Кітап – адамзат баласының ғасырлар бойғы жинаған рухани байлығын сақтап, оны ұрпақтан – ұрпаққа жеткізетін құрал, өткен мен болашақтың арасын жалғап тұрған көпір.
Кітаптың қазіргі даму процесіне, біздің жеткен жеістіктерімізге, ғылым мен техниканың дамуына қосқан ролі керемет, әрі шексіз. Кітап болмаса біз қайтіп Абай мен Шәкәрімнің, Мұқағали мен Мұхтардың сырлы ойлары мен мәнді фәлсафаларын, олардан шыққан рухани шуақты сезер едік.
Жас ұрпақтың санасында туған халқына деген құрмет пен мақтаныш сезімін ұялатып, ұлттық рухты сіңіру, сондай-ақ ана тілі мен әдебиетін, тарихы мен өнерін қастерлеп, халықтың салт-дәстүрін аялай, ардақтай білуде тәрбиелеу кітаптың еншісінде
Қазіргі байланыс, ақпарат құралдары керемет дамыған заманда кейбір техника, ешқандай үрдіс технология алмастыра алмайды. Себебі, қандай-да болса дамыған құрал, техника адамның жан дүниесін, оның сезімін, психологиясын кітаптай жеткізе алмайды.
Міне, осындай мол рухани байлықтың ішінде отырған, екеуі бірігіп 40 жыл бойы Ұлылар мен Ғұламалардың, өткен ойшылдар мен замандастардың жан сезімін, ойын оқырманға жеткізіп, кітаптан ләззәт тапқан асыл жандар – Оразбаева Гүлнар мен Мажитова Райхан. Гүлнар Ибрагимқызы 1985 жылдан кітапханашы болып еңбек етіп келсе, Райхан Дүйсенқызының кітапханада істегеніне 4 жылдың жүзі болған жас маман. Бұл кітапханашылардың құшақтарында, әмиянындарда керемет байлық бар. Ол – 13688 дана кітап қоры. Екі кітапханашы осы мол байлықты өскелең ұрпаққа, жастарға үлестіріп, беріп келе жатқан «білім» елінің Атымтай Жомарттары.
Мектеп кітапханашылары жыл басындағы жоспарларына сай ай сайынғы жоспарланған іс-шараларын жоғары деңгейде өткізіп, оқышылар мен мұғалімдерге рухани азық беріп, ой-өрістерін кеңейтіп отырды. Аталған шаралардың ішінде 22-қыркүйек күні «Тілдер мерекесі» қарсаңында орыс сыныптары арасында өткізген «Ұлтым басқа-тілім қазақ » атты дөңгелек үстелі мен Ауған соғысына қатысқан жандарды кітапханаға шақырып «Ауғаныстан ардагерлеріне тағзым» атты үлкен көлемдегі іс-шаралары жоғары деңгейде өтті. Мерей той иелері Мұхтар Әуезовке 125 жыл, Д.Қунаевқа 110 жыл толуына орай кітап көрмесі ұйымдастырылып, оқырмандар көңілінен шықты. «Оқуға құштар мектеп » жобасы аясында «Жанұямен бірге кітап оқимыз» атты отбасы оқуларын ұйымдастырды. Балаларды кітап оқуға тартуға әсер ететін ең маңызды әрі басты институт ол – отбасы. Балалардың кітап оқуға деген көзқарасы, олардың оқырмандық мәдениетінің артуы көп жағдайда ересектерден алған үлгіге байланысты.
Отбасылық кітап оқу дәстүрін жаңғырту,кітапқа,сөзге ұқыпты қарау, бірлескен шығармашылық арқылы отбасын нығайту,кітап арқылы елжандылыққа және өз өлкесінің дәстүрлері және тарихына құрметпен қарауға тарту мақсатында өткізген «Жанұямен бірге оқимыз» акциясы өте жоғары деңгейде өтіп, кітап оқуға деген ынтығушылықты арттыра түсті.
Ал «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында өткізген «Менің сүйікті ертегім », «Әжемнің ертегілері» тақырыптарындағы іс-шаралары да тартымды, қызықты атмосферада өтіп, оқырман жүрегіне жол тапты. Оқырмандардың ерекше ілтипатына ие болып, қызығушылықтарын арттырған жоба — «Біз оқыдық, Сен оқы» атты оқырмандар арасында кітап алмасу Буккроссинг акциясы. «Буккроссинг» акциясының ережесі бойынша, оқыған кітабыңды басқа оқырманға ұсыну керек. Осы акция саясында кітап оқуға құштар жандар қатары едәуір көбейді.
Бүгінгі таңдағы қоғамдық өзгерістер, қоғамдық өркениеттік деңгейге көтерілу, ашық ақпараттық кеңістікке өтуі кітапханалардың жаңа бағытта жұмыс істеуін талап етеді. Осы бағытта мектеп кітапханасы мәдениет, ақпарат және білім орталығы ретінде мектеп , аудан, облыс, Республика өміріндегі оқиғалардан тыс қалмайды. Кітапхана білім беру стандарттарына сәйкес оқу үрдісіне қажетті ғылыми басылымдар, оқу-әдістемелік құралдар, электрондық оқулықтар, мерзімдік басылымдармен толық қамтамасыз етілген. Кітапханадағы 13688 дана кітаптың оқулықтары – 8304, көркем әдебиеттері – 5384 дана болса электронды оқулықтар – 196 дананы,әдістемелік нұсқаулықтар 425 дананы құрайды.
Сан түрлі мамандықтар бар, бірақ кітапханашы мамандығы өзінің өте қызықты да, тартымдылығымен ерекшеленеді. Кітапхана ақыл — білім, адамгершілік ордасы болса- кітапханашылар ешқашан жоғалмауға тиісті сол асыл қазынаның сақшылары.
Н.Нурсеитов,
Директордың әдістемелік жұмыстар жөніндегі орынбасары