Экософия – экологиялық проблемаларды шешудің ежелден қалыптасқан дәстүрлі амалын ұсынады. Бұл дегеніміз — бәрімізге ортақ табиғатты сүю, аң-құсты аман сақтайтын ілім.Табиғаттың, аң-құс, жәндіктердің киесі мен қасиетін насихаттайтын аңыз-қиссаларды қайта тірілтеді. Қоршаған ортаның кие-құтын арттыру арқылы экологиялық этикетті қалыптастырады.
Норвегия философы, эколог Арне Несс 1973 жылы «экософия» терминін ойлап тауып, табиғатты қорғауда халық санасындағы аңыз-дастандарға сүйенуге үндейді. Негізгі ұстанымы: табиғаттың киелі мәніне үңілу, әр жануардың, құстың аңызын біліп, дәріптеуге шақыру. Ол балалардың қарлығашқа киелі құс деп қарауының, ал торғайды аямай өлтіруінің себебін іздеген. Егер торғай туралы да аңыз немесе ертегі болса, оны ешкім өлтірмес еді. Ғалым осылайша жануар мен өсімдік туралы ғибратты әңгімелер барда табиғатты заңның араласуынсыз-ақ қорғауға болатынын дәлелдеген.
1985 жылы осы ұғымды Тайланд экологы Нэнси Нэшем практикада қолдануды ұсынады. Жергілікті тұрғындар будданы ұстанатындықтан, осы діндегі табиғат пен жан-жануарға қатысты аңыздарды жинайды. Кітапты мектепке таныстырып, оқыта бастайды. Осы себептен 10-20 жылдан кейін Тайландтың табиғаты жақсарған екен. Адамдар жануарларға жанашырлық танытқаннан кейін олар қалаға келіп, еркін өмір сүре бастаған. Бұл жағдай елде туризмнің дамуына себеп болған.
Әділбек Нәби, Сәкен Нұрқабекұлы және Мұхит Төлеген философтардың бұл идеясын біздің қоғамға да енгізу керек деп есептеп, «Экософия немесе киелі табиғат» атты кітап шығарды. Кітап қоршаған ортаны қорғауға ғана үндемейді, қоғамда кие түсінігін қалыптастыруға да көмектеседі. Бұл кітапты қазіргі балаларға бұрынғы ата-әжелерден қалған өсиет деуге болады. Тіршіліктің киелі екенін ұғындыратын аңыздарды дәріптеудің де маңызы зор екенін түсіндіреді. Кітап қазақ фольклорындағы өсімдік пен табиғат туралы қисса-дастандарды жинақтап, табиғат, жан-жануар, экология тақырыбына жанашырлықпен қарайтын ұрпақтың санасын қалыптастырады.
Табиғаттағы кейбір аң-құстар туралы киелі аңыздар бар екенін біліп, оқып жүрміз. Мысалы, Маңғыстаудағы Оғланды тауында арқарлар емін-еркін жайылады, ешкімнен үркіп қашпайды. Адамзат баласының да оларды атуға қолдары бармайды. Себебі, оларды Бекет атаның арқары деп таниды.Оларды сақтап тұрған – Бекет әулиенің шарапаты мен киесі. Ал, басқа аймақтағы арқар мен киіктің адамның өзі тұрмақ, иісі жетсе, қаша жөнелетінін білеміз.
Халқымыз аққуды киелі санайды. Оған бір себеп – М.Мақатаевтың «Аққулар ұйықтағанда» поэмасы, Н. Тілендиевтің «Аққу» күйі, С. Сейфулиннің «Аққудың айырылысуы» поэмасы, бабаларымыздың аққуға байланысты даналық ұғымдары, теңеулері.
Қазіргі таңда табиғатты ластау, қоршаған ортаны қорлау үйреншікті құбылысқа айналып бара жатқандай. Экология мәселесі мемлекеттің ерекше назарында. Әдетте, экологтар проблеманың деңгейін көрсетеді. Мемлекет оларға айыппұл салады. Қоғам белсенділері кім кінәлі екенін анықтайды. Табиғатты ластаушылар мен браконерьлерге тосқауыл қойылуда. Экософия ғылымы да соның бір бағыты. Алдағы міндет – болашақ экологиялық сауаттылықты арттыру. Табиғаттың аң-құсы мен өсімдігі де адамзаттың ортақ дүниесі. Оны қорғау үшін жұмыла күресу әрқайсымыздың парызымыз.
Жібек Шермуханбет,
Жетісу орта мектебінің 9-сынып оқушысы