Вирусты гепатиттен сақтанудың ең сенімді жолы — алдын ала жүргізілетін профилактикалық вакцинация

Вирусты гепатиттер –түрлі қоздырғыштары өте кең таралған бауырды зақымдайтын жұқпалы аурулар тобы. Әлемде вирусты гепатиттердің 19 түрі белгілі, ал жиі кездесетің  олар А,В,С,Д,Е түрлері.

Жұғу жолдарына байланысты вирусты гепатиттер энтеральды гепатиттер және парентеральді гепатиттер болып 2 топқа бөлінеді.

Энтеральды гепатиттер – кәдімгі іш аурулары тәрізді, ауру қоздырғыш вирустар ауыз арқылы адамның ағзасына түседі, лас қол, ыдыс-аяқ, тамақ, су арқылы жұғады. Энтеральды гепатиттерге вирусты гепатит «А» және «Е» жатады.

Парентеральды гепатиттер – ауру қоздырғыш вирустар терінің немесе кілегей қабатының бүтіндігі бұзылған жерінен ағзаға түседі, жұғу механизмі – медициналық ем-шаралар (қан құю, ота жасау, босану, тіс жұлдыру, емдету, егу, кататер салу т.т.б.), есірткіні көктамырға егу, жыныстық қатынас немесе әртүрлі травмалар арқылы жұғады.  Парентеральды гепатиттерге вирусты гепатит «В», «С», «Д» жатады.  

Вирусты гепатиттерден қалай сақтанамыз? Алдын алу шаралары гепатиттердің жұғу жолдарына байланысты, «А» және «Е» гепатиттерінің алдын алу үшін қарапайым тазалық тәртібін және жеке бас гигиенасын, тамақтану гигиенасын, тұрмыстық гигиенаны сақтау қажет.

Вирусты гепатиттен сақтанудың ең сенімді жолы  — алдын ала жүргізілетін профилактикалық вакцинация.  Вирусты гепатиттердің ішінде гепатиттің «А» және «В» түріне қарсы егу жүргізіледі.

«А» вирусты гепатитіне қарсы 2 жасқа толған балалар, бұрын егілмеген 14 жасқа дейінгі балалар егіледі.Вакцинацияның толық курсы 2 егуден тұрады, 2 егудің арасы 6 ай. Жыл сайын 15 000 – 18 000 бала егумен қамтылады, егуден кейінгі бірде бір асқыну жағдайы тіркелген жоқ.

«В» вирусты гепатитіне қарсы егу 3 вакцинациядан тұрады, балаларға арасына 2 ай үзіліспен салынады, ересектерге бірінші және екінші егу арасына 1 ай үзіліс, екінші мен үшінші арасына 5 ай үзіліспен салынады.

«В» вирусты гепатитіне қарсы жаңа туған нәрестелер, ауру ошағындағы науқаспен байланыста болған адамдар, медицина қызметкерлері, жоғары және орта медициналық  білім беру ұйымдарында оқитын адамдар, қан және оның компоненттері мен препараттарын құйған адамдар (реципиенттер), алғаш анықталған АИТВ инфекциясын жұқтырғандар, гемодиализ және трансплантаттауға жататын алғаш анықталған адамдар, онкогематологиялық науқастар  егуге жатады.

Жергілікті бюджеттен жыл сайын үзбей егуге, вакцина сатып алуға жеткілікті мөлшерде қаражат бөлу арқасында,вирусты гепатиттің «А» түрлерінің азаюы тұрғындар арасында сатылы егуді жүргізудің нәтижесі болып табылады.

А.Берликожанова,      
«Ескелді аудандық санитариялық—эпидемиологиялық бақылау басқармасы» РММ бас маманы