Тексеру барысында жергілікті атқарушы органы тарапынан «Мемлекеттiк сатып алу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарының бұзылу

Мемлекет басшысы 2022 жылғы 14 шілдеде Үкіметтің кеңейтілген отырысында автожол инфрақұрылымы саласындағы проблемаларды атап өтіп, олардың қанағаттанғысыз жай-күйіне назар аударған болатын.
Президенттің тікелей тапсырмасын ескере отырып, Ескелді ауданының прокуратурасы автомобиль жолдарын салу, реконструкциялау, жөндеу және күтіп-ұстау кезінде 2012-2021 жылдарға және 2022 жылдың өткен кезеңіне жергілікті атқарушы және орталық уәкілетті органдардың мемлекеттік сатып алу және жол қозғалысы туралы заңнаманың сақталуын тексеру жұмыстарын жүргізді.
Тексеру барысында жергілікті атқарушы органы тарапынан «Мемлекеттiк сатып алу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарының бұзылу, яғни мердігерлерді жосықсыз деп тану шараларын қабылдамау және қаражаттарды тиімсіз пайдалану деректері анықталған.
Мысалы, жергілікті атқарушы органы және мердігер арасында Ақын Сара ауылы, Абай көшесіне, жалпы сомасы 28 126 945,28 теңгеге орташа жөндеу жұмыстарды жүргізу үшін 25.04.2022 жылы мемлекеттік сатып алу келісім шарт жасалып, шілде-тамыз айларында орындалған жұмыстарды қабылдау туралы актілері жасалған.
Алайда, тексеру жұмыстары анықталғандай жергілікті атқарушы органдарымен іс жүзінде орындалмаған жұмыстар қабылданып, негізсіз 26 247 015 теңге ЖШС-не төленгені анықталған.
Ұқсас заң бұзушылықтар Қоңыр, Төленгіт, Сырымбет, Қаратал және Қарабұлақ ауылдық округтерінде орын алған.
Анықталған заң бұзушылықтар бойынша аудан прокуратурасымен Ескелді ауданының әкімі атына және Жетісу облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит Департаментіне заңдылықты бұзушылықты жою туралы ұсыну енгізіліп, қазіргі таңда қаралу сатысында.
Сонымен қатар, прокуратура тарапынан аталған бағытта жұмыстар әлі де жалғасатын болады.

Ескелді ауданының прокуратурасы