Ерекше білім беруді қажет ететін оқушылар үшін инклюзивті кедергісіз орта құру

Инклюзивті білім беру баланы емес, жүйенің өзгеруін болжайды. Ол әр бала әртүрлі екенін мойындайды, ал мектептер мен білім беру жүйесі барлық оқушының жеке қажеттіліктеріне бейімделуі тиіс.

Инклюзивтілік барлығын бірдей етуге ұмтылуды білдірмейді. Ол баланың жеке қажеттіліктеріне, қабілеттері мен даму ерекшеліктеріне сәйкес келетін түрлі әдісті пайдалануды көздейді. 2019 жылы «Заманауи мектеп және инклюзивті оқыту» тақырыбында орта білім беру мекемелерінің басшыларына арналған екі деңгейлі бағдарлама бойынша 72 сағаттық курстан өттім, алған білім-тәжірибемді ұжымда бөлісіп,  нәтижесінде 2020-2021 оқу жылының  қыркүйек  айында мектебімізде «Инклюзивті қолдау»  кабинеті ашылды. Мұндағы мақсат — ерекше білім беруге  қажеттілігі бар балаларды оқыту, тәрбиелеу және дамытудың тиімді ортасын  құру. Сондай-ақ, ата-аналар мен мұғалімдерге оқыту мен тәрбиелеу әдістерін таңдауда көмектесу.Мектептің инклюзивті білім беруді жүзеге асыратын шарттарының бірі –  психологиялық-педагогикалық қолдау көрсету кабинеті. Оның жұмысы ерекше балалардың дамуына, айналамен қарым-қатынас жасауына қажет арнайы бағдарламаға негізделген және ЕБҚ бар балалармен жекелік және топтық жұмыс жүргізуге лайықты типтік мектебіндей сынып алаңы.

Инклюзивті қолдау кабинеті  сабаққа арналған жиһаздар (оқу үстелдері, орындықтар, тақта және т. б.) , сонымен қатар жеке және топтық сабақтар жүргізу үшін дамытушы жабдықтар: жұмсақ жиһаздар, пуфтар, кілем жабыны, ойыншықтар, доптар, дидактикалық және иллюстрациялық материалдар, құралдар, жазулар мен оқулықтар мен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, кабинетте  сабақ кестесі бойынша арнайы мамандардың сабақтан тыс жеке, қосымша сабақтары: психологтың, логопедтің, арнайы педагогтің, әртүрлі себептермен сыныпта оқу материалын меңгере алмайтын  ЕБҚ  бар балаларға арналған жеке оқу пәндері бойынша сабақтар жүргізіледі. Сабақ барысында арнайы мамандар баланы оқыту үшін арнайы немесе баламалы әдістер мен тәсілдерді, арнайы оқулықтар мен құралдарды және жеке дидактикалық материалдарды пайдаланады.

Өткен оқу жылында мектебімізде денсаулық жағдайына байланысты 10 оқушы үйде оқытылды. Үйден оқытылатын оқушылар мектеп тарапынан компьютерлермен қамтамасыз етіліп, тиісті көмек көрсетілді.  ОПМПК-шешімі бойынша оқушылар оқыған жоқ, бірақ мектептегі психологиялық- педагогикалық қолдау қызыметінің мамандарының диагностикасы нәтижесінде  мектепішілік үлгерімі төмен 16 оқушы анықталып,ата-аналарының өтініші, сынып жетекшісінің ұсынысы бойынша, бұл оқушыларға жалпы мектеп бағдарламасын меңгеруге көмектесу үшін арнайы мамандар (психолог, арнайы педагог, логопед) инклюзивті қолдау кабинетінде жеке және топтық түзету сабақтарын жүргізді. Инклюзия кабинеті стандартқа сай үш зонаға бөлінген:

1.Арнайы мамандардың жұмыс зонасы;

2. Балалардың оқу зонасы;

3.Релаксация (тынығу, демалу) зонасы.  

2019 жылдың  сәуір айында  білім алуда ерекше қажеттілігі бар балаларға арналңан «Жұлдызай» балалар шығармашылық фестивалінің аймақтық кезеңіне мектебімізден денсаулық жағдайына байланысты үйде оқытылатын 3 «ә» сынып оқушысы Жахан Диана жеке вокал номинациясы бойынша қатысып алғыс хатпен марапатталды. 2021 жылы Абай Құнанбайұлының 175-жылдығына орай ұйымдастырылған ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған «Жыл мезгілдері» атты IV Республикалық байқауына  мектебімізден денсаулық жағдайына байланысты үйден оқытылатын Ермұхамбет Ардақ  қатысып, І дәрежелі дипломмен, мектептегі ерекше білім беруді қажет ететін 3-сынып оқушысы  Артем Пахомов  қатынасып  жүлделі, ІІ орынды еншіледі. 2021 жылы аудандық ерекше білім алуға қажеттіліктері бар балаларға арналған «Сиқырлы әлем» байқауына қатысып, өз қолдарымен жасаған қол-өнер туындыларын көрсетіп, ерекше белсенділік танытқаны үшін мектебіміздің 3 және 2-сынып оқушылары Бекзат Сопбеков  пен Артем Пахомов  марапатталды.

2022 жылдың сәуір айында аудындық инклюзивті білім алатын оқушыларға арналған, «Әлем-ерекше балалар көзімен» тақырыбында өткен қолөнер және сурет байқауына Хамит Аянат, Әбдібек Нұртас, Сапиева Сымбат қатарлы оқушыларымыз  қатысып, жүлделі 1-2-орындарға ие болды.

2021 жылдың 30- қарашасында Алматы облысы білім беруді дамыту оқу-әдістемелік орталығы ұйымдастырған «Әдістемелік сандықша» байқауына мектебіміздің арнайы педагогі Майнұр Айдар «Психологиялық дамуы тежелген 1-сынып оқушыларына арналған» жеке дамыту бағдарламасын қорғап ІІ дәрежелі дипломмен марапатталды және облыс көлемінде өз іс-тәжірибесін таратып авторлық бағдарламасы бекітілді.

Бүгінгі таңда ерекше білім беруге қажеттілігі бар балалармен жұмыс үнемі мектепішілк бақылауда болып күн тәртібінде тұратын негізгі мәселелердің бірі болып табылады. Себебі, ерекше білім беруге қажеттілігі бар балалар қоғам өмірінен алшақтамауы тиіс. Бұл қоғам мен заман талабы. Ал, ұжымның басты мақсаты қоғам талабы  мен заман талабын орындап, осындай балаларға  шек  келтірмей  мүмкіндік  жасау.

Арнайы мамандардың әдістемелік бірлестік отырыстары ұйымдастырылып, пән мұғалімдері мен сынып жетекшілермен шебер сыныптар, семинарлар, коучингтер өткізіледі. Осы арнайы мамандарымыздың арқасында ерекше білім беруді қажет ететін оқушылар болашақта биік белестерді бағындырады деген сенімдеміз.

Р.Б.Мейрбекова, М.Маметова АОМ директоры