Жан тыныштығы-мамандығы!

Барлық байлықтың жиынтығы не ақша, не болмаса таудай үйілген алтын емес, деннің саулығы ғана. Сол себептен, басымыз ауырып, балтырымыз сыздай қалса ем іздеп, бәріміз алдына баратын медицина қызметкерлерінің қоғамдағы орны ерекше. Олардың әр еңбегін бағалап отыру, оларға деген құрметімізді көрсетеді. Ақ халатты абзал жандардың еңбектерi қандай марапатқа болса да лайық.

 Олар аянбай тер төгіп, әр адамның өмірі үшін қолдан келгенін жасайды. Әр науқастың жанына желеу болып, ауруға қарсы тұрып, саулығын қалыптастырып қана қоймай, адам бойына өмірлік күш-қуат беріп, «Гиппократ антын» өзінің өмірлік кредосы ретінде қабылдап, қоғамның басты байлығы саналатын адам өмірінің сақшысы бола білген дәрігерлердің ерен еңбегі, атқарған істері, әрқашанда халықтың көңілінен шығады. Сондай адамзат баласы ерекше қадір тұтатын мамандық иесі – Еркеш Нұрбекқызы. Жергілікті тұрғындарға медициналық  көмек көрсетуде өзінің білімі мен біліктілігін, тәжірибелі маман екенін бірнеше мәрте дәлелдеді. Оған себеп, ауырып келген адам, деміне шипа, көңілдері көтеріңкі, жандары жайсаң болатынын ауыз толтырып айтады. Ескелді аудандық ауруханаға келсек, Еркеш Нұрбекқызына бір жолықпай кете алмаймыз дейді-аудан тұрғындары. Халықтың қалауымен аяулысына айналған дәрігер1978 жылы Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданы Мұқыры ауылының тумасы. 1995 жылы мектепті үздік бітіреді.  Семей Мемлекеттік медициналық академиясына оқуға түседі. Мамандықты жан қалауымен таңдап, Семей Мемлекеттік университетін де ойдағыдай үздік бағамен бітіреді. 2002 жылы Бұрынғы Алматы облысы, қазіргі Жетісу облысы Ескелді ауданы, Қарабұлақ кентінің аудандық ауруханасына дәрігер-терапевт болып жұмысқа келеді.  Кейіннен жоғары санатты эндекринолог маманы болып қызметін жалғастырады. Міне, содан бері аттай 20 жыл.

— «Қазіргі дәрігерлер бұрынғыдай емес» дегенді жиі естиміз. Кеңестік кезде оқып, білім алған мамандар мен бүгінгі күннің мамандары арасындағы айырмашылық қандай?

— Енді ол кезеңмен, қазіргі кезеңді салыстыруға келмейді. Әр заманның өзіне тән білімділіктерімен ұлттық менталитеттері болады. Біздің кезіміз бір басқа, ол кезең бір басқа дегендей. Көбісі айтып жатады, кеңестік кезде таза білім болған деп. Мен оған келіспеймін. Оқимын деген адам өз алдына адам болады. Қай кезде де  білім, білім болып қалады. Тек салыстыруға мыналар ғана жатады: заманауи құрылғылар мен оқулықтар. Ол кезде аға-апаларымыз тек қана оқулықтармен білімділіктерін жетілдіріп отырса, қазір басқа. Бүгінгі оқимын деген жастарға барлық жағдай жасалған. Тек соны дұрыс пайдалана білсек болғаны. Қазіргі күнде оқулықтардың түр-түрі бар. Оның тек дұрысын таңдай білуіміз қажет. Тағы бір қоса кететін жағдай, халықтың көз-қарасын реттеу керек сияқты. Олар дәрігерге келмей тұрып, интернеттен аурудың жолдарын көріп алады да, дәрігерлерді келіп тергеуге дайын тұрады. Ол, интернетте біреуі рас болса, екіншіс дұрыс емес. Бірінен-бірі көшіріліп кеткен материалдардың толықтай дұрыс деген шешімге келуге болмайды. Ондай интернет желісінен өздеріне ем қабылдап алып жатса, дәрігерлерге жұмыс істеп не керегі бар. Бұл дұрыс емес тұжырым. Себебі, ол аурудың не себептен болғаны, оны қандай жолмен емдеу керек екендігіне баса назар аудармайды. Бір адамның ауруы бірінің-біріне сәйкес емес. Соны халық дұрыс түсінбейді.  Дәрігер халық үшін қызмет атқарады. Дәрігер бар екен деп, оларды тағы тергеулікке алуға болмайды. Дәрігерлер өз денсаулықтарына көңіл бөлмеседе, емделушілердің жағдайына барын салады. Тіпті, ұйқысын да, ішер астарын да солар үшін ысырып, шетке қояды. Міне, осындай қызмет атқарып отырған дәрігерлерден тағы не сұрайды. Мен соны түсіне алмаймын. Адамның 65 пайыз өмірі өздерінің қолында. Бірнеше пайызы экологяға,  тағы біразы дәрігерлерге байланысты. Салауатты өмір салтын сақтаса, дұрыс тамақтанса, өз денсаулықтарына дұрыс көңіл бөлсе ауруға жол алдырмайтын еді.

— ХХІ ғасыр — білім мен ғылымның дамыған ғасыры десек, осы медицина саласында жаңа заман талабына сай қандай жұмыстар атқарылып келеді?

— Иә, шындығында ХХІ ғасыр ғылым кеңістігінде жаңа технологияларымен, ғаламтор жүйесінің дамуымен ерекшеленеді. Денсаулық саласындағы Бірыңғай Ұлттық  денсаулық сақтау жүйесі азаматтарға  емделуші  дәрігері  мен медициналық ұйымды еркін таңдауына құқық беретіндігін айта кетуіміз керек. Сонымен қатар портал арқылы ауруханаға жатқызу да нағыз бүгінгі заман талабына сай шығарылған дүние. Ал бүгінде интернет жүйесі арқылы ауруханаға жатқызу порталын өзімізде жүргізіп отырмыз (негізі аудан орталығында жүргізілуі қажет). Бұл халықтың уақытының тиімділігіне үлкен үлес қосып отыр. Портал бойынша тоқталатын болсақ, оның негізгі мақсаты — науқасты ауруханаға жоспарлы жатқызушылықтың жылдамдылығы болып келеді. Жоспарлы емге жатқызу былай жүреді: Науқас таңдаған емханаға өз шағымын айтады. Егер, жағдайы шұғыл емді қажет етпесе дәрігер емхана деңгейінде емге жатқызар алдыңғы тексерісін жүргізіп, қай аурухананы таңдағанын сұрастырады. Науқастың таңдауы бойынша дәрігер ауруханада бос орынды қарап тексереді, содан соң портал арқылы науқасты жоспарлы емделуге жатқызу туралы хабарлайды. Автоматты түрде науқасқа жеке код пен талон беріледі, екі күн арасында порталда жоспарлы емге жатқызылу күні анықталады. Сонымен қатар әр түрлі бөлімдердегі аппараттар да аурудың диагнозын анықтауда мол көмегін тигізеді. Ауруханада компюьтермен жұмыс жасау алға қойылған. Яғни бұдан он жыл бұрынғы медицина өмірінде заман талабына сай көптеген өзгерістер болды деп айтуымызға болады.

—  Бүгінгі медицина қызметкерлерінің қадірі құлдырап, құнсызданып барады, деген пікірге сіз келісесіз бе?

— Өз басым бұлай деп ойламаймын. Қай сала болсын мемлекетіміз үнемі ден қоюда. Назардан тыс қалып жатқанымыз жоқ. Біз үшін қолдаулар жақсы көрсетілуде.Қаңқу сөздер таратыла береді. Оны өзімізден көрейік. Дәрігерлердің қадірі құлдыраған емес, керісінше даму үстінде. Енді көбісінің айтары мына жұмыстың күнделікті күрделенуі шығар. Ол дұрыс. Заманыңа қарай бет алуың керексің. Оған мысал, біздің кезімізде ғаламтор, компьютер, телефон дегендер болмады. Бірақ, біз өз қатарымыздан қалмай оқыдық, тырыстық, білдік. Ал, қазір бәрі бар. Тек соны дұрыс қолдана білуіміз керек. Мамандығын жақсы көретін адамға қандай өзгерістер еніп жатса да, еш қиындықтар туындамайды деп ойлаймын. Әр жұмыстың өз қиыншылықтары болады. Шыдау керек. Шыдамдылықтың арқасында мамандыққа деген адалдыққа үйренесің. Заманның ағымына қарай өзіңді жетелейсің. Бізге жұмыс істеуге барлық жағдайлар жасалынған. Оны дұрыс қолдана білуіміз керек.

— Ауруханада жұмысқа қабылданған жас мамандар бар ма?

— Адам өмірінің ең басты байлығы — денсаулық екені белгілі. Жас пен кәріге, жалпы адамзаттың бәріне көмек қолын созып, жанын қоярға жер таптырмай азаптаған ауруынан айықтырып, ақ халатты періштедей көз алдында көлбеңдей жүріп, жанына дауа, тәніне шипа болардай ем беріп, сөзінің тәттісімен науқастың көңілін көтеріп, өмірге деген құлшынысын арттырып, ертелі-кеш ерінбей, ел үшін еңбек етіп, халықтың алғыс-сауабын арқалаған ақ халатты абзал жандар жетерлік арамызда. Осындай қасиетті мамандық — дәрігер мамандығының ыстық-суығына көніп, аянбай еңбек етіп жүрген жас мамандар да баршылық. Болашақ жастардың қолында десек, біз осы жас мамандардан келешекте үлкен үміт күтеміз.

— Олардың жұмыс істеу қабілеттеріне көңіліңіз тола ма?

— Жас мамандардың жұмыс істеу қабілеті  әр түрлі  жаман деп айтуға болмайды. Әркімнің өзіндік қабілеті бар ,келген жас маманды баурап үйрету біздің басты міндетіміз болып саналады.

— Мамандыққа беріктік, адалдық дегенді қалай түсінесіз?

—  Әрине берікпін. Өмір қайта оралса мен де осы өзімнің сүйікті мамандығымнан өмір жолын бастар едім. Өз отбасына қалай адал болсаң, таңдаған жолыңа да дәл солай адал қызмет атқаруың керек. Ол өйткені, сенің екінші отбасың.  Оның үстіне дәрігердің міндеті аянбай еңбек етуді, адамдарға деген асқан мейірімділікті талап етеді. Ұлық мамандыққа  өз өмірін  арнай отырып, өзгелердің өмірі үшін де жауапкершілікті мойындарына алады. Өмір бойы оқып, озық қондырғылардың қыр-сырын және ауруларды емдеудің жаңа амал-тәсілдерін меңгеруі талап ететін дәрігер мамандығы-мамандықтың төресі деп санаймын.

— Еркеш Нұрбекқызы, медицина қызметкерлеріне бүгінгі күнде қаншалықты көңіл бөлінеді?

— Өте жақсы. Уақытында кезекті демалысымыз да, еңбекақымыз да, бәрі уақытында. Бізге бұдан артық не қажет.

– Бүгін медицинада не жеткіліксіз?

— Бүгінгі медицина саласына көңілім  толады. Өз уақытымызға сай білімгер мамандарымыз бен, заманымызға сай құрал-жабдықтарымыз да бар.

— Медициналық жолыңызда орын алар өкінішіңіз бар ма?

— Ерекше белгімен сызып қоярлықтай өкінішім жоқ. Болған емес. Жанымның қалауы осы болса, оны ойып алатын ешкімнің, еш нәрсенің шамасы жетпейді. Бұл мамандық менің жан тыныштығым. Кейде үйде демалып отырған кезімнің өзінде де, жұмысымды аңсап, сағынатын кездерім де жиі болады. Көңілім құлазыған кезде, жұмысым арқылы тыныштық табамын.

— Эндекренолог саласына тоқталсаңыз?

—  Эндокринолог – ішкі секреция бездерін және оның мүшелерінің жұмыс істеуіне байланысты барлық ауруларды диагностикалауға, емдеуге және алдын алуға қатысатын дәрігер. Эндокринологтың міндеті эндокриндік жүйенің толық жұмыс істеуі үшін оңтайлы шешімдерді табу және әрбір жеке жағдай үшін пайда болатын проблемаларды және ақаулықтарды жоюдың ең тиімді әдістерін анықтау болып табылады.

– Эндокринолог дәрігерге қай кезде келу керек?

— Ауыз құрғап, үнемі шөлдеу процессі жиілесе қант диабетіне тексерілу керек. Аяқ-қолдың бақыланбайтын дірілі, етеккірдің бұзылуы, болмауы немесе тым көп, ұзартылған етеккір; Созылмалы себепсіз әлсіздік, тахикардия (жүректің жиі соғуы), көп терлеу, себепсіз дене салмағының өзгеруі, тәбеттің төмендеуі, есте сақтау қабілетінің нашарлауы, ұйқышылдық немесе ұйқысыздық т.б да себептер айқындалып жатса бірден дәрігерге көріну қажет. Өз бетімізше ем алуға болмайды.

– Қалқанша безі дегеніміз не? Ол қандай қызмет атқарады?

– Қалқанша безі – бұл көбелек немесе қалқан тәріздес ағза. Аты да осы түріне қарай түсіндіріледі. Бұл ағзада болып жатқан барлық қызметтерге әсер етеді және адам өміріне қажетті кейбір гормондарды өндіріп шығарады. Қалқанша безі – бұл йод қорларын сақтауға қызмет ететін эндокриндік жүйе органы және қалқанша безінің гормондарын өндіруге қатысады (йодтирониндер). Оларға трийодиотронин (Т3) және тироксин (Т4) жатады. Сонымен қатар, ол кальцитонинді шығарады, ағзадағы фосфор-кальций алмасуына жауапты гормон болып табылады. Олар тікелей қанға бөлініп, дененің барлық жасушалары мен тіндеріне әсер етеді, метаболизмнің әртүрлі процестерінің жылдамдығын реттейді, осылайша барлық органдар мен жүйелердің жұмысына әсер етеді.

— Калқанша безі ауырған науқаста қандай белгілер білінеді?

– Калқанша безі ауруларының көріністері: жалпы және бұлшықет әлсіздігі; салмақ жоғалту немесе дене салмағының артуы; есте сақтау қабілетінің бұзылуы, назар аудару қабілетінің бұзылуы, апатия, депрессия ашуланшақтық, жылау; жұмысқа қабілеттіліктің төмендеуі, «жұмысқа күштің» болмауы; жалпы ісіну (бет, қол, аяқ, іштің алдыңғы қабырғасы, тіл); іштің қатуы немесе өтуі; жүрек ырғағының бұзылуы (әсіресе егде жастағы науқастарда); емдеуге қиын анемия; ішкі діріл, мазасыздық, қолдың дірілдеуі (қолжазбаны өзгерту, кішігірім қимылдарды орындай алмау); көз жағындағы өзгерістер (көздің бұлдырауы, көздің өзгеруі, қабақтың ісінуі, лакримация, әсіресе ашық жарықтан); науқас мойынның алдыңғы бетінің ұлғаюына, мойын контурының деформациясына шағымдана алады. Қалқанша безінің ауруының белгілері әрдайым нақты бола бермейді. Бұл белгілердің барлығы бір уақытта байқалмауы да мүмкін. Егер сізде аталған белгілердің кем дегенде біреуі болса, қалқанша бездің қызметін тексеру керек. Эндокринолог пациентпен әңгімелесу және тексеру кезінде бұл шағымдарға міндетті түрде назар аударады.

– Қалқанша безі қай жаста өзгеріске түседі?

– Баланың денесінің қарқынды өсуі кезінде, жыныстық жетілу, жүктілік және лактация кезінде йод жетіспеушілігі орын алуы мүмкін. Бұл әрине қауіпті. Біздің еліміз йод тапшылығы аймағы болып табылады. Сондықтан зобтың дамуына жол бермеу үшін диетада йодталған тұзды қолдану керек. Йод ттапшылықтың алдын-алу үшін құрамында йод бар препараттарды қабылдау міндетті.

Бала кезінен ойын ойнаса да,  аурухана дәрігері болып ойнаған Еркеш Нұрбекқызы  бүгінде алтындай жиырма жыл уақытын медицина саласына арнаған жан. Бір орында. Көп балалы отбасынан шықтым. Үлгілі жанұям. Әкем мен анам халықтың алғысына бөленген, арманы орындалған жандар. Барлық баласын құтты орнына қондырып, оқытып, аяқтарына тұрғызған.

Мамандығы десе, жанын беретін кейіпкерімізге мамандыққа деген беріктік пен сенім қанмен дарығаны белгілі. Әкесінің берген өнегелі тәрбиесімен, анасының ақ сүтімен дарыған адалдығы, өмірлік  ұстаным мен мақсатына айналған. Бүгінде мамандығына шынайы берілген жандар сирек кездеседі. Мамандыққа деген шынайылығы мен адалдығының арқасында алған алғыстары да жетерлік. Жоғарғы, білікті дәрігер. Кейінгі жастарға оның мамандыққа деген сүйіспеншілігі үлгі боларлықтай. Бойына қанмен дарыған қасиеттерге бүгінде дақ түсірмей, халқының батасына бөленген аяулы аяжан.

Бүгінгі күнде жан-жағына  жақсылық нұрын шашып жүрген ақ желеңді Еркеш Нұрбекқызына  деніне саулық, отбасына амандық тілейміз. Әрдайым  емделушілердің  ыстық ықыласы мен құрметіне бөлене беріңіз  демекпіз.

Арай Әділ