Жастар – еліміздің ертеңі, қуатты келешегі. Жалынды жастар елімізді дамыған елдердің қатарына қосатын үлкен қозғаушы күш иесі екені айтпаса да белгілі. Бүгінде өскелең ұрпаққа сапалы білім беріп қана қоймай, тәлім-тәрбиені қалыптастыруға өз үлестерін қосып, заман талабына сай қызмет етіп жүрген Мелькомбинат негізгі орта мектебінің жас мамандары жайлы сөз қозғамақпыз.
2021-2022 оқу жылында мектебімізге 13 жас маман жұмысқа орналасты. Алғашқы күннен бастап жас мамандарға тәлімгерлер тағайындалды. Қыркүйек айының басында 160 бұйрықты негізе ала отырып, тәлімгерлер күнтізбелік он күн ішінде жас мамандардың дайындық деңгейін және жеке қажеттіліктерін анықтау бойынша гугл форма арқылы жас мамандарға сауалнамалар жүргізді. Сауалнама нәтижелерін ескере отырып, оқу жылының басында жас мамандар мен тәлімгерлер бірлесіп атқаратын жылдық жұмыс жоспары құрылды.
Сондай-ақ, оқу жылының басында жас мамандарға 2020-2021 оқу жылының әдістемелік-нұсқау хаты, нормативтік құжаттар таныстырылды. Сонымен қатар, 130 бұйрықты негізге ала отырып, күнтізбелік жоспар жасалды. Жас мамандар электронды журнал талаптарымен (Күнделік.kz сайтына кіруді және журналды толтыру ережесімен) таныстырылды.
Мектебімізде үздіксіз өткізілетін «Еңбек жолыңа сәттілік, жас маман!» тақырыбында мектеп әкімшілігі мен тәлімгерлердің тарапынан жас мамандарға әдістемелік көмек көрсету мақсатында әртүрлі іс-шаралар ұйымдастырылуда.
Жыл сайын ұйымдастырылатын «Жас мамандар» апталығы өткізілді. Апталық барысында мектептің тәжірибелері мұғалімдері “Қалыптастырушы бағалау. Кері байланыс.Рефлексия”, “Блум таксономиясының танымдық деңгейлері”, “Саралау тәсілдері”, «Белсенді әдіс-тәсілдердің тиімділігі», тақырыбында шебер-сыныптар, тренингтер, дөңгелек үстелдер, көрсетілімдер Апталық барысында ұстаздық жолын бастаған жас мамандардың шеберлігін анықтау үшін жас мамандар арасында “Ал мен былай жасаймын..” атты эссе жазу байқауы өткізілді. Байқаудың мақсаты: әр жас маман өзі жақсы меңгерген әдіс- тәсілін, қолданып жүрген білім беру технологиясын, цифрлық ресурстарын немесе іс-тәжірибесіндегі ерекшелігін анықтау және тәжірибеде әріптестерімен бөлісу. Білімі мен білігін көрсеткен жүзден жүйрік жеңімпаздар қатарынан информатика пәнінің мұғалімі Даулбаева З.М. — 2 орын, бастауыш сынып мұғалімі Ануфриева С.Ю., математика пәнінің мұғалімі Ерғали Гүлзира 3-орындардан көрінді.
Сондай-ақ, жас мамандарға әдістемелік көмек көрсету және ұжымда психологиялық ахуалды қалыптастырып, ұстаздардың кәсіби құлшынысын арттыру үшін «Жарқын болашақ иесі — бүгінгі жас маман» атты байқау ұйымдастырылды. Бұл байқау жас ұстаздар арасында ұйымшылдық пен сенімділікті, жас мамандардың бір-бірімен жақын танысып, әдістемелік көмек көрсету мақсатында еркін форматта өткізілді. Байқау қорытындысы бойынша бас жүлдені химия пәнінің мұғалімі Бақытбек Мағира иеленді. 1-орынды Ұлдаханов Есен, 2-орынды Маратов Мұрат, Ерғали Гүлзира иеленсе, 3 орындардан Даулбаева Зарема, Әділбекова Айгүл көрінді.
Жаңартылған білім беру мазмұнына сай әртүрлі тиімді әдіс-тәсілдерді сабақта тиімді қолдану жолдарын көрсету үшін 28 қаңтарда жас мамандар мен тәлімгерлерге арналған “Педагогикалық шеберхана” атты фестиваль өтті. Әр жас маман мен тәлімгер осы уақытқа дейін өз педагогикалық шеберханасын қандай әдістермен толтырғанын таныстырып өтті. Жас мамандарды қолдау үшін ұйымдастырылған бұл шарада өздерінің креативті ойларын, жаңашыл идеяларын сабақ беру процесінде ұтымды қолдана білген жас ұстаздардың дайындықтары жоғары деңгейде екені айқын көрініп, барша қатысушылар мақтау қағаздарымен марапатталды.
Жас мамандардың еңбек жолына қолдау көрсету, әдістемелік көмек ұсыну, бағыт-бағдар көрсетіп, педагогикалық талантты үйретуші тәлімгер ұстаздар қауымы ұстаздардың ұстазы десек артық болмас. Білімі мен біліктілігін, шеберлігі мен жаңашылдығын көрсетіп, әрдайым жас мамандардың әдістемелік қоржынына пайдалы әрі қажетті ақпаратпен бөлісе білген жол сілтер тәлімгер ұстаздарға шығармашылық табыс тілейміз.
Үздіксіз жүзеге асатын жас маман-тәлімгер жүйесі үнемі жалғасатын педагогикалық процесс. Мектебімізде жас ұстаздарды жаңа қырларынан танып, шеберліктерін шыңдау мақсатында түрлі шаралар ұйымдастыру әлі жалғасын табары анық.
А.Ж.Косахбаева,
Мелькомбинат негізгі орта мектебінің оқу ісі жөніндегі орынбасары