Жетісу мектептері жаңа оқу жылына дайын

Бүгін Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздің биылғы 7 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен республикалық бюджеттің атқарылуы, сол сияқты жаңа оқу жылына дайындық мәселелері пысықталды. Жиында өзге өңірлермен қатар Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев та жаңа оқу жылына өңір мектептерінің дайындығы жайында баяндады, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Жиында Үкімет басшысы экономиканы одан әрі әртараптандыру, инвестициялық жобаларды іске асыру және жұмыс орындарын құруды жалғастыру керектігін тілге тиек етті. Сондай-ақ инфляцияны тежеу үшін қажетті құралдар бар, мемлекеттік органдар мен әкімдіктер оларды тиімді пайдалануы тиіс екенін де айтты. Ішкі нарықты жанар-жағармай материалдарымен қамтамасыз ету бойынша да нақты тапсырмалар берді.

Жаңа оқу жылына дайындық жөнінде хабарлама жасаған Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев айтуынша, аймақта 340 мектеп болса, соның ішінде үш ауысымда оқытатын мектептер жоқ. Биыл 15,9 млрд. теңгеге жаңадан 17 білім беру нысанының құрылысы жүргізілуде. Соның ішінде жыл соңына дейін 10 мектеп, жаздық лагерь және музыкалық колледж жатақханасы қолданысқа беріледі, қалған 5 нысанның құрылысы 2023 жылы аяқталады. Жылдың аяғына дейін 58 мектеп жаңартылады, оларға 2,1 млрд. теңгеге жалпы саны 90 түрлі пән кабинеттері сатып алынуда. Жалпыға бірдей білім беру қорынан әлеуметтік жағдайы төмен отбасынан шыққан 14 мың балаға мектеп формасы мен кеңсе тауарларын алуға 500 млн. теңгедей қаржы бөлінген. Жалпы облыстың білім беру саласы жаңа оқу жылына толықтай әзір. Осы жерде айта кететін жағдай, Үкіметтің № 64 қаулысына жуырда ғана енгізілген өзгерістерге байланысты аз қамтылғандар санатындағы отбасы балаларына 37 389 теңгеден берілуі қажет. Бүгінге дейін бөлінген қаржыға өңір аудандарында мектеп формалары мен оқу құралдары сатып алынғандықтан, белгіленген соманың қалған айырмашылығы ата-аналардың жеке шоттарына аударылатын болды. Сол сияқты облыста 17 мыңнан астам оқушы бір реттік ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі.

Үкімет басшысы жергілікті жерлерде оқушыларды оқулықтармен, студенттерді жатақхана орындарымен қамту, мұғалімдерді ревакцинациялау, балаларды мектепке дайындау шараларын пысықтауды міндеттеді.

Жалпы Жетісу облыстық білім басқармасының мәліметіне сүйенсек, биыл бірінші сыныпқа 12 300 оқушы қабылданды.  Балалардың қауіпсіз ортада білім алуына жағдай жасалған. Өңірдегі барлық мектептер бейнебақылау жүйелерімен қамтылған, дегенмен соның ішінде 208 мектептегі бұл жүйе қайта жаңғыртылады. Жалпы 158 мектептің бейнебақылау камералары Жедел басқару орталықтарына қосылған.  Барлық мектептерде дабыл түймелері жұмыс істеп тұр.