«БӨДЕНЕ БИЗНЕСІ — БІЗГЕ БӨТЕН ЕМЕС»

— дейді өз ісін сүйген кәсіпкер Бағдат Серікқожаев.

Кәсіпкер шаруашылығын өркендетуде

Бүгінгі таңда көптеген азаматтар саламатты өмір салты туралы ойланып келеді, оның ажырамас бөлігі тамақтану рационын дұрыс таңдау болып табылады. Көптеген тамақ өнімдері тағам қасиеттерінің қажетті деңгейін бере алмайды. Осыған байланысты, әртүрлі тағамдық қоспалар, дәруменді және минералды кешендер және басқа да препараттар өте танымал.

Саламатты өмір салтын қалыптастыру үшін табиғи, өзінің тағамдық құндылықтарына бай өнімді қолдану шарт. Ал оның бірден-бір көзі – бөдене тұқымдары мен еті. Олар қажетті тағам заттарының деңгейін толтыруға және қалпында ұстауға қабілетті. Көптеген тағамдық қасиеттеріне және осы тағам өнімдерінің қолжетімділігіне қарамастан, оларды дамыту Қазақстанда тарату және қолдану дамымаған. Мысалы, Жапонияда оқушылармен күнделікті бөдене тұқымдарын қолдануы мемлекеттік заңдардың қатарына қосылған. Бөденені өсіруді де алғаш қолға алған жапондықтар болатын.

Осы күнгі сарапшылардың айтуынша, алдағы уақытта бөдене тұқымдарына деген сұраныс төрт есе асады. Жобада ет нарықтары, әмбебап дүкендер, кафе, мейрамханалар және басқа да тамақтану ұйымдары арқылы өнімді өткізу ұсынылып отыр.

Ал құс шаруашылығына жататын бөдене өсіру ісі елімізде кенжелеп болса да дамып келеді. Жақын арада Алматы облысында да заманауи бөдене фермасы іске қосылады. Ескелді ауданына қарасты Ешкіөлмес елді мекенінде ірі бөдене фермасының іргетасы қалануда. Үш жылға жуық бөдене бағып, кәсіп қылып отырған кәсіпкер Бағдат Серікқожаев бұл құстың бар сырын біліп, оны бағудың қыр-сырын жетік меңгерген. Өзіме де, өзгеге де пайдамды тигіземін деген мақсатпен кәсібін кеңейту үшін бөдене өсіретін заманауи ферманы салуды көптен жоспарлаған екен. Соның негізінде 2018 жылы Ескелді ауданы әкімдігімен 103 млн. теңгеге меморандумға қол қойылып, инвестиция тартылған. Өткен жылдың көктемінде басталған құрылыс жұмыстарының дені бүгінгі күні аяқталуға жақын қалды.

Өткенде заманауи үлгіде салынып жатқан «Сәлем-Құс» ЖШС-не жол түсті. Басшысы Бағдат ағамызды әңгімеге тартудың сәті түсіп, оған қоса ферманы толығымен аралап, жұмыспен танысудың орайы келе кеткені қуантты.

– Бағдат аға, неліктен бөдене? Неге басқа құсты өсірмедіңіз?

– Тауықтың балапанын бағу бір бөлек, ал бөденені өсіру үшін біраз  тер төгу қажет екені рас. Бірақ бөдене жұмыртқасы қаназдыққа, бас және тыныс жолдары ауруларына, өкпенің қабынуына, қан қысымын реттеуге, асқазан-ішек ауруларына, тіптен бұдан да көп ауруларға ем бола алатынын білетін шығарсыз. Әсіресе, асқазан жарасы мен гастритке таптырмас ем. Дамыған елдерде бөдененің еті мен жұмыртқасы мектеп асханаларының мәзіріне енгізілген. Алайда, бізде бөдене шаруашылығы ондай деңгейде әлі дамымаған. Сондықтан бөдене өсіру бүгінгі заман талабына сай өндірістің түрі болып отыр.

– Бөдене өсіріп, жұмыртқасын сатып баю мүмкін емес дейді білетін адамдар. Бұл құс тек күнкөріс үшін ғана сияқты. Сіз не дер едіңіз?

– Негізі бұл шаруаны мен ақша табу үшін қолға алған жоқпын. Өзімнің қызығушылығым болды. Оған қоса бөдененің еті мен жұмыртқасының пайдасы өте жоғары. Кезінде бұл бизнестің түріне көп адамдар таңырқай қараған еді. Мәселе істің көзін табуда ғой. Бөденені де қолға ұстауға болады екен. Рас, бастапқыда көп қиындықтар болды. Уақыт өте келе бұл құстардың «тілін» тапқандай болдым. Жем-суын уақытында беріп, күтіміне ерекше көңіл бөлсе, бөдененің беретін табысы мол. Оған толық көзім жетті. Сол себептен, осындай заманауи ферманы туған жерімде салып,  жұртымды таза азықпен қамтамасыз етіп, отандық өнімнің керегесін кеңейткім келеді.

– Теп-тегіс жерде алып ферманы тұрғыздыңыздар. Құрылыстың басым бөлігі аяқталып қалды. Қандай қиындықтар кездесті?

– (Күлді). Қиындық көп болды ғой, әлі де күрделі мәселелер алдымыздан шығып жатыр. Осындай ірі ферманың іргетасын қалаудан бұрын, жобасын жобалаудың өзі қиын болды. Мысалы, ғимараттың сырты Қытайдан, ал ішіндегі негізгі құрал-жабдықтар Украинадан әкелінді. Жақын шет елдерден бөдене өсіруге арналған қажетті барлық құрал-жабдықтарды саралап көрдік. Ұнағаны осы украиналық өнім болды. Қазір Андрей есімді украин жігіті осында келіп орнатып жатыр. Бұл жай ғана жұмыстың оннан бір бөлігі деп айтсам болады. Ендігі кезекте жұмыртқадан бастап ары қарай құсты өсіріп, баптағанның өзі үлкен жауапкершілікті жүктейді. Сонда да еңбектенген адам табысқа жетпейді деп ойлаймын. Барымызды салып жұмыс жасап жатырмыз. Көріп отырғаныңыздай, жем-шөп цехының құрылыс жұмыстары аяқталды. Алдағы уақытта асфальт салып, көгалдандыру жұмыстарын да жүргіземіз. Бірақ алдымен негізгі бағытымызды пысықтауымыз керек. Оған қоса аудан әкімі тарапынан көп көмек көрсетілді. Бағлан Сағындықұлы аудан басшысы болып тағайындалғаннан бастап өңірдің экономикалық жағдайына басымдық беруде. Сол бізге үлкен сеп болды.

– Үйде өсіріп бастаған құстарыңыз бен осында өсіретін құстардың байланысы болады ма? Бөденені өсіру процесі қалай жүреді?

– Жоқ. Мына жерге ол жақтан құс әкелмейміз. Себебі, бөдене – өте сезімтал құс. Шақырайған жарықты, қатты дыбысты, мекендеген орнын алмастырғанды ұнатпайды. Бөгде адамдардың өздерін қызықтап қарағанын да қаламайды. Бұл жерде барлығын нөлден бастап жатырмыз.

Ісімізді жаңадан бастаған соң алдымен инкубаторға жұмыртқаларды дайындадық. Оларға 7 күннен аса сақталмаған жұмыртқалар қажет. Міне, мына инкубаторға алғашқы сынама ретінде 14 мың жұмыртқа салып қойдық. Жалпы бұл инкубаторға 50 мың жұмыртқа сияды. Бөдене жұмыртқасының инкубациясы 17 күн ішінде шығады. Бұл жерден шыққан бөденелер келесі ғимаратқа бөлме-бөлмелерге орналастырылады. Әдетте, олар бірінші аптаның өзінде салмағын үш есе қосып, бір айдың ішінде бастапқы салмағынан 15 есе қосуы мүмкін. Үш апта өмір сүрген соң оларды үлкен өмірге (взрослый рацион) ауысады. Тиісті торларға орналастырылады. Бір айлығында барып қана жынысы бойынша сортталады. Негізгі басты бағытымыз жұмыртқа өндіру, бірақ етті бағытты да қоса аламыз. Өнімдерге арналған арнайы ғимаратымыз да дайын. Жұмыстар толық аяқтала салысымен, фермаға қосымша 20-25 адам жұмысқа аламыз.

— Уақытыңызды бөлгеніңізге алғысымды білдіремін. Бастаған істеріңіз берекелі, ал алға қойған мақсат-міндеттеріңіз сенімді, қадамдарыңыз нық болсын!

Кез келген уақытта кәсіп ашып, оны дөңгелетіп алып кету айтуға оңай болғанымен, іс жүзінде оны жүзеге асыру өте қиын. Ақ тер, көк тер болып еңбек етіп жүрген Бағдат ағамыздың еңбек жолы осы сөзімізге дәлел. Алғашында үй жайында бірнеше бастан бөдене өсіруді бастаған кәсіпкер, кейіннен заманауи алып ферманы қалайды деп кім ойлаған? Осындай жетістіктерге қол жеткізіп, қандай қиындық келсе де, одан мүдірмей, еш қиындықсыз еңсере алатын, туған жерінің тауы мен тасын шексіз сүйетін азаматтың қолынан ғана келмек. Болашақта «Сәлем-Құс» ЖШС бөдене фермасы Алматы облысын сапалы азық-түлікпен қамтиды деген сенімдеміз.

Зейнегүл ЖҰМАБЕКОВА.