыбанып, бірлесе еңбек еткеніміз абзал.

Еркежан Манарбек,

Жетісу облысы, Ескелді ауданының

Сейфуллин атындағы орта мектебінің

қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі