Тұмау – жіті респираторлық вирустық инфекция

Тұмау – бұл жіті респираторлық вирустық инфекциялар (бұдан әрі – ЖРВИ) тобына кіретін тұмау вирусы тудыратын жіті ауру. Қазақстанда жыл сайын эпидемиологиялық кезеңде ЖРВИ-мен және тұмаумен 800 мыңнан 1 миллионға дейін адам ауырады. Өткен жылы Ескелді ауданында эпидемиологиялық кезеңде 5538 адам ЖРВИ-мен ауырды.

Тұмаумен ауыратындардың саны артқан сайын, тұмаудың асқынуы да өршиді, бұл – заңдылық. Бұдан кейін вирус ешқайда кетпейді. Сырқаттанушылықтың маусымдық артуының себебі бола отырып, адамдар арасындағы циркуляциясы жалғаса береді.

Қысқы айлардағы сырқаттанушылық шегі адамдардың, әсіресе балалардың, жұмыс орындарында, мектептерде, балабақшаларда және қоғамдық көлікте тығыз байланыста және өте белсенді болуымен түсіндіріледі.

Тұмау вирусы ауадағы белсенділігін төрт сағатқа дейін сақтайды. Вирустар төмен температураны «жақсы көреді» – плюс 4°С-ге жуық температура (тұрмыстық тоңазытқыштағы жағдай) оңтайлы болып табылады.  Осымен қатар, олардың көбюіне ыңғайлы температура – бұл адам денесінің температурасы.

Сілекей мен қақырық тамшыларында болатын тұмау вирусы, осы тамшылар төсек-орында, жұмыс үстелінде, т.б. кепкен соң және оларға сіңгеннен кейін белсенділігін екі аптаға жуық, ал бөлме шаңында бес аптаға дейін сақтайды!

Барлық дезинфекциялаушы құралдар тұмау вирусын тез жояды және осы құралдарды қолданып, стандартты ылғалды тазалау – үй-жайларды зарарсыздандырудың тиімді тәсілі. Бөлмелерді жиі желдетіп тұруды да ұмытпаған жөн.

Тұмау вирусы адам ағзасының иммунитетін төмендетеді. Инкубациялық кезең бірнеше сағаттан бастап 2-3 күнге дейін созылады. Тұмаудың жеңіл түрімен ауыру ұзақтығы – бір апта. Дене қызуының 40 градусқа дейін көтерілуі, қалтырау, әлсіздік, көз қарығу, буынның және бұлшық еттің, бастың және тамақтың ауыруы, жөтелу, мұрынның бітелуі аурудың негізгі белгілері болып табылады. Тұмаудың асқынуларына құлақ, тамақ, мұрын аурулары, жүйке жүйесіне байланысты асқынулар, сондай-ақ созылмалы аурулардың: жүрек-қан-тамырлық, өкпе, бронх тарапынан, қант диабеті және эндокриндік жүйенің басқа да ауруларының өршуі жатады.

2 жасқа дейінгі балаларда, созылмалы аурулары бар және жасы үлкен адамдарда тұмау ауыр түрде өтеді. Сондай-ақ, ерекше қауіптілік тобына жүкті әйелдер де жатады. ЖРВИ және тұмау жүкті әйелдердің иммунды жүйесін де, эндокриндік жүйесін де бұзуы мүмкін. Тұмаудың жүкті әйелдерге қауіптілігі – түсік тастауы немесе мерзімінен бұрын босанып қалуында. Сонымен қатар, шала туудың жиіленуін көрсететін нақты мәліметтер бар.

Өкінішке қарай, жағдайы нашарлаған дер кезінде емдеу мекемесіне келмеген науқастарға қалыпты жағдайда жиі қолданылатын жекелеген препараттар көмектеспеуі де мүмкін. Сондықтан өз бетінше емделуге болмайды. Балалар мен жүкті әйелдерді емдеу тек дәрігердің тағайындауы бойынша және дәрігердің бақылауымен жүргізілуі керек. Тұмаудың алғашқы белгілері байқалысымен дәрігерді үйге шақыру жөн.

Кез келген ауруды емдегеннен гөрі, оның алдын алған дұрыс. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) сырқаттанушылықты, асқынуларды және өлім-жітімді айтарлықтай азайтатын, халықты тұмаудан қорғайтын жалғыз және тиімді іс-шара ретінде тұмауға қарсы вакцинациялауды ұсынды.  Тұмауға қарсы егілгендерде инфекция жеңіл өтеді, асқынулар мен өлім-жітім жиілігі азаяды. Сонымен, егілген пациенттер арасында егілмегендермен салыстырғанда, бронхиальды астмамен, жіті орташа отитпен ауру 3 есеге дейін сирек байқалды.

 Егілгендер арасында вакцинадан кейінгі асқынулар байқалмады.

Ағымдағы жылы  ауданда тұмауға қарсы 2022 жылғы 3 қазан айынан жаппай вакцинация басталады. Вакциналардың ДДҰ сертификаты бар және Қазақстанда тіркелген.

Тұмаудан сақтану үшін ЖРВИ және тұмаумен сырқаттанушылар көбейген кезде халық көп жиналған орындарда болмауға, салқын тигізіп алмауға тырысу қажет және ауа райына сәйкес киіну керек.

 Сол сияқты, таза ауада серуендер алдында немесе көшеге шығар кезде мұрныңызға оксалин майын жағып алсаңыз тұмау немесе басқа ЖРВИ вирустарының тыныс жолдарына енуі күрт төмендейді.

Е.Сейсембинов, 

Ескелді ауданы бойынша СЭББ басшысы