Білімнің бастауы, қайнар көзі – мектеп болса, келешек ұрпақтың алғашқы баспалдағы – балабақша қабырғасында алған білім екені баршамызға аян. Біздің мақсат – көзі ашық, көкірегі ояу, ойы ұшқыр азаматтар тәрбиелеу. Ұлттың бүгіні де, болашағы да тәрбиелі әрі білімді ұрпаққа байланысты. Сондықтан, дамудың ең биік көкжиегінен көрінгісі келетін кез-келген мемлекет ең алдымен балаларға бар күш-жігерін салу керек.
Биылғы жыл — Балалар жылы.
Мен балабақша тәрбиешісі ретінде тәуелсіз еліміздің жас ұрпағын жаңа қоғамға лайықты етіп тәрбиелеу, балалардың дүниетанымын, көзқарасын, ақыл-ойын қалыптастырып, бар күш-жігерін Отанына жұмсауға үйрету, туған тілі мен мәдениетін қадірлеуге баулуды басты міндет етіп келемін. Яғни, баланы оқытып, білім беріп қана қоймай, оларды ғылымға тәрбиелеуді, қызығушылығын арттыруды балабақшадан бастау деп түсіндім. Біздің «Балбобек» балабақшасында «Балалар жылы» аясында біршама іс-шаралар жүргізілді.
Балалардың логикалық ойлау қабілетін дамытатын түрлі ашық сабақтар мен спорттық ойындар өткіздік.
Бала тәрбиесі қай кезеңде болсын қоғамнан тыс қалған емес. Ал тәрбиені мол етіп беретін «Қазақ әдебиеті» туралы айтпасқа болмас. Балалар әдебиеті – балалар өмірінің энциклопедиясы. Осыған орай, балабақша тәрбиешілерімен бірлесіп, тақпақ оқу және сурет байқауларын ұйымдастырдық.
Білімділік – ол қоғамның зиялы, мәдени, даналық деңгейінің көрінісі. Ал білім беру ісі – бұл тамыры тереңде жатқан, ұлт пен дінге бөлінбейтін, бір күн немесе бір жылда көрінбейтін құндылық, адамзатқа ортақ игілік.
Зарина Нұрмыханова,
Абай ауылы, «Балбобек» балабақшасының тәрбиешісі