Әлеуметтік желінің әлегі

Әлеуметтік желі адамдардың бір-бірімен ғаламторда тығыз қарым-қатынас орнатуына жол ашты. Тіпті оны жастардың тым артық пайдаланатыны жасырын емес. Қазір тек жастар мен балалар ғана емес үлкен кісілердің бос уақыты экран алдында өтіп жатқаны бәрімізге мәлім. Әлем тұрғындарының 60 пайызына жуығы бір-бірімен интернет арқылы тілдеседі екен. Ал бұл адамдардың шынайы өмірден алыстап бара жатқанын аңғартады.

Мектеп оқушылары және мектепке дейінгі балалар қазір ұялы телефонсыз жүре алмайды, яғни тәуелді болып бара жатыр. Ол балалардың шынайы өмірде тұйықталып адамдармен араласа алмай қалуына әкеп соғады. Баланың жүйкесінің бұзылуына да ұялы телефонның әсері жоқ емес. Күндіз-түні телефонның, компьютердің алдына отырып, интернет желісіне қараудан жалықпайтын адам айналада болып жатқан тіршіліктен бейхабар болып, жақындарымен, достарымен қарым-қатынасын үзіп, денсаулығы нашарлайды. Мектеп оқушыларының ынтасы төмендеп, өздігінен талпынбай, сабақтан қашуға әдеттенеді. Берілген тапсырманы интернеттен ала салатын бала өзі ізденбегендіктен есте сақтау қабілеті бұзылады.

“Біз мектеп қабырғасында көбінесе әдеби кітаптар оқыдық, көркем сөйлеуге дағдыландық. Қазір соның арқасында ойымызды анық әрі нақты жеткізе аламыз. Ал қазір балалар интернеттегі қысқаша мәліметтерді алып сонымен шектеліп қалып жүр. Әлеуметтік желінің пайдасы да, зияны да бар. Бала талғамай бәрін көреді. Көргенің бойына сіңіреді. Ертегілерді, ұлттық салт-дәстүрлерімізді, әдеби мұраларымызды дәріптеп, баланың санасына сіңіре білсек ол бала келешекте елге пайдасы тиетін азамат боларына сенім мол. Болашақ педагог ретінде қоғамда болып жатқан мәселелерден хабардар болғандықтан балалардың әлеуметтік желіге тәуелді болмауы үшін барымды саламын. Әдеби шығармаларды, өлең-жырларды оқығанның пайдалы екенің білетіндіктен балаларыма, оқушыларыма кітап оқуды үйретер едім”,— дейді  Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің магистранты, болашақ ұстаз Маржан Берікқызы.

Бала біздің болашағымыз. Сондықтан бала тәрбиесіне асқан жауапкершілікпен қараған жөн. Балаға әлеуметтік желіні өз орнымен, өз уақытымен қолдануды үйрету ата-ананың басты міндеті. Әлеуметтік желінің пайдасы бар, алайда зияны одан кем емес. Сондықтан пайдасын алып, зиянынан алыс болғанымыз жөн болар.

Ботагөз Ақиқат