Ұрпақ бойындағы алғашқы білім мен тәрбие дағдылары мектепке дейінгі мекеме табалдырығында қаланады. Заман талабы бүгінгі ұрпақ тәрбиесіне, оның ішінде, мектепке дейінгі жастағы сәбилердің дамуына, тәрбиелеуіне жаңаша көзқараспен қарауды қажет етеді.
Мектепке дейінгі тәрбие – баланың жеке бас ерекшілігін ескере отырып дамытатын орталық. Білім беру жүйесінің алғашқы баспалдағы мектепке дейінгі тәрбие ұйымы болғандықтан, тәрбиешілерге мәдениетті, білімді, белсенді жеке тұлға тәрбиелеу міндеті жүктеледі.
Балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау – еліміздің әлеуметтік-құқықтық саясатының басым бағыттарының бірі. 2022 жылды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Балалар жылы деп жариялады. Осыған орай, биыл балаларды қорғауға, сапалы біліммен қамтуға ерекше көңіл бөлініп отыр.
Жеке тұлғаны қалыптастыруда балабақшада оқу-тәрбие жұмысын жаңаша ұйымдастырып жүргізу қажет. Ол кейінгі жылдары педагогика ғылымында жиі пайдалана бастаған жаңа ұғымдардың бірі- инновациямен байланысты.
«Асыл тастан, өнер жастан
Шығады деп дарынды
Халық айтса, қалт айтпайды
Әрқашанда нанымды, » — деп Абай атамыз айтқандай, қазіргі таңда балабақша тәрбиешілері балабақша қабырғасында әр бүлдіршіннің өнерін, қабілетін анықтап, оған бағыт-бағдар беруді мақсат етеді.
Біздің балабақшада да Балалар жылы аясында бірнеше тәрбиелік бағыттағы іс шаралар, ұйымдастырылуда.
Соның бірі балалар арасында өткізілген «Көркем өнерпаздар байқауына» тоқтала кетсек. Байқаудың мақсаты – балабақшадағы өнерлі балаларды анықтап, үлкен бәйгелерге қатысуға жол сілтеу, балаларды көрермен алдына шығып үйрету, аудиторияға үйрету, ұйымдастырушылық қабілетін шыңдау, балалардың қызығушылығын, ынтасын, зейінін арттыру,
ой — өрісін кеңейту, логикалық ойлау қабілеттерін дамыту, ұйымшылдық қабілеттерін дамыту.
Ал, тәрбиелік бағыытында бұл байқау балаларды ұжымшылдыққа, жолдастыққа, алғырлыққа, белсенділікке және жеке тұлға етіп қалыптастыруға бағытталды.
Қорыта келгенде, біздің балабақша өскелең ұрпақтың болашағына мән беріп, жастарға зор үміт артады, сондықтан да өскелең ұрпаққа жол ашу үшін барлық жағдай жасалуда. Балабақша, ата-ана, тәрбиеші болып тығыз байланыста бірлесіп жұмыстанудың нәтижесінде әрбір өткізілген іс шара өз нәтижесін беріп келеді.
Гульнур Смагулова, тәрбиеші, «Күншуақ» балалар бақшасы, Көкжазық ауылы