ТҮЛЕКТЕР МЕКТЕППЕН ҚОШТАСТЫ

Мектеп бітіру кеші – түлектер үшін ең жарқын, көңіл толқытарлық, ұмытылмас мерекелердің бірі. Әдеттегідей, биыл 12 маусым күні еліміздің түкпір-түкпірінде мектеп бітіру кеші өтті. Аудандағы Шестаков атындағы орта мектепті қазақ және орыс сыныптары бойынша 31 түлек тәмамдап отыр. Аталмыш оқу ордасының оқушылары ең үздік педагогтардан білім алады. Себебі, мұнда «Алтын белгіге» ие болған төрт түлек бар.

Білім және ғылым министрінің жарлығы бойынша биылғы жылы түлектер кеші еш салтанатсыз, мектеп қабырғасында қарапайым түрде өтілді. Соның негізінде мектеп түлектері мектеп формасына сай сәнденіп, тыңғылықты дайындықтарын жоғарғы деңгейде көрсете білді.

Мектеп бітіруші түлектерге орта білім туралы аттестат табыстау кешінде аудан әкімі Б.Сағындықов пен білім бөлімінің басшысы М.Бектуров арнайы қатысты. Мектеп директоры Н.Естібаев жас түлектерді мерейлі қуаныштарымен құттықтап, ақ жол тіледі. Аудан басшысы да түлектерге сәт сапар тілеп, «Алтын белгі» иегерлеріне марапаттары мен алғашқы құжаттарын тапсырды. Сонымен қатар, барлық жас түлек мектеп басшысының қолынан орта білімі туралы аттестатын алды.

Салтанатты шара барысында түлектер өздерінің дайындаған кішігірім концерттік бағдарламасын ұсынды. Ұстаздар мен жас түлектер бір-бірлеріне алғыстарын жаудырып, көптін көңілін елжіретті.

Зейнегүл ЖҰМАБЕКОВА.