Талдықорғанда билік пен бизнес сындарлы диалог жасады

Бүгін облыс әкімі Бейбіт Исабаев Талдықорғандағы «Атамекен» кәсіпкерлер ұлттық палатасында бизнес қауымдастықпен кездесу өткізді. Жиында атқарушы органдар мен кәсіпкерлердің өзара ынтымақтастығы, бизнесті дамытуға бағытталған мемлекеттік қолдау шаралары, бюрократияны, көлеңкелі бизнесті болдырмау, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі сияқты көптеген мәселелер талқыланды, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Бейбіт Исабаев кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыты екенін, Президенттің адал, ашық, әділ қоғам құру бастамаларының бизнесті өркендетудегі ықпалы зор екенін атап өтті. 2024 жылы жаңа Салық кодексі енгізілетінін, оны дайындауға бизнес қауымдастықтың өзі де тікелей қатысатынын тілге тиек етті. Сонымен қатар Бейбіт Исабаев Жетісу өңірінің экономикасында басымдық берілетін бағыттарға тоқталды. Оның айтуынша, біріншіден, ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіру мен өңдеу, екінші, өңдеу өнеркәсібін дамыту, үшіншіден, көлік-логистика саласына басымдық беру, төртіншіден, туризмді өркендету, бесіншіден, облыстың жаңартылған энергия көздерін игеруге мүмкіндігі мол. Өңір кәсіпкерлеріне мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаулар туралы да ұмыт қалдырған жоқ. Мәселен, облыста агроөнеркәсіптің 4,5 мың субъектісіне 10,5 млрд. теңге субсидия берілген. Кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы аясында 2022 жылға 6,3 млрд. теңге қарастырылды. Бұл ретте 150 жобаны қаржыландыру жоспарланған.

— Біз «еститін мемлекет» құруға ден қойдық, сондықтан да бүгін бизнес өкілдерімен кездесіп, пікірлеріңізді тыңдасақ деп, сындарлы ұсыныстарыңызды саланы дамыту жоспарларында ескерсек деген мақсатында жиналып отырмыз. Кәсіпкерлікті дамыту тақырыбында ой қосуға, ортақ мәселелердің шешімін бірге талқылауға  келген баршаңызға алғыс айтамын, — деді Б.Исабаев.

Кәсіпкерлер өз сөздерінде өсірген көкөністерін өткізуге жәрдемдесу, өнім сақтайтын қойма салу, әлеуметтік маңызды азық-түлікке жататын сүт, айран, қаймақ, ірімшік сияқты тағам түрлеріне субсидия қарастыру, заңды тұлғалардың электр тұтыну тарифінің жоғарылығы, жылыжай ашуға жер учаскесін бөлу, шағын тігін цехына ғимарат жағынан қолдау көрсету сияқты көптеген мәселелерді көтерді. Сонымен қатар бизнес өкілдері нормативтік құқықтық актілерде, соның ішінде жаңа салық кодексінде ескерілуі тиіс өзекті тақырыптарды да сөз етті. Сұрақ-өтініштерді мұқият тыңдаған облыс әкімі Бейбіт Исабаев көтерілген мәселелердің қай-қайсысы да ескерусіз қалмайтынын айтып, тиісті лауазымды тұлғаларға тапсырмалар берді. Ал жергілікті жердің құзырына кірмейтін мәселелер кездесудің хаттамасы негізінде орталық органдарға ұсынылатын болады.

Кәсіпкерлердің өз құқықтарын білмеуінен, мәселені заңды жолмен қалай шешу керектігі жайлы ақпараттардан бейхабарлығынан көбінесе жемқорлыққа жол беріліп жатады. Бұл ретте мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдерінің өзара ашық қарым-қатынасын қалыптастырудағы Кәсіпкерлер ұлттық палатасының рөлі үлкен. Дегенмен мораториге қарамастан, жеке азаматтардың шағымын желеу етіп, бизнес субъектілерін тексеретін мемлекеттік органдардың әлі де бар. Сондықтан облыс әкімі екі жақты бірлесіп шешетін мәселелердің мол екенін айта келе:

— Осындай кездесуді жылына екі рет өткізіп тұруды ұсынамын. Екіншіден, бизнес қауымдастықпен тұрақты байланыста болу үшін облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Бақытнұр Бақытұлын арнайы уәкілетті тұлға ретінде бекітемін. Бізге мемлекеттік органдардың өзара бірлескен іс-қимылы мен кешенді жұмысын қалыптастыру керек. Бақылаушы органдардың Ақсу ауданындағы «Агрохолдинг Ақсу» серіктестігінің банк есепшоттарындағы барлық шығыс операцияларын бұғаттауы салдарынан кәсіпорын 3 ай тоқтап тұрды. Жұмысшыларының жалақысын беру, мал азығын сатып алу жағынан қиындықтар туындады. Қазір нысан қайта жұмысқа кірісті. Осындай жағдайларды болдырмау үшін мемлекеттік органдар бір-бірімен үйлесімде жұмыс жүргізуі керек. Оған қоса бизнестің жеке жұмысшыларының алдындағы, ал ірі кәсіпорындар мен инвесторлардың тұтас облыс алдындағы әлеуметтік жауапкершілігі бар екенін естен шығармауымыз керек. Әлеуметтік жауапкершілік дегеніміз – өңір халқының әл-ауқатын арттыруға, соның ішінде бизнесті тиімді жүргізуге сіз бен біз болып бірлесіп жұмыс істеу, — деді Бейбіт Исабаев.