Тіл – адамның өміріндегі ең маңызды құралдың бірі. Себебі, тілдің қолданыс аясы өте кең. Әрбір ел, әрбір ұлт өз тілін қадірлейді, құрметтейді. Қазақ тілі – қазақ халқының рухани, мәдени байлығы, баға жетпес құнды қазынасы. Халық өзінің ғасырлыр бойы жасаған асыл мұраларын ұрпақтан ұрпаққа алдымен ана тілі арқылы табыс етеді.
Мемлекеттік тіл мәртебесі Конституцияда бекітілгендей, мемлекеттік мекемелерде іс-қағаздар осы тілде жүргізіледі. Әдетте мемлекет негізін құраушы әрі жердің байырғы иесі болып саналатын халықтың тілі мемлекеттік тіл болып бекітіледі. Ал ұзақ уақыт отар болып, өз тілін ұмыта бастаған кейбір елдерде отарлаушы елдің тілі мемлекеттік тіл болып бекітілген. Мысалы, Үндістанда мемлекеттік тіл ағылшын тілі болса, хинди тілі тек тұрмыстық тіл деңгейінде қалып қойған. Марокконың, Алжирдің мемлекеттік тілі араб тілі болғанымен, ресми тіл ретінде француз тілі онымен бірдей дәрежеде қолданылады. 1993 жылы қабылданған тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Конституциясында қазақ тілі мемлекеттік тіл болып бекітілді. 1995 жылы қабылданған Конституцияда да қазақ тілі мемлекеттік тіл болып бекітілді, алайда орыс тілі ресми түрде мемлекеттік тілмен қатар қолданылды.
Мемлекеттік тіл – көпұлтты мемлекетте халықтың ұлттық құрамына қарамай іс қағаздарды, мектеп пен жоғары оқу орындарында оқыту, мәдениет, баспасөз бен байланыс орындарында, құқық қорғау мен әскери бөлімдерінде, сот істерін жүргізу, т.б. міндетті деп саналып саяси – құқықтық қасиеті бар мәртебелі тіл.
Бүгінгі күні еліміз дамыған елдермен терезесі теңеліп, рухани жаңғыруға алған бағытында мемлекеттік тілдің мәртебесіне, оның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға аса мән беріп келеді. Күннен күнге мемлекеттік тілдің мәртебесі жоғарылап, қолданыс аясы кеңеюде. Бүгінде қазақ тілі – татулығымыздың тірегіне айналғаны рас. Сондықтан әрбір азамат мәңгілік еліміздің сарқылмас байлығы – қазақ тілін көзінің қарашығындай сақтап, құрметін арттырса, ұлтымыздың болашағы жарқын болары анық.
Рүстем ИЕМБЕРГЕН
Ескелді аудандық
сотының бас маманы