Бала арман

«Асқан байлық не керек, денсаулығың болмаса», — демекші, адам өміріндегі ең маңызды құндылық – денсаулық. Әрбір адам өзінің денсаулығының мықты болу жолдарын қарастыру керек. Денсаулығы жақсы адамның көңіл-күйі көтеріңкі болып, әр іске асқан құлшыныспен кіріседі. Нақты айтқанда, денсаулығы мықты адамның тәнімен қоса жаны да сау. Осы орайда, Ескелді ауданы Ешкіөлмес ауылы медорталығының бала денсаулығы жөніндегі медбикесі Шұғыла Кәдірбекқызымен сұхбаттасқан едік.

— Медицина саласы — жүрек қалауы ма?

Дәрігер болу бала кезден арманым. Кішкентай кезімде емханаға барған сайын, дәрігерлерге,  олардың жұмыстарына қызығатынмын. Сол кезден-ақ болашақ мамандығымды таңдап қойғанмын. Осылайша бала арманыма адал болып, медицина саласына оқуға түсіп, бүгінгі күні ақ халатты абзал жан атанып отырмын.

Шұғыла Кәдірбекқызының айтуынша, медицина жауапкершілігі мол сала болғандықтан, тек осы жұмысқа деген махаббатпен таңдалуы керек-дейді.

— Мамандықтың қандай қызығы мен қиыншылығы бар?

Әр істің өзінің қызығы мен қиыншылығы қатар жүреді ғой. Қиыншылығы ретінде, медицина саласына алғаш келгенде терминдерді жаттау сәл-пәл қиындық туғызған, одан кейін халықпен тікелей жұмыс істейтін мамандық болғандықтан, әртүрлі адамдармен жұмыс істеуге дайын болуың керексің. Бірақ, бұның бәрін емделушінің бір ауыз жылы сөзі-ақ ұмыттырып жібереді.

— Шұғыла Кәдірбекқызы, Сіз осы салаға келген кездегі медицина мен қазіргісінің айырмашылығына тоқталсаңыз…

Қазіргі кезде  медицина өте жақсы дамыған. Мысалы, бұрындары өтке жасалатын отаны кесіп жасайтын, 15 жіпке дейін тігетін. Қазір ол, лазерлы ота түріне ауысты. Қан шықпайды, ірің ақпайды, ауырмайды, тез 3-4 күннің ішінде жазылып кетеді. Бұдан өзге, бұрындары жүрекке жасалатын оталар арнайы шетелде жасалатын еді, қазір әр өңірде ешқандай кедергісіз жасай береді.

Медорталықтың бала денсаулығы жөніндегі медбиекесі Шұғыла Кәдірбекқызының мекемеде жұмыс атқарып жүргеніне 6 жылдың көлемі болған. Бұған дейін, ол Талдықорған қаласында хирургия бөлімінде 1,5 жыл жұмыс істеген.

— Мекемеде қанша қызметкер жұмыс атқарады? Қандай қызметтер  көрсетесіздер?

— Бұл жерде 4 адам жұмыс істейміз. Қызметеміз бойынша, 1 — дәрежелік көмек көрсетеміз. Оның ішіне, дәрі беру, екпе салу, система қою, қызу мен қан қысымын өлшеу сынды өзгеде көмектер кіреді. Сонымен қатар, ауыл арасында медорталыққа келуге денсаулығы жарамайтын жандарға, үйлеріне барып көмек көрсетеміз.

— Медициналық сақтандырумен қалай жұмыс жасайсыздар? Оны кім төлейді?

Аталмыш сақтандыруы бар азаматтар, медициналық көмекті тегін ала алады. Емханаларға ақысыз қаралады. Медициналық сақтандыруды ауғы ауыр сонымен қатар 3 жасқа дейінгі баламен отырған әйелдер, 18 жасқа дейінгі балалар, зейнеткерлер төлемейді. Бұдан өзге өз-өзін жұмыспен қамтушылар, жеке кәсіпкерлер сынды өзге де азаматтардың барлығы дерлік төлейді.

«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде»,- демекші, дәрігердің айтуынша, аурудың тез таралуының бірден-бір себебі, тазалықтың сақталмауында. Жеке бастың тазалығын сақтаған жағдайда, аурумен күресу едәуір жеңілдейді екен. Таза табиғи өнімдерді қолдану, пайдалы витаминдерге бай көкеніс, жеміс түрлерін тұтыну да иммунитетті көтереді. Сонымен қатар, денсаулыққа зиян шылым, ішімдік түрлерін қолданбау, мықты денсаулықтың бір кепілі.

— Болашақта өзіңіз сияқты ақ халатты абзал жан атанғысы келетін жастарға қандай кеңес бересіз?

Медицина саласы өте машақаты көп салалардың бірі, сондықтан болашақта осы салаға келем деушілер мамандықты тек жақсы көріп, осы жолда адал қызмет етем деп келуі керек. Қазірден бастап, адамдармен жұмыс істей алуы да маңызды. Қандай қиыншылық болса да, бастысы адамдарға пайдам тисін, ауруларынан айықсын деген жүректерінде ақ ниет болсын.

Сұхбаттасқан: Ботагөз Ақиқат, С.Демирел Университетінің 4 курс студенті